Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Президент Әкімшілігінің басшылық құрамымен кездесті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
Кездесу барысында Қазақстан Президенті Президент Әкімшілігінің Басшысы қызметінде атқарған жұмысы үшін Н.Нығматулинге алғыс айтты және алдағы парламенттік қызметіне табыс тіледі.
– Соңғы екі жылда елде жоғары деңгейде ұйымдастырылған президенттік және парламенттік сайлаулар оң бағаға ие болып, халқымыздың ауызбіршілігін көрсете білді. Н.Нығматулин ұзақ жылдар бойы менімен бірге жұмыс істеп келеді. Ол істі білетіндігі және кәсіби білігі арқылы барлық салада қойылған міндеттерді шеше алды, – деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев кездесуге қатысушыларға Президент Әкімшілігінің жаңа Басшысы Ә.Жақсыбековті таныстырды.
– Ол бұған дейін де осы қызметте болып, әртүрлі лауазымдарды атқарды. Бұл бағытта орындалып жатқан міндеттерге байыптылықпен қарайтын тәжірибелі адам қажет, – деді Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы тапсырмалардың орындалуына тиімді бақылау жүргізудің маңыздылығын айта келе, Президент Әкімшілігі жұмысының басымдығы бар бағыттарын атап өтті.