Өткен аптада Орталық коммуникациялар қызметінде «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ербол Шорманов баспасөз мәслихатын өткізіп, осы жылдың соңында халықаралық көрмеге қатысуын растаған мемлекеттердің павильондары өздеріне тапсырылатынын, соған орай бұл елдер жылдың соңынан бастап павильондарын толтыра бастайтындықтарын хабарлаған еді. Осыған байланысты компания басқарма төрағасының орынбасарын әңгімеге тартып, көрме павильондарының тақырыптық мазмұнмен толтырылуы туралы айтып беруін өтінген едік.
– Қазіргі уақытта Қазақстан павильонының тұжырымдамасы әзірленді және бекітілді. Саланың тақырыптық тұжырымдамасы «Болашақ энергиясы мұражайы» ретінде ұсынылады, – деп бастады әңгімесін басқарма төрағасының орынбасары. – Қазақстан павильоны ғимаратының 7 қабатына «Болашақ энергиясы» тақырыбы жеке-жеке бөлінеді. Яғни әрбір қабат энергия түрінің белгілі бір түріне беріледі. Мәселен ғарыш, күн, биомассалар, жел, су энергиясы және кинетикалық энергия. Сегізінші қабат тұтастай «Астана – Болашақ қаласы 2050» экспозициясына арналады.
5000 шаршы метр ауданға Ұлттық павильон орналастырылады, ол екі негізгі аймаққа бөлінеді: Қазақстанмен танысу аймағы; «Жасампаздық энергия» аймағы. Павильонның бірінші бөлігінде Қазақстанның көз тартар табиғи ландшафты, мәдениеті, тарихы, қазіргі уақыт тынысы және болашағы ұсынылады. «Жасампаздық энергия» аймағының контентін қалыптастыру бойынша жұмыс Энергетика министрлігімен бірлесе жүргізілуде. Энергетика және қоршаған ортаны қорғау саласындағы отандық ғалымдардың үздік жобаларын және Мемлекет басшысының бастамаларын, республика өңірлерінде іске асырылатын және сәтті іске асырылған «Жасыл экономика» жобалары және Токамак қазақстандық термоядролық реакторы үлгісін ұсыну жоспарлануда.
– Көрме қалашығының тақырыптық павильондарының мазмұны туралы не айтасыз?
– «Болашақ энергиясы» көрмесінің тақырыбын ашудың келесі учаскесі 2 тақырыптық павильон болады, оларды мазмұнды толтыру көрменің «Болашақ энергиясы» тақырыбымен жан-жақты үйлесім табуға тиіс. Егер басты павильонда, Қазақстан павильонында келушілер жаңғыртылған энергияның барлық түрлерімен танысатын болса, тақырыптық павильонға келушілерге энергия эволюциясы таныстырылады. Энергияның қазіргі кезеңі мен болашағын зерделеуге және түсінуге, ХХІ ғасырдың энергетикалық проблемаларын көруге, технологиялық және зияткерлік жетістікті, біздің планетаға әсер ететін энергияны тұтыну проблемаларын көруге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, ұйымдастырушылар көрменің басты мақсатына толық қол жеткізу міндетін қоюда. Олар жауапкершілікке шақырады, адамдардың табиғатқа зиян келтіруді азайтып, планетада энергия тұтынуды жоспарлауды және бақылауды үйренуге үндейді.
Көрменің тақырыптық мазмұнында үздік тәжірибелер аймағы павильоны ерекше мәнге ие. Аталған павильон кәсіби қатысушылар және турист-келушілер үшін де көрменің көркіне айналады деп күтілуде. Мұнда жаңғыртылған энергия көздерін өндіру, сақтау және тасымалдау саласындағы әлемдік 25-30 үздік тәжірибелер ұсынылады. Озық шешімдер мен технологиялар мынандай 5 негізгі санатта ұсынылады: Жаңғыртылған және балама энергия; энергиялық тиімділік; энергияны сақтау; энергияны тарату және тасымалдау; табиғи қорларды оңтайлы қолдану. Іріктеуді арнайы құрылған халықаралық іріктеу комитеті жүзеге асырады, оның құрамына бірнеше Нобель сыйлығы лауреаттары және әлемдік энергетика саласының белгілі қайраткерлері мен көрнекті ғалымдар кіреді. Бұл жұмысты Ұлттық компания халықаралық комитет хатшылығы функцияларын өзіне алған Назарбаев Университетпен ынтымақтастықта жүргізеді.
Тіркеу құжаттамасына сәйкес ЭКСПО-2017 тақырыптық мазмұны павильон шеңберінен шығып, көрме кешенінің ашық аймақтарымен толықтырылуы тиіс. Қоғамдық аймақтар «Болашақ энергиясы» тұжырымдамалық негіздеріне арналады және ЭКСПО тақырыбын ашуды жалғастырады. Көрмеге келушілер үшін жайлы, рекреациялық аймақтар құру жоспарлануда, онда олар демалып, ЭКСПО тақырыбы бойынша қосымша, қызықты ақпарат алады, сондай-ақ, қазақстандық және халықаралық суретшілердің тақырыптық экспозициялары мен инсталляцияларын және интерактивтік объектілерді көре алады.
– Атқарылып жатқан ұйымдастырушылық шаралардың өзі қыруар қаржы шығындауды қажет етеді. Осы ретте көрме жұмысына демеушілер тарту жайы қалай?
– «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ әріптестер және демеушілер тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Тек қаржылық қолдау көрсететін компаниялар ғана емес, сондай-ақ, қызметтер түріне көмек көрсетуші компаниялар да демеуші бола алады. Бұл қоғам шығындарын қысқартуға көмектеседі, осылайша бюджетке жүктемені азайтады. Мұндай компаниялар қажетті материалдар, техниканы ұсынады, белгілі бір қызметтер көрсетеді. Қазірге дейін демеушілік қаржының жалпы мөлшері 111 млн. еуроны құрайтын ірі шетелдік, трансұлттық компаниялармен меморандумдар жасалған.
– Көрменің мәдени бағдарламасы туралы не айтасыз?
– 2017 жылы Астана қаласы «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің ұйымдастырушысы ретінде, ұлттық және әлемдік мәдени ағымдарға сәйкес келетін, бірегей, әр алуан бағдарлама ұсынылатын елдің мәдени өмірінің эпицентріне және әлемдік ірі мәдениет алаңдарының біріне айналады. Көрменің мәдени-ойын-сауық бағдарламасы ЭКСПО-2017 мазмұнының негізіндегі «Болашақ энергиясы» тақырыбына байланысты құрылған. Елордада өтетін халықаралық шараның ашылу және жабылу салтанаты, күн сайынғы шеру, кешкі шоу және басқа арнайы іс-шаралармен, көрме аумағындағы мәдени-ойын-сауық бағдарламасы «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ жетекшілігімен ұйымдастырылады. Сонымен қатар, бағдарлама Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесе іске асырылатын, академиялық, ұлттық өнер бағыттары бойынша іріктелген мәдени іс-шаралардан тұратын болады.
– «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысушы елдер де өз тараптарынан мәдени іс-шаралар ұйымдастыратын болар.
– Әрине, ЭКСПО-2017-ге қатысатын әрбір елге ұлттық күндер, мәдени іс-шаралар және шоу өткізу мүмкіндігі ұсынылады. Ұлттық күндер ЭКСПО плазада өткізіледі деп күтілуде. Іс-шаралар халықаралық қатынастарға және мәдени алмасуға жәрдемдесетіндей ұйымдастырылады. Ұлттық күндер бағдарламасына келесі рәсімдерді қосу ұсынылуда: тойлаушы елге құттықтау сөздерін білдіру, ұлттық туды көтеру және мемлекеттік әнұрандарды орындау, ресми тұлғалардың сөз сөйлеуі, фотосессиялар, қонақ кітапшаларына жазбалар қалдыру. Қатысушы елдің мәдениетімен таныстыратын іс-шаралар бағдарламаның түйіні болмақ.
Бұл ретте сол елдердің белгілі әртістерін және басқа өнер өкілдерін шақыру ұсынылуда. Осыған байланысты бұл іс-шаралар форматына және ауқымына қарай Амфитеатрда, Энергия холлында, Конгресс орталығында немесе Өнер орталығында өткізілуі мүмкін. Атап айтқанда, барлық іс-шаралар 6 алаңда шоғырландырылады: Конгресс-центр, Амфитеатр, Энергия холлы, Өнер орталығы, Ұлттық күн сахнасы және Көрме аумағы. Барлық алаңдар жоғары техникалық деңгейде жабдықталады, бұл соңғы технологияларды қолданумен бірегей және ойын-сауық көріністерін ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Көрме қалашығындағы концерттік алаңдардағы іс-шаралардан басқа көрермендерге әлемге әйгілі Дю Солей циркінің көріністерін көруге, Луна-саябағын аралауға жағдай жасалып, алыстан келген шетелдік қонақтарға қазақ халқының қолданбалы өнерімен, ұлттық ойындарымен және әдет-ғұрыптарымен, этно-қалашықтағы ұлттық ас мәзірімен танысуға мүмкіндік беріледі.
Осы ретте ерекше ескеретін мәселе, халықаралық мамандандырылған ЭКСПО-2017 көрмесі Қазақстан үшін маңызды экономикалық және инфрақұрылымдық жоба екендігі анық. Ең алдымен, көрменің «Болашақ энергиясы» тақырыбының маңыздылығын тілге тиек еткім келеді.
Дүниежүзі бойынша дәстүрлі энергия көздерін пайдаланудан гөрі, баламалы энергия көздеріне басымдық таныту байқалады. Әлемдік дағдарыстың тығырыққа тірегенінен кейін, дамыған елдердің көбі мемлекеттік деңгейде бағдарламалар қабылдап, баламалы энергия көздерін табу мен пайдалану саласының дамуына жан-жақты үлес қосуы тегін емес.
ЭКСПО-2017 көрмесіне 90 мемлекет, 15 халықаралық ұйым қатысатындығын растады. Жалпы, жүзден аса мемлекет қатысады деп жоспарлануда. Ендеше, жүзден аса мемлекет үздік технологиялары мен сала жетістіктерін көрме аясында ұйыстырады. Бұл Қазақстанның баламалы энергия көздерін пайдалануда әлемдік «хаб», яғни орталыққа айналуына үлкен мүмкіндік.
Әңгімелескен
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
АСТАНА