ФУТБОЛ. Қазақстан премьер-лигасының 17-туры ойындары ойналды. Турдың басты ойыны Астанада өтті. Онда «Астана» «Ертісті» қабылдап, 1:1 есебімен тең түсті. Алматының «Қайраты» сырт алаңда «Ақтөбені» 6:2 есебімен ұтты. Басқа командалардың ойындары былайша аяқталды: «Шахтер» (Қарағанды) – «Ақжайық» (Орал) 3:1, «Жетісу» (Талдықорған) – «Тобыл» (Қостанай) 0:1, «Ордабасы» (Шымент) – «Оқжетпес» (Көкшетау) 2:2, «Атырау» (Атырау) – «Тараз» (Тараз) 1:0
ТЕННИС. Қазақстандық Ярослава Шведова Голландияда өткен көгалдағы Ricoh Open жарысының жұптық сынында жеңіске жетті. Грузиялық Оксана Калашниковамен жұп құрап сынға түскен Шведова финалда Ксения Кнолл (Швейцария) мен Александра Крунич жұбын 6:1, 6:1 есебімен жеңді.
ВЕЛОСПОРТ. «Швейцария туры» көпкүндік жарысы аяқталды. «Астана» велошабандозы Мигель Анхель Лопес жалпы есепте жарыстың жеңімпазы атанды. Финалдық кезеңді ол төртінші нәтижемен аяқтады.
ЖҮЗУ. Паралимпиадалық спортшылар арасында Германияның ашық чемпионаты өтті. Қазақстан Республикасының атынан Зүлфия Габидуллина, Әнуар Ахметов, Роман Агалаков, Ержан Сәлімгереев, Андрей Афанасьев және Нұрлан Байсеркеев қатысты. Жарыстың қорытындысы бойынша, Қазақстан құрама командасының қоржынына жеке кластар бойынша 6 алтын, 3 күміс және 3 қола медаль түсті. Сонымен қатар, абсолюттік жарыста 2 күміс және 1 қола медаль бар.
«Егемен-ақпарат»