Біз қашанда Алматымызбен мақтанамыз. 2014 жылы Алматы қаласының жасына байланысты ЮНЕСКО-ның назарын аудару мақсатында Алматы халықаралық форумының алғашқы қарары қабылданды. Халықаралық ұйым 2015 жылы «Алматының 1000 жылдық мерейтойы 2016 жылы атап өтілсін» деген шешім шығарды. Осыған орай, Алматы қалалық №5 клиникалық аурухананың бас дәрігері Болат Нұрмұрзаұлы Садықов былай дейді: «Мен дәрігер ретінде Алматы қаласында ғылыми-тәжірибелік медицинаның жақсы дамығанын тілге тиек етер едім. Мыңдаған дәрігерлер Алматы мемлекеттік медицина институты (қазіргі ҚазҰМУ) қабырғасынан білім алып шықты. Алматы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институты тек Қазақстанды ғана емес, көршілес республикаларды да жоғары санатты дәрігер-мамандармен қамтамасыз етуде.
Сызғанов атындағы хирургиялық ғылыми-зерттеу институты, кардиологиялық, урологиялық, көз аурулары, басқа да ғылыми-зерттеу орталықтары медицинаның іргелі мәселелерімен ғана айналысып қойған жоқ, сонымен қатар, өте ауыр жағдайдағы аурулардың өмірін сақтап қалды. Қаншама адамның өмірі ұзарып, қаншама сәбиге бақытты балалық шағы қайтарылды.
Мемлекет саясатының бір бағыты Қазақстан халқының денсаулығын жақсарту екендігі белгілі. Елбасы өзінің «100 нақты қадам» жөніндегі мақаласында еліміздің қарқынды дамуы үшін медициналық қызмет көрсету сапасын жақсартып, денсаулық сақтау саласы заманауи жоғары технологиялармен жабдықталуы тиіс екендігін айтқан болатын. Әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу міндеттілігі алға тартылды. Өйткені, әлеуметтік медициналық сақтандыру медициналық ұйымдардың мемлекеттік емес медициналық ұйымдар арқылы корпоративтік принципке көшуіне мүмкіндік береді.
«100 нақты қадам» Ұлт Жоспары медициналық қызмет көрсетудің жаңа тәсілін анықтап берді. Қалалық клиника Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауын басшылыққа ала отырып, көптеген жобаларды жүзеге асыруда. Емдеу-профилактикалық мекемелердің бірі саналатын аурухана медицинаның әлеуметтік сақтандыру саласында медициналық көмек көрсетуді тегін және шаруашылық есеп бойынша жүргізуді дамыту үстінде, дені сау ұлтты қалыптастыру жолында мемлекет саясатындағы басты мәселелерді жүзеге асыруға атсалысуда. Клиника заманауи технологияның көмегімен әр емделушінің денсаулығын қалпына келтіруде, сонымен қатар, қызметкерлердің білімін жетілдіру арқылы сапалы медициналық көмек көрсетуде. Аккредитациялық комиссияның шешімімен аурухана сыннан ойдағыдай өтіп, ISO 9001: 2008 Халықаралық стандарты бойынша сертификатқа ие болды.
№5 қалалық клиника республикамыздағы ЛОР-ағзаларына, жақ-бет ауруларына жоғары сапалы медициналық көмек көрсететін бірден-бір аурухана болып саналады. Жақ-бет жарақатын алғандарға, ЛОР-ағзалары бойынша дерті анықталған, сондай-ақ, стоматологиялық сырқаттарға көмек көрсетуде, күні-түні тегін хирургиялық жедел жәрдем берілуде. Бұған жақ-бет хирургиясы бойынша реконструктивтік-пластикалық оталар, құлағы ауыр еститін ересектер мен балаларға есту қабілетін жақсарту мақсатында жасалатын оталар жатады.
Заманауи медициналық технологияны жетік меңгерген, кәсіби жағынан өсуге ұмтылатын, жан-жақты білікті және тәжірибелі медицина қызметкерлерінің саны соңғы екі жылда едәуір артып келеді. Олардың республикадан тыс жерлерде білімдерін жетілдіріп келуіне мүмкіндіктер қарастырылған. «Бүгінгі таңда клиникамызда жоғары санатты 53 дәрігер, 2 медицина ғылымдарының докторы, 14 медицина ғылымдарының кандидаты жұмыс істейді», – дейді бас дәрігердің орынбасары Майя Өтегенқызы.
Клиника мамандары алыс-жақын шетелдерде, атап айтсақ Германия, Австрия, Ұлыбритания, Израиль, Оңтүстік Корея, АҚШ, Жапония, Италия, Польша, Швейцария, Түркия, Дания, Ресей және Украинаның алдыңғы қатарлы клиникаларында оқып-үйреніп, тәжірибе алмасуда. Клиника басшылары негізінен дәрігерлердің медициналық құрал-жабдықтар шығаратын елдердегі технологиялық жетістіктерді толық меңгеріп келуіне жағдай туғызады.
Мәселен, №5 қалалық клиника дәрігерлерінің жоғары кәсіби тәжірибеден өтулері нәтижесінде бүгінде олар өз беттерімен өте қиын оталарды жасау мүмкіндігіне ие. Сол себепті де аурухана мамандарының беделі жыл санап артуда. Хирург-дәрігерлер Қазақстанның түкпір-түкпіріне өте ауыр оталар жасау үшін барады. Жасалған отаның сәтті әрі кәсіби деңгейде дұрыс жасалғанын аяғынан тік тұрып кеткен жандардың ризашылығынан көруге болады. Соның бірі – Батыс Қазақстан облысы әкімінің клиника дәрігерлеріне берген алғыс хаты.
Клиниканың заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі – сапалы медициналық қызмет көрсетудің кепілі екені анық. Мұндағы дәрігерлер өз саласының жоғары санаттағы мамандары ғана емес, олар әрі үлкен жүректің иелері саналады. Аурухана қызметкерлері ай сайын жетім балалар үйіндегі балалардың оқулары үшін ашылған депозиттерді толтырып отырады. Қариялар мен соғыс ардагерлері де назардан тыс қалмайды.
2007 жылдан бастап жыл сайын дәрігерлер «Өз ісінің үздігі» байқауына қатысып, жеңімпаз атанып жатады. Клиника жұмысы кәсіпорындар арасындағы қаржылық-экономикалық көрсеткіштен рейтинг бойынша жоғары бағаланып, «Қазақстан экономикасының Даңқы» орденімен, бас есепшіміз арнайы кәсіби насихаттауда медальмен марапатталды... Саламатты өмір салтын насихаттауда клиника қызметкерлері Алматы қаласының тұрмыс-тіршілігіне белсене араласып, мәселен, флеш-моб, веложарыс, марафон, спартакиадаларда жыл сайын жүлделі орындарды иеленіп жүр.
Нұрғалым ОМАШ,
журналист
Суретте:Алматы қалалық №5 клиниканың бас дәрігері, медицина ғылымдарының докторы Б.САДЫҚОВ