Жарқайың ауданының орталығында 70 орындық жаңа емхана пайдалануға берілді.
Бұл мекеме «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламасының «Дәрiгерлiк амбулатория, фельдшерлiк-акушерлiк пункт және емхана құрылысы» жобасы шеңберінде тұрғызылды. Жобаның жалпы құны 2 млрд. 916 млн. теңгені құрайды. Денсаулық кешені тәулiгiне 70 адамға қызмет көрсете алады.
Жұртшылықты құттықтау сөзінде аудан әкімі Асқарбек Үйсінбаев Астана күні мерекесі қарсаңында ашылған әлеуметтік нысанның маңызы орасан екендігін айта келіп, құрылысты сапалы жүргізген «Уральскстройинвест» ЖШС ұжымына алғыс сезімін жеткізді.
Заманалық медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген емхананың көпсалалы дәрігерлері көмекке жүгінген кісілерді қабылдай бастады.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы,
Жарқайың ауданы