• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
18 Маусым, 2016

Илья Ильин ақырына дейін күреседі

363 рет
көрсетілді

Таяуда Илья Ильиннің Лон­дон-2012 Олимпиадасы ке­зінде рұқсат етілмеген есірткі пай­даланғаны жөнінде допинг-сынамада анықталды. Сонымен қатар, қазақстандық ауыр атлеттер Светлана Подобедова, Мая Манеза және Зүлфия Чиншанло да допинг дауының құрбанына ай­налды. Олар аталған мәселе то­­лық шешілмейінше, алдағы өте­тін жарыстардан аластатылды. Десе де, саңлақтарымыз ХОК та­ратқан мәліметке мойымай, Олимпиадаға қатысу үшін дайындықты жал­ғастыра беретінін айтып отыр. Осы ретте Сыр толағайы, әлем­ді мойындатқан Олимпия ойын­дарының екі мәрте чемпионы Илья Ильин допинг дауына байланысты өз мәлімдемесін жасады. «Бұл ақпарат төбемнен жай түскендей есеңгіретіп тастады. Халықаралық ауыр атлетика федерациясының ережесіне сай, мен туралы барлық ақпарат ха­лықаралық ADAMS жүйесінде орналасқан. Онда менің әр­бір күнім сағат-сағатпен жазылып, жат­тығуда, не басқа жерде жүргенім толық көрсетіледі. Мені допингке қарсы агенттіктің бақылаушылары оңай таба алады. Биылдың өзінде екі рет – Польшада және Алматыда допингке қарсы сынама тапсырдым. Өздеріңіз білетіндей, ешбір халықаралық жарыс допингтік тексеріссіз өтпейді. Мен де өзге спортшылар секілді, 2004 жылдан бері допингке сынақ тапсырамын. Қазір Рио Олимпиадасына дайындығымды жалғастырып жатырмын және берілетін ойым жоқ. Маған қатысты ақылға қо­нымсыз шешімнің бұрыстығын дәлелдейміз деп сенемін. Қандай шара қолданылса да, сіздердің 20 жыл бойы өмірімді спорт залында өткізіп, қан мен терім шыққанша күніне 3 рет жаттығу жасайтынымды білгендеріңізді қалаймын. Мен барлық уақытта өзіме ар­тылған жүкті сезініп, сіздердің қолдауларыңызды көріп келдім. Қазір де сол қолдауларыңыз маған қажет болып тұр. Сіздердің Илья Ильиндеріңіз», – деп жазған Илья Ильин өзінің Instagram парақ­шасында. Осы орайда, Қазақстанның ауыр атлетика федерация­сы арнайы мәлімдеме жасап, спорт­шыларымыздың өз заңды құ­қықтарын қорғаудың барлық деңгейінде және процестің әр­бір кезеңінде құқықтық көмек көр­сететінін жеткізді. Айта кетейік, жуық арада Ха­лық­аралық Олимпиада комитеті чемпиондардың Олимпиададағы марапаты мен оларды Рио-2016 Олимпия ойындарына қатыстыру жөнінде мәселені тәртіптік кеңесте қарайтын болады. Мәдениет жә­не спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбековтің айтуынша, Халық­аралық Олимпиада комитеті қа­зақстандық атлеттердің тағдырын 27 маусымда шешетін болады. Талғат РАЙЫМБЕК, «Егемен Қазақстан»
Соңғы жаңалықтар