• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
21 Маусым, 2016

Қазақтың Қалматаевы еді

758 рет
көрсетілді

Ауған соғысының ардагері, жалпы саны жиырмадан астам ордендер мен медальдердің иегері Мұрат Қалматаев Қазақстандағы журналистер арасынан шыққан тұңғыш генерал еді. Мұрат Дүйсембіұлының «адам жанының инженері» деп әспеттелетін журналист мамандығын таңдауының түп тамырында ата-анасының бойындағы адам жанына араша түсуге әзір тұратын қасиеттері жатқан сияқты. Ол кісінің әкесі Дүйсембі Қалматаев – Қазақстандағы алғашқы дәрігерлердің бірі-тін. Оның «Дүйсенбі көлі» деп аталатын көлдің емдік қасиетін өзі ашып, соның батпағымен түрлі сырқаттарды емдегені ел аузында қазірге дейін айтылады. Бұл көл күні бүгінге дейін елге шипа болуда. Бала күнінен әкесінің осындай қа­йырымды істеріне қанығып өскен әрі жаны шығармашылыққа жақын Мұрат аға мектеп бітірісімен ауыл балалары үшін мәртебесі Алатаумен теңесетін ең мықты жоғары оқу орны – Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түседі. Қазақтың талай қарымды қаламгерлерін ұшырған журналистика факультетін таңдаған Мұрат ағаның алдына қойған бір-ақ мақсаты болды. Ол – халыққа қыз­мет ету. Сол мақсатының алғашқы баспалдағы Көкпекті аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайлануынан бас­талыпты. ҚазМУ-ды жаңа бітіріп келген жас жігіттің бойындағы жігерімен бірге істің тетігін табуға деген құштарлығын тап басып таныған жергілікті басшылар жастармен жұмысты жандандыруды Мұрат ағаға сеніп тапсырды. Ол комсомолдың бірінші хатшысы жұмысында көйлек киіп, қара галстук тағып шіреніп жүрген жоқ. Қай­­та жастарға өз ісімен үлгі көрсетіп, ойдағыдай атқарды. Содан кейін бірнеше жыл аудандық «Жұлдыз» («Звезда») газетінің редакторы болды. Жас та болса университетте оқығанымен қа­тар, көкірекке түйгені көп Мұрат Дүйсембіұлы жергілікті басылымның қыруар шаруасының қисынын келтіретін шебер редактор атанды. Мұрат ағаның бұдан кейінгі еңбек жолы Семей облыстық партия коми­тетінің ұйымдастыру-партия тұрмысы бөлімінің нұсқаушысы, кейіннен бөлім мең­герушісінің орынбасары қызметімен жалғасты. Бұған дейін КСРО Орталық комитеті жанындағы Жоғары партия мектебін бітірген, әрі нағыз еңбектің қайнаған ортасынан келген Мұрат үшін бұл қызметтерді атқару аса қиынға соқпағаны анық. 1975 жылдан бастап ол Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде инспектор қызметін атқарса, 1980 жылы Қазақстан Компартиясы Орал облыстық комитетінің хатшысы болып сайланды. Негізгі мамандығы журналист Мұрат Қалматаевтың ішкі істер органындағы еңбек жолы 1983 жылы Ішкі істер министрінің орынбасары – саяси бөлімнің бастығы қыз­метінен басталды. Еліміздің ішкі тәртібін сақтау жолында жігерлене еңбек ете жүріп, ол генерал-майор дәрежесіне дейін көтерілді. Милиция генерал-майоры Мұрат Қалматаевтың ауған соғысына қатысуы жайлы айтқанда, қазақ халқының жүрек жарасына айналған Желтоқсан көтерілісіне тоқталмай кетуге болмайды. Мәскеу билігінің Қазақстан Республикасын ширек ғасыр басқарған тұғырлы тұлға Дінмұхаммед Қонаевты бір-ақ күнде қызметінен алып тастап, оның орнына қазақ деген ел бар екенін шала-пұла білетін Колбинді әкеліп отырғыза салуы қазақстандықтар үшін ашық күнде найзағай ойнағандай болды. Дәл сол 16 желтоқсан күні Ішкі істер министрінің орынбасары-саяси бөлім­нің бастығы милиция генерал-майоры Мұрат Дүйсембіұлы Қалматаев қызмет бабымен Оңтүстік Қазақстан облысында жүрген. «Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң пленумы болады, соған тезiрек жетсiн», деген суыт хабардың тегін емес екенін іші сезсе де, мәселенің мән-жайын ашып айтқан ешкім болмады. Тіптен Алматыға келген соң да аяқ астынан пленум жасайтындай не болғанын түсіне алмады. Жай кезде ұзаққа созылатын пленум бұл жолы өте тез өтті де, бір-ақ мәселе қа­ралды. Ол – Дiнмұхаммед Ахметұлы Қонаевты Қазақстан Компартиясы Ор­талық Комитетiнiң бiрiншi хатшысы қызметінен босату. Барлық саналы өмірін Қазақстанды өркендету ісіне арнаған ардақты азаматтың ұзақ жылғы еңбегіне алғыс айтқан да ешкім болмады. Мәс­кеудің бұл әлімжеттігі оны ауыр ойға қалдырды. Оның үстіне дауыс беруге құқылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетi мүшелерiнің «Қонаев­ты орнынан алуға да, оның орнына Ресейдiң Ульянов облысының бiрiншi хатшысы болған Колбиндi сайлауға да» бір ауыз қарсылық білдірмеген әре­кеттері жан дүниесін құлазытып, маза бермеді. Мұның арты Желтоқсан оқиғасына ұласты. Ол кездегі Ішкі істер министрі Григорий Князев болатын. Күні бойы алаңға жиналған жастардың алдына шығып сөз сөйлеуге ешкімнің батылы жетпеді. Ең сұмдығы – кешке қарай Барнауылдан, Свердловскiден, Ресейдiң басқа да қала­ларынан келген әскерлер алаңды қызыл қанға бояды. Мұздай қаруланған жендеттер бейбіт шеруге шығып, үкі­метке деген наразылықтарын білдірген қазақтың ұл-қыздарын аямай соқты. Ақ қар, көк мұзда жара­ланғандарды ыңырсытып машинаға тиеп, белгісіз жаққа әкетіп жатты. Бар билік Мәскеуден келгендердің қолында болды. Олар жас­тарды мұндай озбырлықтан қорғамақ түгілі қазақ генералдарын мүлде бас­шылыққа жолатқан жоқ. Іштегі жалындай лапылдаған ашу-ыза жанын өртеп бара жатса да, қолдан келер қайран жоқ. Ал, мына бір оқиғаны көзімен көрген Қалматаевтың қаны басына шапшыды. Бір лейтенант екі жендет сүйреп келе жатқан жігіттің аузынан бар пәрменімен тепкенде Мұрат аға да шыдап тұра алмады. Көмекшісі арқылы әлгі лейтенантты өзіне шақыртып алды да, бұл да әлгі лейтенантты құлақ шекеден аямай соқты. Әрине генерал бұл әрекетінің өз өміріне аямай соққы болып оралатынын білмей тұрған жоқ. Бірақ... өзі өмір бойы адал қызмет еткен партияның мына жауыздығы жанын жай таптырмады. Әрине, қазақтың жап-жас жігіттері мен қыздарын көк мұзға жатқызып қойып, тепкінің астына алған желтоқсанның сол бір ызғары жалғыз Қалматаевтың ғана емес, тамырында қазақтың қаны бар әр адамның жанын жауратқанымен, қолдан келер амал болды ма. Алаңға шыққан жастарды «бұзақы, нашақор» етіп көрсету үшін табылған бір айла – милиция қызметкерлерін жарақаттанған кейіпте госпитальға жатқызды. «Жара­ланғандардың» жағдайын білу үшін госпитальға келген Мұрат аға мұның айла екеніне көз жеткізіп қайтты. Генералдың қайда барып, не істегенін көзден таса етпеген басшылар тасадан тас атуға кірісті. Әсіресе, Мәскеуден келген генерал-полковник Елисов пен Республика Ішкi iстер министрi Князов ашық жаулық­қа көшті. Олар тіптен Қалматаевтың әр қадамын аңдытып, телефонын да тың­датқызды. Бір абыройы – ешкім оның жұмысынан мін таба алмады. Ал Одақтық Iшкi iстер министрлiгi саяси басқармасының бастығы генерал-лейтенант Гладышов қоңырау шалып, қызметі тұрмақ өзінің ата-жұрты Қазақстаннан кетуін бұйырғанда Қалматаев таңғалған жоқ. Бұл кезде оған ұлтшыл деген айдар тағылып та қойған. Билік енді генерал Қалматаевтан қалай да құтылудың жолын, оны Ауған­стандағы қырғын соғысқа жіберу арқылы тапқан сияқты. Сөйтіп, «1986 жылғы желтоқсан оқиғасы кезiндегi iсi партияның саясатына дәл келмейтiн» милиция генерал-ма­йо­ры Мұрат Дүй­сембіұлы Қалматаев 1988 жылдың қаңтар айында Ауғанстаннан бір-ақ шығады. Бірақ, «ажал келмей жан шықпас, қысыр сөзден мән шықпас» деген рас екен. Жат жерде оған бұйырған қызмет – КСРО Iшкi iстер министрлiгiнiң ауған царондойларының кеңесшiсi болды. Қызметі салмақты болғанмен, оқ пен оттың ортасында жүруіне тура келді. Мұрат ағаның қанымен біткен бір асыл қасиеті – қандай басшылық қызмет атқармасын жайлы жерде жайбарақат отыра алмайды. Мұнда да оның басқа елдерден келген кеңесшілер сияқты сырттан бақылап отыруына болар еді, бірақ Мұрат Дүйсембіұлы уақытының көбісін ату алаңында өткізді. Тыным таппай жүріп небір қаруды қолында ойнатты. Көп ұзамай тiкұшақпен таудағы батальондарды аралауға шықты. Бір қорқыныштысы мұнда тыныштыққа мүлгіп тұрған тау ішінде аяқ астынан атыс басталып кетеді. Осындай бір шабуыл кезінде Мұрат аға қатты жараланады. Ол мінген БТР минаға түсіп, аузы-мұрны жоқ мұздай темірдің ішінде қалып қойды. Ажалы жоқ екен, артынан келген құтқарушылар аман алып қалғанымен, сол қолы мен аяғы жұмыс істемей қалыпты. Госпитальда жатып ем­делгенімен саусақтары сауыға қоймады. Дәрігерлер «мүгедектік беріп, елге қайтарамыз» деп еді, елге мүгедек генерал болып қайтқысы келмеді. Ажал аузында жүрген күндер бір жылдай уақытқа созылды. Егер 1988 жылдың аяғында Ауғанстандағы кеңес әскерлерiн керi қайтару туралы жарлық шықпағанда қазақ генералының жат жерде қанша жүрері белгісіз еді. «Сүйегі жат жерде қалсын» деген қараниеттілердің қарғысынан аман қалып, елге оралған Мұрат аға біраз уақыт үйінде жұмыссыз жатты. Мұндай үн­сіздік қанша жерден жанын жараласа да, ең ауыры Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң екiншi хатшысы Марат Меңдiбаевтың өмір бойы партия үшін, халық үшін еңбек еткен, қажырлы еңбегінің арқасында генералдыққа дейін жеткен мұның тағдырына немкетті қа­рағаны болды. Қызмет сұрап алдына барғанда жат жерде қазақ генералының мәртебесін абыроймен қорғап келген, ең бастысы ажалдан аман келген білдей бір азаматқа қолдау көрсетудің орнына суық қабылдап, сұлық шығарып салғаны, басшысымақ Колбиннің: «Сен тiрi ме едiң?» дегені, Ішкі істер министрі Князевтің «жұмыс жоқ» деп сылтауратуы жүрегіне үлкен салмақ салды. Бірақ халқым деп жүрген азамат бұл сыннан да өтті. Өзіне деген осыншалықты нем­құрайдылықтан шаршап жүргенінде Семей облыстық ішкi iстер басқар­масының бастығы болып тағайындалды. Қылмыстың өршіп тұрған кезінде бү­тіндей бір облыстың қылмыстық ахуа­лын жақсарту шебер басшының ғана қолынан келері хақ. Қандай да бір проблеманы шешу үшін адам соның ортасында болуы керек, көзбен көруі керек екені қандай қажет болса, қанқұйлы қылмысты ашуда да осы әрекет ауадай қажет. Мұрат Дүйсембіұлы облыстық ішкі істер басқармасының тізгінін қолына алысымен қылмысты ашу үшін түн қатып жүретін қатардағы жедел уәкілдермен сан рет қылмыскердің соңына бірге түсті. Жар құлағы жастыққа тисе де рацияны жастанып жататын мазасыз күндердің жемісі аз болған жоқ. Көп ұзамай Семей облысы қылмыстың алдын алу және ашу жағынан алдыңғы қатарға шықты. Генерал-майор Мұрат Қалматаевтың тәртіп сақшылары мен халықтың арасына салған алтын көпірі талай тағдырды қылмыстан құтқарды. Облыс халқы оның уақытпен санаспай күндіз-түні атқарған тынымсыз еңбегін елеп, әрі оның іскерлігіне үлкен сенім артып республика Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына ұсынды. 1-2 емес бақандай 12 адаммен бәсекеге түсу оңай болған жоқ. Мұрат Дүйсембіұлы бұл таласта тамаша жеңіске жетіп, басым дауыс­пен Жоғарғы Кеңес депутаты болып сайланып, Құқықтық реформа және заңдылық жөніндегі комитеттің төрағасы болды. Өмір жолы ұрпаққа үлгі болар өнегемен өрнектелген, ұлтын жанындай жақсы көретін абзал аға да мына пәни жалғаннан өтті. Алдағы қыркүйек айындағы 80 жылдығына жетпей үлкен жүрек тоқтады. Генерал-майор Мұрат Дүйсембіұлы Қалматаевтың есімін қадірін білетіндер ешқашан ұмытпайды.  Гүлнәр ЖАПАРҒАЛИҚЫЗЫ  Алматы
Соңғы жаңалықтар