Қарашаңырақ ҚазҰУ-дың оқытушы-профессорлар құрамы мен белсенді студенттері Елбасының Жолдауын талқылап, өз көзқарастарымен бөліскен болатын. Негізінде Жолдаудың әлеуметтік жағдайына ерекше көңіл бөлінді. Білім беру, денсаулық сақтау, тілдерді дамыту, ІЖӨ, таза ауыз сумен қамтамасыз ету және т.б. мәселелердің шешім табуы әр қазақстандық үшін аса маңызды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов Елбасының жоо-ға қойған басты талаптарын алға тартты. Жолдау негізінде екі университет дүние жүзі бойынша үздік жоо рейтингінің құрамына кіруі керек. жоо-ның 5 пайызы инновациялық қызметті атқара отырып, өндіріске ғылыми жаңалықтарды енгізсе, 30 пайызы халықаралық стандарттарға сай аккредитациядан өтуі тиіс. «Біз бар білгенімізді жинақтай отырып, Елбасы Жолдауында қойылған талаптарға жауап беруге тырысамыз», деді ректор өзінің сөзінде.
Ғылыми зерттеулердің нәтижелері мемлекеттің экономикалық жағдайын қалыптастырып, сұраныстар бойынша өндірісте қолданылуы тиіс және қоғам үшін пайдалы болғаны жөн. Ал сапалы білім беру жүйесі Қазақстанның индустриялық және инновациялық саласын дамытушы құрал ретінде әрдайым алда жүруі керек, деді қатысушылар.
Жолдауға қолдау көрсету мақсатында университеттің барлық факультеттері мен кафедраларында студенттер мен оқытушылар арасында белсенді түрде талқылау өтіп жатыр.
Айнаш ЕСАЛИ.
Алматы.