• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
22 Маусым, 2016

Нәресте құны... 5000 доллар ма?

287 рет
көрсетілді

Ардан безгендердің алаяқ­тығы Гиппократ антына адалдық танытатын ақ халаттылар арасында да кездеседі десек, сенер ме едіңіз? Сенуіңізге тура келеді дей аламыз. Бұған бұл­тартпайтын дерек ретінде, Атыраудағы перзентхананың орта буын қызметкері іңгәлап жарық дүние есігін ашқан бейкүнә нәрестені саудалағаны дәлел бола алады. Шыр етіп өмірге келген шақалақ пен оның анасының өмірін сақтауға қол ұшын созады дейтін ақ халаттының адамгершілікке жат әрекеті ұйым­дасқан қылмысқа қарсы күрес бас­қармасының қызметкерлерімен біраз уақыт бақылауға алыныпты. Өйткені, перзентхана қыз­мет­кері сатылатын бала үшін алдын ала келісілген 5 000 АҚШ долларының тең жартысын алып қойған. Ал 2 500 АҚШ долларын жаңа туған сәбиді перзентханадан шығарарда алуға келіскен. Сол кезде нәрестеге анықтама қоса беруді көздепті. Қу құлқынын ақша тескен медицина қызметкерін полицейлер өткен жексенбіде ұстады. – Күдіктінің Орталық Азия елде­рінің бірінен келіп, осында босанған жас ананы баласынан бас тартуға көндіргені анықталды. Сәби сатушы уа­қытша оқшаулау орнына қамауға алынып, Қылмыстық кодекстің 135-бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, – деп хабарлады облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Гүлнәзира Мұхтарова. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан» АТЫРАУ