«Жұмақты жасауға болады. Бірақ оны тамұқтағыдай азапты еңбекпен ғана жасайды», дейді екен бір данагөй. Тоқтар Ералыұлы көп жылғы тынымсыз тырбану, үздіксіз ізденуді мұрат еткен адал еңбегі арқасында есімі Қазақ КСР-інің Құрметті Алтын кітабына жазылып, кәсіби тұрғыда берілетін ең жоғарғы атақ – «КСРО-ның еңбек сіңірген сәулетшісі» атағын алып, одан тәуелсіз елінің «Парасат», ІІІ дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері атанды. Абырой-атағы АҚШ, Германия, Канада, Испания, Түркия елдеріне де танылып, халықаралық сәулетшілер конгрестеріне қатысты. Көптеген игі істердің басы-қасынан табылып, ізінен ілескен жас сәулетшілердің талаптарына қанат бітіріп, дәйім шабыт сыйлап жүруі де бір ғанибет.
– Кіндік тамырымыз ауылдан ғой біздің, – дейді Тоқаң қылдырықтай жіп-жіңішке, салалы саусақтарымен темекісін тұтатып. – Ерте есейдім. Өйткені, қан майданнан ауыр жарақат алып оралған әкем екі жасқа келгенімде көз жұмды. Отбасындағы төрт баланың үшіншісі едім. Мектебімізде керемет кісілер ұстаздық етті. Әлгі мұғалімдеріміздің берген сапалы білімінің арқасында әр жылғы түлектердің 70 пайыздайы қалаған оқуларына тауы шағылмай түсетін. Мен оқуға түскен 1965 жылы Қазақ политехникалық институтының архитектура факультетіне бір орынға жеті талапкерден келді. Олай болатыны, күллі Қазақстанда бұл саладағы мамандыққа деген сұраныс көбейіп, оған қазақ жастарының да ынта-ықыласы күшейген кез еді.
Бітіргеннен кейін бес жыл білім берген ұстаздарының таңдауы соған ауып, архитектура факультетінің кафедрасына қалдырғысы келді. Ол заманда бұл ең таңдаулының ғана маңдайына бұйыратын бақыт болатын. Бірақ Тоқаң: «Жоқ, қала алмаймын, – деді. – Кеше ғана өзіммен бірге алаңда доп қуалаған жігіттерге қалай ұстаздық етемін? Не білемін, неге үйретемін? Ешқандай тәжірибем жоқ, өндірістен ләм-мим, мақұрыммын».
– Содан «KAZGOR»-ға келдіңіз ғой?
– Иә! Бірақ, ол кезде «Казгорстройпроект» мемлекеттік бас жобалау институты деп аталатын. Қалтамда диплом болғанмен, тәжірибесіз жас маманмын. Институттың қасиетті табалдырығын имене аттадым.
Менің бір артықшылығым – Владимир Николаевич Ким деген тамаша маманға тап болуым. Ол бөлімде жобаның бас сәулетшісі екен. Бұрынғы В.И.Ленин атындағы, бүгінгі Республика сарайы аталатын ғимарат авторларының бірі. Оның құрылысы енді ғана біткен кез. Владимир Николаевич әуелгі тапсырмасы бойынша жасаған жұмысымның беталысын байқаған соң-ақ жан жадыратар сөздерімен қамшылады.
Ессентукиде шипажай кешені тұрғызылуы керек екен. Оны алдында ғана біреуге тапсырыпты. Ол жасаған нұсқаны көрсетті. Қарадым. Біреудің көз майын тауысып бітірген еңбегі. Енді соған балама нұсқа жасауым керек. Басқадай етіп қалай жасасам екен деген ойға шомдым. Айналасы таулы аймақ. Ендеше, әдемі табиғатымен үйлесетін, бір-бірін әрлендіре түсетін не қажет, нені қоссам деген сауалдар көкейімнен кетпеді. Жүз ойланып, мың толғанып, бар дүниені ұмытып әртүрлі көріністерді салып әлек болып отырсам, Владимир Николаевич үнсіз келіп, желке тұсымнан қиғаштай қарап тұр екен. Бір кезде: «Ну, что, Тохтар? – деді. – Интересно, что-то получается у тебя. Давай, работай». Әрине, сондай сөзден кейін ышқынған үстіне ышқынып, одан да жақсартуға барымды салдым.
Тоқтар Ералыұлының сәулетшілік қызметі осылай басталыпты. Артынша кішігірім объекті берілген. Ол бүгінгі Наурызбай мен Бөгенбай көшелерінің қиылысында тұрған ғимарат. Шекара әскерлерінің үйі. «Мынаны өзің ғана жасайсың», дейді В.Н.Ким. Әрине, тосылып қалады. Әйткенмен, іске кіріскеннен кейін бойын батылдық биледі.
Көп ұзамай 28-панфиловшылар саябағындағы Офицерлер үйіне конкурс жарияланды. Қатысу үшін конкурстық топ құрылды. Оның құрамына бас сәулетші Лев Леонидович Ухоботов бастаған үш-төрт кісі кірді. Бәрі дерлік В.И.Ленин сарайы ғимаратына еңбек еткен тәжірибелі мамандар. Оған Кимді де шақырып еді, ол кісі: «Жаныма Тоқтарды қосамын», деді. Сөйтіп, әлгі құрамға жас маман Тоқаң да қосылды. Оларға төменгі қабаттан бөлек бөлме беріледі. Жұмыстары жөнінде ешкімге тіс жармау жағы қатаң ескертілді. Жобаны жасаушы Тоқаңның факультетте оқытқан ұстазы А.Л.Ухоботов бастаған топ жобаларын бітіріп, енді макеттеуге кірісіп кетіпті.
«Біз Тоқтар екеуміз бұларға қосылғанда не істейміз, онсыз да бітіріп қойыпты. Оданда біз тағы бір балама нұсқасын жасасақ қайтеді?», – деді Ким бас сәулетші Ухоботовқа. «Жарайды, сөйтсеңдер сөйтіңдер!», – деп Лев Леонидович елпең ете түсті.
– Сонымен, екеуміз ертеңінде-ақ Округтік офицерлер үйінің жобасына білек сыбана кірістік, – дейді Тоқаң. – Үш күннің ішінде идеямызды айқындадық. Ол – бүгінгі ғимараттың басымызда пісіп, жинақталған негізгі сұлбасы. Ол уақытта бізде екі-ақ макет жасаушы болатын. Екеуі де аналардың жұмысымен әлек. Мен жобасын сызып, разрез, фасадтарын айқындап, тездетіп бітіруге асықтым. Оның сыртында бөлімдегі жұмысым бар, оны да қоса қабат атқара жүріп жоба-нұсқамызды макет жасайтын деңгейге жеткіздік. Енді ол шаруаға жегетін ешкім жоқ болған соң, ана топта жүрген екі кісінің біреуін бізге жіберуін өтіндік. Олардың атқаратыны пластмассамен байланысты жұмыс болатын. Біз макетті пластмассамен жасап күрделендірмей, ақ қағазға ауыстырып, тездетейік дедік. Осылай ені 1,5-те, ұзындығы 2,5 метрлік кергішке аппақ макет жасадық. Ол уақытта Алматы обкомының бірінші хатшысы Асанбай Асқаров, Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті бюросының мүшесі. Сондай үлкен лауазымды тұлғаларды Алматыда соғылып жатқан іргелі құрылыс объектілеріне жауапты етіп бекітіп қоятын. Біздің кураторымыз Асекеңнің өзі екен. Қызмет орны бізге таяу жерде. Не бітірдік, қалай жасадық – ең әуелі кураторға көрсету қажет. Кабинетіне жасалған екі нұсқаны да алып бардық. Бір өзі ғана көрмей, басқалардың да ой-пікір, сарабына салу ниетімен хатшылар мен басқа да жауапты кісілерді жинады. Әуелі ана жобаны жасаушыларға кезек бердік. Ретіне қарай біз де жасалған жұмысымыз жөнінде макеттің әр бөлігі, құрылымы жайында барынша жатық, ұғынықты етіп баяндауға барымызды салдық. Асекең: «Әй, сендерге қайсысы ұнайды, кәне, қысылмай айтсаңдаршы», – деп қояды. Алайда, бәрі келісіп алғандай, «Екеуі тамаша жасалыпты, жақсы екен» деумен шектелді. «Иә, екеуі, ерекше, дегенмен, менің жанарымды айрықша арбап тұрғаны мына нұсқасы», – деп Асекең біздің еңбегімізге көз қиығын қадады. Сол-ақ екен, әлгінде ғана бірінші басшының пікірін бағып тұрған қауым, «Осы дұрыс, осы жақсы» – деп, шу ете қалды. «Иә, жолдастар, дұрыс-ақ дейік, ал Мочалин қайда? – деді. Ол Алматы қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы. – Біз бәріміз мына жерде аса мәнді мәселені талқылап жатырмыз. Басы-қасында болуға тиісті қала басшысының өзі жоқ. Болмайды, шақырыңдар».
Қалалық, партия комитеті қазіргі Төле би мен Абылай хан даңғылының қиылысында еді. Бес минут өтті ме, өтпеді ме, шақыртқан кісі жетіп келді. Мән-жайдан хабардар болуы керек. Асекең күлімсірей қарсы алды. «Так, начальник, вообще мы выбрали уже, – деді. – Какой тебе нравиться?». Ол жазған қызараңдап, әйтеуір үнсіз қалғанды қолай көрмеді ме: «Асанбай Аскарович, вот это тоже хороший, очень интересный», – деді бірінші үлгіден көз айырмай. Енді біздің нұсқаны көргенде не дер екен деп тұрғанбыз. «И это тоже хороший», – деді. «Правильно! – деді Асекең. – Мы тоже это выбрали. Все!». Одан кейін бізге бар ықыласымен бұрыла қарап: «Сендерге макетін жақсылап жасауға бір ай мұрсат беремін.
– Бұл менің өзім өз болып мемлекеттік деңгейдегі қабылдауға қатысқан алғашқы жұмысым еді. Сонда сәулет өнерінің құдірет күшін тұңғыш рет шындап сезіндім, – деп еске алады Тоқаң.
Осы жұмыстан соң әріптестерінің оған деген сенімі бұрынғыдан да нығайды. Енді топ жетекшілігіне көтерілді. Бұл дипломды маман атанғаны небәрі төрт-ақ жыл болған кез. Әрине, мақтанарлық жетістік...
«Еліміздің ең таңдаулы сәулетшілерінің бірі Тоқтар Ералиев сәулет өнеріне 70-жылдары келді, – деп жазыпты «Егемен Қазақстанда» жарияланған (13.06.2006 ж.) «очеркінде Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының академигі Ә.Тәтіғұлов. – Алматы шағын қалашықтан әлемнің ең әсем мегаполистерінің біріне айналды. Бұл түлеуге сол кездерде әлі өрімдей жас сәулетші Тоқтар Ералиевтің де қосқан өзіндік қолтаңбасы аз емес. Және оның жобалары тек идеяларының батылдығы, жаңашылдығымен ғана емес, сондай-ақ, көрегендігімен таңғалдыратын».
– Мен өзім өз болып дербес объект ретінде Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің «Дәуір» баспасының мәжіліс залының жобасын жасадым, – дейді Т.Ералыұлы. – Бүкіл сызбасы техникумның сәулетшілер даярлайтын факультетін енді ғана бітіріп келген Лена Яковлева екеуміздің қолымыздан өтті. Бұған бір жылға жетер-жетпес уақыт кетті. Оны бітірісімен тағы бір жұмысты бастап кеткем-ді. Ол бүгінгі Достық және Абай даңғылдарының бұрышындағы Саяси ағарту үйі еді.
– Бұл ғимарат 1980 жылы іске қосылды. Сол кезде маған «КСРО-ның еңбек сіңірген сәулетшісі» атағы берілді. Сонда бар-жоғы 34 жаста едім, – дейді Тоқаң.
Т.Ералыұлының бақыты – өзі сүйіп атқаратын қызметінде қолы қағылмай, алаңсыз шығармашылықпен жұмыс жасауына барынша жағдай жасалды. Бұған бір дәлел «Алатау» шипажайының жобалық нұсқасын жасау міндетінің жүктелуі. Тапсырыс беруші – СОКП Орталық комитеті. Кураторлық ететін Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті. Объект де солардікі. Кеңес Одағының ең көрікті жерлерінде салынған шипажайлар тобы құрамындағы емдеу-сауықтыру орындарының бірі болмақшы екен. 1980 жылы жобалауға тапсырыс берілді. Бар ақыл-ой, қажыр-қайраттарын сала кірісіп, жұмысты бітіргеннен кейін қастарына ОК бөлімінің бір қызметкерін қосып Мәскеуге, СОКП ОК-нің күрделі құрылыс бөліміне барды. Ол өз істерін жетік білетін, өте білікті де білімдар мамандар жиналған бөлім екен. Жұмысты қарады, жылы сөздерін айтып біраз жерге апарды. «Бірақ», деді. Сол сөздің соңынан: «Біз бұрын шипажайлардың жобасын жасағанда әлденеше нұсқасын таразылаушы едік. Солардың ішінен саралап біреуін бекітетінбіз. Мәселен, Ыстықкөлдегі шипажайды білетін шығарсыңдар?» – деді. «Білеміз. Авторы – Полянский, КСРО-ның халық сәулетшісі, КСРО Сәулетшілер одағының төрағасы», – деді бұлар. «Міне, сол кісі әлгі шипажай жобасының бір емес, сегіз нұсқасын жасады. Ал сендер, қазақстандықтар, бір нұсқамен келіп, бірден бекіте салса дейсіңдер. Бұлай болмайды, жолдастар. Алматыға қайтыңдар, екі жетіден кейін, тым болмағанда, тағы бір нұсқасын жасап әкеліңдер», – деді.
– Бұл жұма күні еді. «Бәлкім, біз Алматыға барып, екі жетіге уақытымызды созбай-ақ, осында жатып, үш-төрт күннен кейін, сәрсенбіде айтқан екінші нұсқаларыңызды дайындап әкелсек қайтеді?» – дедік деп күле еске алады Тоқаң. – «Қай жерде жасайсыңдар?» «Жатқан қонақүйімізде». «Онда, жасап көріңдер», – деді. Бас сәулетшіміз Ю.Г.Ратушный, ол кезде мен шеберхананың бас сәулетшісімін. Екеуміз айтқан сөзіміздің үдесінен шығу үшін әлденеше күн қатарынан құс ұйқыға көшіп, эскиз жасадық. Әйтеуір бітірдік-ау! Сөйтіп, келісілген сәрсенбі күні жаңа балама жобамызды көтеріп апардық. Бәрі жиналып көрді. Көздері шырадай жанып: «Слушай, здорово!» – деді бірі, «Всё нормально» – деді екіншісі.
Істің басы қалай сәтті басталса, аяғы да дәл солай үндеседі дейді. Рас шығар. Олар 1983 жылы күллі сызбаларын бітіріп берді. Сөйтіп, айтулы алып құрылыс 1986 жылы іске қосылды. Өте сапалы салынды. Содан бері отыз жылдай уақыт өтсе де жай ағымдағы сылап-сипаған жөндеулері демесе, бірде-бір рет күрделі жөндеуден өткен емес!
Ендігі жоба да мемлекеттік ауқымда ойластырылып, СОКП Орталық комитеті мен КСРО Мемлекеттік Кеңесі бірлесіп қабылдаған қаулы негізінде қолға алынған Теңіз мұнай кешенін игеруге, сол аймақты өркендетуге байланысты өте ауқымды жұмыс болды.
– Біздің алдымызға тұтастай қала тұрғызу жобасы жүктелді, – дейді ол кісі. – Жеделдетілген, барынша қысқа мерзімде бой көтеруге тиісті, вахталық тәсілмен қатынап жұмыс істеушілерге арналған кент жобасы. Біздің сызбаларымыздың негізінде кент құрылысы жедел қолға алынып, ақшаңқан үйлер бой көтерді. Арада 15 жылдай уақыт салып барғанда аңғарғанымыз, жобамыз бойынша тұрғызылған үйлер де, әлеуметтік құрылыс нысандары да күтімсіздіктен сәл көнергені болмаса, негізінен өте жақсы сақталыпты.
Әлгі кенттен кейін тұрғындары 150 мың адамға есептелген Құлсары қаласы салынуы тиіс болатын. Тоқаңдар осындай қаланың бас жоспары мен егжей-тегжейлі жобасын жасады. Оны КСРО мемлекеттік азаматтық құрылыс комитетіне (Госгражданстрой) апарып, келісімге қол қойдыруы керек еді. Бас сәулетші Ратушный екеуі мектебі, бала-бақшасы, аурухана, мәдениет үйі бар, одан кейін өздері арнайы жобалаған тұрғын үй макеттерін КСРО Мемлекеттік құрылыс комитетінің төрағасы бастаған мәртебелі сарапшылардың талқысына ұсынған.
– Әй, әріптестер, мыналарың ғажап қой! Нағыз климаттық жоба екен, – деді олар. Үйлерді үш қабатты етіп жобалаған едік. Бірден «Бітті, бекітеміз!» – деді деп темекісін құшырлана сорды Тоқаң.
Не керек, 1987 жылы өздеріне қатысты жұмысты толығымен аяқтап, сызбаларды құрылысшылардың қолына тапсырды. Әттең-айы, керемет қарқынмен басталған кешенді іс «қайта құру» дүрмегінің шаңына көмілді. Сөйтіп, Құлсары қаласы бой көтермей, қағаз күйінде қалып қойды. Әйткенмен, бір жағы солай болғаны дұрыс деп те ойлайды өзі. Неге десеңіз, сол уақытта зауыт салу жұмысымен айналысып жатқан канадалық, америкалық әріптестерімен әңгімелесті. Сонда олар: «Сендер қаланы бостан-босқа саласыңдар» деді. Әрине, білгілері келіп: «неге?» – дейді ғой. «Мұнай мәңгілік таусылмайтын бұлақ суы емес, күндердің бір күні сарқылады. Сонда тұрғызған қалаларың қаңырап бос қалады» деді. «Ал өздеріңде қалай?» «Бізде қай құрылыс та вахталық әдіске бейімделіп жүргізіледі. Мысалы, Канаданың солтүстік аймағында мұнай өндіріледі. Онда еңбек ететін кісілерді арлы-берлі ұшақпен тасиды. Бұл сендердегі секілді қала тұрғызғаннан әлдеқайда арзан әрі үнемді тәсіл емес пе?» – деді.
Кейін Тоқаң бүкіл саналы өмірін өткізіп келе жатқан «KAZGOR» әлгіндей көкейге қонымды ой айтқан америкалықтар үшін Атырау қаласында қос қабатты коттедждер қалашығын жобалады. Сонда америкалық Портленд қаласындағы «YGH» дейтін жобалау фирмасымен бірлесе жұмыс істеді.
Америкалықтармен бірлескен жобаларымыз басталатын 1997 жылға үлкен дайындықпен келдік. Алайда, біздің өзгелерді зор санап, өзімізді кем көретін осал тұсымыз бар ғой. Мәселен, америкалықтар: «Сіздерде осындай нөмірлі компьютерлік «Автокад» бағдарламасы бар ма?» – дейді. Сөйтсек, біз олардан бір жылдай алға озып кетіппіз. Содан кейін байланысымыз күшейе берді. Астана қаласы елордамызға айналған соң өзіндік ажарын айшықтайтын нысандарға арналған конкурстар халықаралық сипат алды. Солардың әуелгісі «Бәйтеректің» жанынан салынуға тиісті алты жүз мың шаршы метрлік «Нұрсая» тұрғын үй кешені болатын. Конкурсқа қатыстық, ұтып алдық. Арада екі жыл өткенде осындай конкурс Алматыда да ұйымдастырылды. Оған алты-жеті алматылық фирма қатысты. Мерейіміз үстем болды. Жеңіп алған жобамыз қалалық әкімшілік үйінің жоғарғы жағындағы көпфункционалды «Нұрлы Тау» кешені еді. Стратегиялық зерттеулер институтының үйі де, Ақпараттық технология паркі де біздің жанкешті шығармашылық ізденістеріміздің жемісі. Одан кейінгі Алматы циркінің іргесіндегі «Рахат-Тауэрс» бизнес орталығының жұмыстық сызбаларын артық-кемсіз екі жылдай жасадық.
2004 жылы «KAPITALPARTNERS» деген инвестициялық фирманың өкілдері келді. Олар қаржы орталығын жобаламақшы екен. Бұрын сондай бір жұмысты дүниежүзіндегі ең танымал америкалық «SOM» фирмасы жүргізген. Тарихы өткен ғасырдың 36-шы жылынан басталатын фирма. Олардың да ұсынысы – бірге жұмыс жасау. Қуана келісіп «Есентай-Тауэрс», «Есентай-Моол» және тау жақ беттегі банк ғимараттары – міне, солардың бәрінің жобалау жұмыстарына атсалыстық. Атырау қаласы орталығында бой көтерген ғимараттар да біздің еншімізде. Биыл Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласындағы «Аттар саябағын» жобаладық. Міне, осыдан-ақ қазақстандық сәулетшілердің әлемнің қай еліндегі әріптестерімізден де кем еместігін білуге болар. Мысалы, ЭКСПО-2017 құрылысының бір жобасына шетелдіктері және біздікі бар 60-тан астам фирма қатысқан. Біз солардың арасында алғашқы ондықта жүрдік. Америкалықтар ұтып алған еді. Олар жергілікті серіктес етіп бізді таңдады. Қазір бірлесе жобалап жатырмыз, – дейді Тоқаң.
Тоқтар Ералиевтің жұмысына байланысты әңгімесін өз аузынан тыңдауға қатарынан әлденеше күн әдейілеп барып жүрдім. Кеуде керіп айтатын қаншама айтулы шаруалар жасағанына, қазақ сәулет өнерінің ілгерілеп дамуына айрықша үлес қосқанына тәнті болдым. «Біз» деп сөйлейді. Сексен бес жылдық тарихы бар «KAZGOR-ды» алға ұстайды. Әрдайым кәдуілгі қарапайым қалпы мен жұмысбасты жағдайына, өзгермейтін көңіл күйіне куә болдым. Уақытты алтынға балайды екен. Өте мәдениетті. Қарапайым. Талапшыл. Әсіресе, өз-өзіне келгенде қатал.
Ақиқатын айтқанда, ол кісіні ерекше тұлға деп білдім. Дәл солай екендігіне Ә.Тәтіғұловтың өзіміз жоғарыда тілге тиек еткен «Сәулетші» портреттік очеркіндегі деректерін оқыған кезде көзім тағы да жете түсті. 1988 жылы әрбір шығармашылық Одаққа он орын бөлінген нағыз демократиялық сайлауда он бес одақтас республикалардың аттары әлемге әйгілі сәулетшілері арасынан, Компартия мүшесі еместігіне қарамай, жабық дауыспен бесінші болып, депутаттық мандатты иеленді. Иеленіп қана қоймай, КСРО Жоғарғы Кеңесі Сәулет және құрылыс жөніндегі комитетінің мүшесі болады. Уақытпен бірге ел астанасы да өзгеретінін сезді ме екен, 1995 жылы Байыр Досмағамбетов, Қалдыбай Монтахаев, Серік Рүстембеков, Сәрсен Жүнісов сынды сәулетшілермен бірлесе кірісіп, келешек Астананың бас жоспарының концепсиясын жасайды. Бірақ Тоқтар Ералыұлы, былайғы ел онсыз да білетін шығар деді ме, бұлар туралы ауызға алмады...
Талғат АЙТБАЙҰЛЫ,
жазушы
АЛМАТЫ