Халықаралық олимпиялық комитет (ХОК) бүгін Лозаннада өткен саммитте Халықаралық жеңіл атлетика комитетінің (IAAF) Ресей құрамасын Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиялық ойындардан шеттету туралы шешіміне қолдау көрсетті.
ХОК-тің шешімі ұсыныстық сипатта айтылады. Осы екі аралықта Бүкілресейлік жеңіл атлетика федерациясы IAAF шешімін қайтартып алу үшін Лозаннадағы Спорт арбитраждық сотына (CAS) талап-арыз бермекші болып отыр. Мұндай аппеляцияны кез келген спортшы бере алады.
ХОК басшысы Томас Бах Ресей олимпиялық құрамасының Ойындарға қатысудан шеттетілмейтінін жеткізді. Бұған қоса, ол Ресей жеңіл атлеттерінің Риода өнер көрсетіп қалуын жоққа шығарған жоқ.
«Ресейдің әрбір атлеті Олимпиялық Ойындарға қатысуға рұқсатты тек халықаралық спорт федерацияларынан ала алады. Ойындарға жіберілген ресейлік спортшылар оған Ресей командасының, Ресей Олимпиялық комитетінің мүшесі ретінде қатысады», деді ол.
Осы аралықта Ресей мемлекеттік думасында елдің спорт министрі Виталий Мутконы қызметінен босату туралы мәселе көтеріліп жатыр. Оған Олимпиялық құраманы допинг дауынан сақтап қала алмау мен Ресей құрамасының Еуропа чемпионатында нашар өнер көрсетуі секілді айыптар тағылып жатыр.
Талғат Райымбек.
Дерек, фото: Lenta.ru.