• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
18 Маусым, 2016

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің бұйрығы  №403 

243 рет
көрсетілді

2016 жылғы 28 сәуір, Астана қаласы «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамының тұрғын үй құрылыс жинақтары бойынша өтемақы төлеу қағидаларын бекіту туралы «2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 8 желтоқсандағы № 972 қаулысының 10-1-тармағына сәйкес бұйырамын: 1. Қоса беріліп отырған «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамының тұрғын үй құрылыс жинақтары бойынша өтемақы төлеу қағидалары бекітілсін. 2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Активтерді басқару департаменті (А. Закирьянова): 1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді; 2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін оның көшірмелерін баспа және электрондық түрде күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға, сондай-ақ тіркелген бұйрықты алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы нормативтік-құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Республикалық құқықтық ақпарат орталығына жіберуді; 3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруды; 4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін. 3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министріне жүктелсін. 4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі Ә.Исекешев «КЕЛІСІЛГЕН» «КЕЛІСІЛГЕН» Қазақстан Республикасының Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Ұлттық экономика министрі ___________ Б. Сұлтанов ___________ Е. Досаев 2016 жылғы 29 сәуір 2016 жылғы 29 сәуір Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінiң 2016 жылғы 28 сәуірдегі № 403 бұйрығымен бекiтiлген «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамының тұрғын үй құрылыс жинақтары бойынша өтемақы төлеу қағидалары 1-тарау. Жалпы ережелер 1. Осы «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамының тұрғын үй құрылыс жинақтары бойынша өтемақы төлеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 8 желтоқсандағы № 972 қаулысының 10-1-тармағына сәйкес әзірленді және «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамының (бұдан әрі – Банк) тұрғын үй құрылыс жинақтарына салымдар бойынша өтемақы төлеу тәртібін айқындайды. 2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар қолданылады: 1) тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы шарт – «Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылыс жинақ туралы» 2000 жылғы 7 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) және тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің ішкі құжаттарына сәйкес салымшы мен тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арасындағы және (немесе) салымшы, тұрғын үй құрылыс жинақ банкі және үшінші тұлғалар арасындағы, оның ішінде банктің агенті (агенттері) арқылы жасалатын шарт; 2) тұрғын үй құрылыс жинақтарына салым (депозит) – тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы шарттың талаптарына сәйкес салымшының тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде ашылған шотына салымшы немесе үшінші тұлғалар салатын ақша; 3) тұрғын үй құрылыс жинақтарының салымшысы (салымшы) – тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы шарт жасасқан жеке тұлға; 4) өтемақы – еркін құбылмалы айырбас бағамы режиміне өтуге байланысты салымшының тиісті жинақ шотына/шоттарына немесе қарыз алушының ағымдағы шотына/шоттарына аударылуға жататын тұрғын үй құрылыс жинақтарына салымдар (депозиттер) бойынша салымшыларға және қарыз алушыларға 2016-2017 жылдар ішінде Банк төлейтін ақша; 5) қосымша келісім – өтемақы алу мақсаттары үшін салымшы мен Банк арасында жасалатын тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы шартқа қосымша келісім; 6) қарыз алушы – 2015 жылғы 19 тамыздан бастап - 2016 жылғы 30 маусымға дейінгі аралықта Банкпен банктік тұрғын үй қарызы шартын жасаған жеке тұлғаның өтініші. Осы Қағидаларда көрсетілген басқа да ұғымдар мен терминдер Заңға сәйкес айқындалған мәндерде қолданылады. 2-тарау. «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамының тұрғын үй құрылыс жинақтарына салымдар бойынша өтемақы төлеу тәртібі 3. Банк өтемақы төлеуді республикалық бюджет қаражаты және Банктің меншік қаражаты есебінен жүзеге асырады. Республикалық бюджет есебінен қаражат 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде (бұдан әрі – Кодекс) көзделген тәртіпте бөлінеді. 4. Өтемақыны есептеу 2015 жылғы 8 тамыздағы операциялық күннің соңында шотында ақша болған кезде тұрғын үй құрылыс жинақтарына салым сомасына жүзеге асырылады. Есептеу салымшының жинақ шотына/шоттарына және (немесе) кейіннен тұрғын үй қарызын алған тұлғаның ағымдағы шотына/шоттарына жүргізіледі. 5. Өтемақы алу үшін 2016 жылғы 1 шілдеге дейінгі мерзімде: 1) салымшы қосымша келісімді жасауы; 2) қарыз алушы еркін нысанда өтінішті беруі қажет. 6. Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген негіздемелер бойынша салымшының ақшасын алу туралы Банктің және (немесе) үшінші тұлғалардың өкімдерін орындау шеңберінде өтемақы аударылған күнге дейін ақша есептен шығарылған жағдайда, өтемақы төлеу аудару күні тұрғын үй құрылыс жинақтарына салымның қалдық сомасына, бірақ 2015 жылғы 18 тамыздағы қалдықтан артық емес мөлшерде жүргізіледі. 7. Салымшының 2 (екі) және одан артық тұрғын үй құрылыс жинақтарына салымы болған жағдайда, өтемақы төлеу тұрғын үй құрылыс жинақтарына әрбір салымы бойынша жүзеге асырылады. 8. Өтемақы төлеу осы Қағидалардың 13-тармағына сәйкес 2016 және 2017 жылдары тиісінше екі кезеңде жүзеге асырылады. 9. 2016 жылы өтемақыны есептеу 2016 жылғы 1 тамызға дейін: 1) салымшыда қол қойылған қосымша келісімі; 2) қарыз алушыда берілген өтініші болған кезде жүзеге асырылады. 10. 2017 жылы өтемақыны есептеу 2017 жылғы 1 шілдеге дейін: 1) салымшыда қол қойылған қосымша келісімі; 2) қарыз алушыда берілген өтініші болған кезде жүзеге асырылады. 11. Мұрагерлерге өтемақы төлеу, қосымша келісім жасамаған немесе өтініш бермеген салымшы және (немесе) қарыз алушы қайтыс болған жағдайда, мұрагер Банкке жазбаша өтініш берген және қосымша келісім жасаған кезде жүргізіледі. 12. Өтемақы төлеу: 1) тұрғын үй құрылыс жинақтары салымдары салымшысына 2015 жылғы 18 тамызды қоса алғанда берілген тұрғын үй, алдын ала тұрғын үй және аралық тұрғын үй қарыздары бойынша қамтамасыз етуде тұрған тұрғын үй құрылыс жинақтарына салымдар бойынша; 2) ақша салу күніне тұрғын үйді сатып алу-сату шарттары немесе Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 20 тамыздағы № 383 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысының 2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 28 маусымдағы № 728 қаулысымен бекітілген Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы, өңірлік тұрғын үй бағдарламалары шеңберінде кейіннен сатып ала отырып, жалға алу шарттары жасалған тұрғын үй құрылысы жинақтарына салымдар бойынша жүргізілмейді. 13. Өтемақы мөлшерін есептеу үшін 2015 жылғы 18 тамыздағы және 2015 жылғы 20 тамыздағы Астана уақытымен сағат 11-00-дегі жай-күйі бойынша «Қазақстан қор биржасы» акционерлік қоғамының таңғы (негізгі) сессиясында қалыптасқан Америка Құрама Штаттары долларына шаққандағы ұлттық валютаның (теңге) орташа алынған биржалық бағамы пайдаланды. Өтемақы коэффициенті тұрғын үй құрылыс жинақтарына салым сомасынан 35,5%-ды құрайды, оның ішінде: 2016 жылы 19,2 %, оның 12,2 %-ы республикалық бюджеттен және 7 %-ы Банк қаражатынан; 2017 жылы 16,3 %, оның 9,35 %-ы республикалық бюджеттен және 7 %-ы Банк қаражатынан. 3-тарау. Қорытынды ережелер 14. Пайдаланылмаған республикалық бюджет қаражатын қайтару Кодекске сәйкес жүзеге асырылады. 15. Банк 2016 жылдың 15 тамызына және 2017 жылдың 15 шілдесіне қарай Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігіне салымшыға және қарыз алушыға өтемақы төлеу үшін алынған қаражаттарды нысаналы пайдалану туралы растаушы құжаттарды қоса бере отырып, есепті ұсынады. Бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылғы 3 маусымда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне №13764 болып енгізілді.
Соңғы жаңалықтар