Дюссельдорф әуежайында экипаж 72 жолаушыны тастап, ұшып кеткен
Әлемде немістерді уақытты барынша бағалай білетін, сағат тілімен санасып, әрбір іске жауапкершілікпен қарайтын ұлт деп жатамыз. Енді қараңыз, Германияда бір ұшқыш сағат 22:00-де көкке көтерілу үшін ұшақ бортына жайғасып болмаған 72 жолаушыны тастап кеткен. Осыдан-ақ, неміс ұлтының уақытпен санасатынын аңғару қиын емес.
Оқиға аталған елдің Дюссельдорф қаласындағы аэропортта орын алған. Мұнда Eurowings компаниясына тиесілі ұшақ жолаушылардың бір бөлігін тастап ұшып кеткен. Негізі, 100-ден астам адам ұшу алаңына екі автобуспен жеткізілген. Солардың бірінде отырған 40 кісі әуе кемесіне мініп үлгерсе, 70-тен астамы айлақта қалып қойған. Белгілі болғандай, ұшқыш сағат 22:00-ге дейін көкке көтерілуге асыққан. Өйткені, бұл уақыттан бастап қалада түнгі ұшуларға тыйым салынады.
Айта кетейік, әуе кемесіне мініп үлгермеген жолаушылардың кейбірі діттеген жеріне автобуспен жеткізілсе, қалғандары таңертеңгі рейспен жеткізілетін болып шешілген.
Талғат РАЙЫМБЕК,
«Егемен Қазақстан»