• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
18 Маусым, 2016

«Ұлт жауһарлары» фотожинағы

257 рет
көрсетілді

Таяуда Ұлттық академиялық кі­тап­ханада мәдениет қайрат­кері, өнер­тану­шы Бахаргүл Төлегеннің кол­лекциясындағы антикварлық зергерлік бұйым­дар топтамасынан құрастырылған «Ұлт жауһар­лары» фотожи­нағының таныстырылымы өтті. Жинаққа 1000-нан астам құнды жәдігерлер мен кәдесыйлар енген. Фотожинақтан Кушан пат­шалығының археологиялық артефактілерімен, VI-XII ғасырларға жататын тарихи құндылықтармен жақынырақ танысуға мүмкіндік туды. Қазақстандағы түркі халық­тарының сирек кездесетін алтын және күміс бұйымдарының жалғыз жеке мұражайының иесі Бахаргүл Төлегеннің есімін көп­ші­лікке таныстырып жату артық. Ол – қазақы кәдесыйлардың ұлттық брендін қалыптастырған «Әдемі-Ай» компаниясының президенті. Балалық және жастық шағын Қытай Халық Республикасында өткізген Бахаргүл 1994 жылы тарихи отанына оралып, бала кезіндегі арманына қол жеткізді. Сол сәттен бастап кейіпкеріміз бойындағы бар күш-жігерін қазақтың ұлттық мәдениетін насихаттауға әрі құнды тарихи жәді­герлерді жинақтап, сақтауға арнады. Жиында «Әдемі-ай» компания­сы жайлы 20 минуттық шағын деректі фильм көрсетілді. Ізінше, Сенат депутаты, «Ауыл» социал-демократиялық партиясының төр­ағасы Әли Бектаев, Мәжіліс депутаты Серік Сейдуманов, мемлекет қайраткері, ғалым, филология ғылымдарының докторы Мырзатай Жолдасбеков фотожинақтың лентасын қиды. Жинақ 2000 таралыммен жарық көрді. Фототуындыны еліміздің кітап­ханаларынан табуға болады. Еске сала кетейік, 2011 жылы Алматы қаласында «Әдемі-ай» өнер мұражайы ашылған болатын. Ал Астана қаласындағы жаңа сауда нүктесі 30 маусымда ашылады деп күтілуде.  Ардақ САМАТҚЫЗЫ, Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің студенті