Медициналық сақтандырудың тиімді тетігі хақында
Денсаулық зор байлық екенін жұрттың барлығы да түсінеді. Қазекем де «Отбасына ауру кірді дегенше, әлек кірді десеңші» деген ғой. Бұл даналықты кеңірек түсінсек, халықтың денсаулығы мықты болса, мемлекет те экономикалық-әлеуметтік жағынан күшейеді. Түрлі аурулар көбейіп, халық денсаулығы нашарласа, мемлекет тарапынан оған бөлінетін шығындар да шаш етектен шықпақ. Ал мемлекет үшін басты байлық адам екенін еске алсақ, халық денсаулығының маңызы материалдық шығыннан да жоғары тұрады. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі (МӘМС) халық денсаулығын жақсартудың дүние жүзінде қолданылып отырған тетіктерінің бірегейі десек болады. Сондықтан, Елбасы өзінің Ұлт Жоспарын жүзеге асырудың нақты 100 қадамында осы мәселеге нақты көңіл бөлген болатын. Ал бұл мәселені жүзеге асыруды түсіндіру, халықпен ақылдаса шешу еліміздегі демократиялық дамудың көрінісі екені тағы айқын.
Осы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселесін түсіндіру мақсатындағы сапармен облысқа Республикалық туберкулез проблемалары ұлттық орталығының директоры Жұмағали Исмайылов келді. Облыс өңіріндегі ауруханалар мен емханалар бас дәрігерлеріне, аудан, қала әкімдерінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасарларына, ведомстволар басшыларына әлеуметтік саладағы реформаның бірі болып табылатын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу туралы кеңінен айтып берді. Жұмағали Қазыбайұлы алдымен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі не үшін керек екендігін түсіндірді. Елімізде өткен жылы «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заң қабылданды. Елбасы тапсырмасымен бұл жүйе 2017 жылдан бастап жүзеге асырылады. Енді алдымен «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге не себеп болды?» деген сауал ертең жарна төлеуге тиісті әркімнің көңілінде тұрғаны анық.
Бүгінде дүние жүзіндегі мемлекеттердің барлығы да бір кеменің үстіндегі жолаушы іспетті. Жер шарының өзге өңірлері секілді, бізде де инфекциялық емес аурулардың көбеюі, денсаулық сақтау саласын заманауи технологиялармен, жабдықтармен қамтамасыз ету және қартайған адамдар санының артуы мемлекет тарапынан көп шығынды талап етеді. Осы проблемаларды шешудің барлығы да қосымша қаржыландыру көзін керек етеді. Денсаулық сақтау саласын қаржыландыру жөнінен Қазақстан көрші Ресейден де, Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымына мүше елдерден де артта қалып қойды. Бізде бұл салаға ішкі жалпы өнімнің 3,5 пайызы ғана бөлінсе, Ресейде бұл көрсеткіш 5 пайыздан астам, ал ЭЫДҰ елдерінде 9 пайызға жақын. Денсаулық сақтау проблемасы жөніндегі жауапкершілік мемлекетке де, онда өмір сүріп жатқан адамдардың барлығына да ортақ болуы тиіс. Денсаулық сақтау саласын қаржыландыруды әртараптандыру, озық елдердегі секілді, халықтың өмір сүру деңгейін көтереді.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне әлі де «бұл қалай болар екен?» деген екіұшты көңілмен қарайтындар бар. Оны жоққа шығаруға болмайды. Себебі, ел тәуелсіздігінің алғашқы кезеңінде, анығырақ айтсақ, 1996-1998 жылдары міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру реформасы қолға алынған болатын. Бірақ сәтті болған жоқ. Өйткені, жоспарлы экономиканың орнына нарық келіп, экономиканың дағдарып тұрған кезінде медициналық сақтандыру қорына кірістер жинау деңгейі жеткіліксіз болды. Көптеген кәсіпорындар жарнаны төлей алмады, шамамен халықтың төрттен бірі жарна аудармады. Жұмыссыздықтың көбеюіне орай, халықтың белсенді емес бөлігі үшін жарналардың тиісті мөлшерін аудару жергілікті бюджетке салмақ түсірді. Ең соңында медициналық сақтандыру қоры медициналық ұйымдар алдында қарызға батты. Осыдан келіп, қордың атына сыбайлас жемқорлық және жиналған қаражатты бет алдына шашу секілді кінә да тағылды. Ал қазір уақыт басқа, экономикалық әл-қуатымызды да бұрынғы дағдарыс жылдарымен салыстыруға болмайды, шүкірлік етеміз. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдеріндегі және халықаралық озық тәжірибеден үйрене отырып, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге толық негіз бар.
Адамдар Қазақстан Республикасының «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңына сәйкес өз денсаулығын құнттауда екі пакеттің белгіленгенін білуі тиіс. Оның біріншісі базалық немесе мемлекет тарапынан кепілдендірілген медициналық көмек. Ол толықтай республикалық бюджет есебінен қаржыландырылады. Мұндағы медициналық көмек түрлеріне жедел медициналық жәрдем, санитарлық авиация, әлеуметтік мәні бар аурулар, төтенше жағдайларда көрсетілетін көмектер, жаппай егу секілді басқа да бірқатар көмектер жатады. Ал екінші пакет міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі есебінен қаржыландырылады. Бұл пакет бойынша адамдарға көрсетілетін амбулаториялық-емханалық көмек, стационарлық және оны алмастыратын көмек, жоғары технологиялар қолданылатын медициналық көмек түрлері қамтылады. Бұл көмек түрлері әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушы азаматтарға тиесілі әрі қолжетімді болмақ. МӘМС жүйесі мемлекеттің, жұмыспен қамтушының және жұмыс берушілер мен өзін-өзі еңбекпен қамтыған азаматтардың міндетті сақтандыру төлемдерінен құралатын болады. Жарна төлеуден еліміздегі 15 санаттағы азаматтар босатылады. Олардың ішінде Ұлы Отан соғысына қатысқандар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алған аналар, зейнеткерлер, мүгедектер, жүкті әйелдер, әскери қызметшілер, тағы басқалар бар.
Жұмағали Исмайылов келесі жылдан бастап өмірімізге енетін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі не береді деген сұраққа тоқталды. Көптің көкейіндегі нақты мәселе де осы болса керек. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгенде адамдардың амбулаторлық ем қабылдауға, алғашқы медициналық-санитарлық көмек алуға қолжетімділігі артады және дәрігерлер жүктемесі азаяды. Қазір денсаулық саласында кадрмен қамтамасыз етудің алалығы, кезек күту секілді көріністердің барлығы рас. Мысалы, стационарлық ауруханаларда дәрігерлер жеткілікті. Ал емханаларға барған науқас күн ұзаққа дәрігерлер есігін күзетумен отырады. Өйткені, емханаларда жалпы практикадағы бір дәрігерге 2000 адамнан жүктеме келеді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу арқылы Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы елдеріндегі стандарттарға жуықтатып, әр дәрігерге жүктемені 2000 адамнан 1500 адамға дейін төмендетуге қол жеткізілетін болады. Әрине, жүктеме азайғанда ем сапасы жоғарылайтын болады.
Екіншіден, денсаулық сақтау саласын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы қаржыландырғанда адамдарды амбулаторлық дәрімен қамтамасыз ету қызметі жақсарады. Қазір бұл үшін еліміздегі әр адамға мемлекет тарапынан 46 АҚШ доллары көлемінде қаржы жұмсалады. Ал мұны алдағы уақытта халықтың жан басына шаққанда 186 АҚШ доллары көлеміне жеткізу мақсат тұтылып отыр. Науқастардың тегін дәріге қолжетімділігі де артатын болады. Бұл халық денсаулығының жақсаруына ықпал етеді.
Үшіншіден, кадр дайындау ісі жақсарады. Әдетте, қай саланың да жұмысын білікті кадрлар ілгерілетеді. Медицинада бұл сөздің маңызы арта түседі. Қазір үздік кадрлар медицинадағы оңалту, қалпына келтіру бағытында дайындалуы тиіс. Өйткені, қазір дүние жүзінде медицина аршынды адыммен дамып отыр. Ауруханаларда жоғары және күрделі технологиялармен жүрекке, тағы басқа да органдарға операциялар жасалады. Операция жасау бар да, оның нәтижесі бар. Сол үшін науқасты оңалту қызметі халыққа кеңінен қолжетімді болуы тиіс.
Жұмағали Исмайылов журналистердің «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуге жергілікті жерлердегі дайындық барысы қалай?» деген сұрағына да жауап берді. Бүгінге дейін еліміздің барлық шалғайында көп жұмыстар атқарылды. Ең бастысы, денсаулық сақтаудың бірыңғай ұлттық жүйесі енгізілді. Осыдан бес жыл бұрын басталған бұл жүйе қазір жақсы қалыптасып үлгерді. Осының арқасында халыққа көрсетілетін медициналық қызметтің дені орталықтандырылды. Облысаралық медициналық тарифтерді бірыңғайлап, теңестіріп отыратын комитет те жұмыс істейді. Алайда, әлі де шешімін күткен мәселелер жоқ емес. Мысалы, әлеуметтік маңызды аурулар, халықтың психикалық, наркологиялық денсаулығы жергілікті атқарушы органдардан әкімшіліктендіріледі. Өйткені, туберкулез, психикалық, жұқпалы аурулар әзірге жергілікті бюджеттен қаржыландырылады. Мұны да алдағы уақытта республикалық деңгейде орталықтандыруға дайындық жүріп жатыр.
Жұмағали Қазыбайұлы Қостанай облысында денсаулық сақтау саласындағы өте өзекті реформаның жүргізілуіне аса қиындық тумайтындығын айтты. Жалпы, еліміздің денсаулық саласында міндетті әлеуметтік медициналық жүйенің енгізілуіне кадрлар даярлау өзекті мәселе болса да, Қостанай бұл жөнінен алдыңғы қатардағы облыс. Мұнда даярлығы жақсы, әлеуеті жоғары деңгейдегі кадрлар ресурсы бар. Саланың инфрақұрылымы да мақтауға тұрарлық. Бірыңғай ұлттық жүйе жақсы жұмыс істеп тұр. Жұмағали Исмайылов кездесуді түйіндей келе, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу, қор жұмысын жетілдіре түсу нәтижесі бүгіннен басталған жұмыстарға, яғни кадрлар даярлау, менеджмент, көрсетілген медициналық қызмет, әдістемелік жұмыстар деңгейіне байланысты екенін айтты. Тағы бір құлаққа жағымды ақпарат, сақтандыру қорындағы қаржының бөлінуі, мөлдірлік, істің сапалық нәтижесін бақылау үшін жүргізілетін жұмыстарға азаматтық қоғам, яғни үкіметтік емес ұйымдар тартылады. Мұның болашақта міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің қалыптасуына шетелдік озық тәжірибелерді тартумен деңгейлес жақсы әсері болады деген сенім бар.
Түсіндіру жұмысы алдағы уақытта тек дәрігерлер, медициналық ұйымдар арасында ғана емес, кәсіпорындарда жүргізілмек. Денсаулық сақтау саласын қосымша қаржыландырудың игілігін әр адам көру үшін оған үлес те қоса білуі тиіс.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ