Өнер академиясының 5-курс студенті Шах-Ахмет Ермекұлы дипломдық жұмысының тақырыбы ретінде алған Рақымжан Қошқарбаевтың шағын ескерткішін жасап шықты.
Ескерткіш макеті өзіндік қаһарман сипатқа ие екендігімен қатар, ол жас мүсіншінің ішкі рухани қуатын айқындайды.
– Әуелде диплом тақырыбын таңдар тұста Батырхан Шөкенов, Қажымұқан сияқты қазақтың талантты ұлдарын сомдау туралы ой болды. Мен өз таңдауымды жасарда мәселеге патриоттық тұрғыдан қарадым да, ұлттың қаһарман ұлдарын жасағым келді. Бұл ескерткішті жасауға 4 аптадай уақыт кетті. Қазір елімізде Рақымжан Қошқарбаевтың келбетін сипаттайтын мүсін немесе нақты үлкен монументтік мүсіндер жоқ. Тек қана бюстері ғана бар, – дейді студент Шах-Ахмет Ермекұлы.
Американың The New York Times газетінің 1945 жылғы 1 мамырдағы нөмірінде «Кеңес қызыл туы Рейхстаг үстінде желбіреді» деген тақырыпта мақала жарияланып, онда: «Ешкім тізе бүктіре алмаған Германияның Рейхстагына Идрицк дивизиясының лейтенанты Рақымжан Қошқарбаев пен жауынгер Григорий Булатов 30 сәуір күні сағат 15:00 шамасында халық туын тікті» деп атап көрсетілген. Араға 62 жыл салып барып мойындалған батыр Рақымжан Қошқарбаевқа арналған лайықты ескерткіш бой көтереді ғой, деген тілек білдіреді жас мүсінші.
Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ