• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
22 Маусым, 2016

Хат қоржын

411 рет
көрсетілді

 ОҚЫРМАН ...алғыс айтады Кәсіпкер алты мүгедекті жұмысқа қабылдады Кез келген кәсіп ашудың оңай шаруа емес екені белгілі. Ал ол кәсіпкерлігіңе ең алды­мен қызметкердің та­лап­қа сай болуы керектігін ес­кер­сек, Атырау қаласында қағаз пакет шығаратын кәсіп­орын ашылып, жұмысқа арбаға таңыл­ған 6 мүгедек қабыл­дан­ғаны тосындау оқиға болып отыр. Бұны кәсіп иесінің өз­геше жан екенінің белгісі деп білеміз. Бір басына жетерлік қызметін тастап, заман көшіне ілесуді ойластырған азаматтың ісі өте құптарлық игілікті шара деп ұғамыз. «Денсаулық жағдайыма байланысты теміржолдағы жұмысымды тастауға тура келді. Бірақ ақша тауып, от­ба­сын асырау қажет. «Жұ­мыспен қамтудың жол картасы-2020» бағ­дарламасы бойынша жыл­дық 6,5 пайыз­бен 3 млн. теңге көле­мін­де кредиттік қарыз ал­дым. Логотип және қағаз пакет­терді дайындау үшін жаб­­дық­тар сатып алдым. Бүгінде қара­­ма­ғымда 9 адам жұмыс іс­тей­ді. Олардың алтауы мүгедек жандар», – деп өз ісінен қыс­қа-нұсқа ғана хабардар етті «Бум-2020» кәсіпорнының директоры Ақмарал Байлауова. Мұндай мейірімді де мерей­лі жанға кім-кімде болса да ісінің оңға басып, шаруа­сы­ның өрге басуына батасын берері сөз­сіз. Біздің де Ақмарал қара­ғы­ма қол­ға алған өнегелі ісіңе береке берсін дегіміз келеді.  Ақниет БҰЙЫРСЫН  АТЫРАУ ...әсерімен бөліседі Балаларға қуаныш сыйлады Семей қаласында «Нұр Отан» – балаларға» респуб­лика­лық акциясы бірқатар игілікті шаралардың ұйым­дас­тырылуына түрткі болды. Соның бірі – мүмкіндігі шек­теулі балаларға арналған «Қош келдің, жаз!» мерекесі. Партияның Семей қалалық филиалы мен «Исток» балалар және жастар шығармашылығы орталығы халықаралық бала­ларды қорғау күніне орай­лас­тырып, осы шараны Түйе­мой­нақ аралында табиғат аясында өткізді. «Нұр Отан» – балаларға» шарасының негізгі мақсаты – балалардың талантын ашып, талабын ұштау. Әрқайсысы­ның шығармашылыққа деген ұмтылыстарын – өмірге, өнер­ге деген құштарлық деп баға­лайды. Партиямыздың «Ба­қытты отбасы», «Кедергісіз келешек» жобасы осы бағыт­тағы жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастыратын болады. Іс-шара көтеріңкі көңілге толы сахналық бағдарламаларға ұласты. Мереке барысында «Исток» қоғамдық бірлестігі тәрбиешілері мен мамандары әзірлеген «Театральный», «Загадочный», «Спортивный» ертегі-қойылымдарының кейіп­кер­лері балаларды қызықты­рып, көңілдерін көтерді.  Әсем ЖЫЛҚЫШЕВА  Шығыс Қазақстан облысы ...үлгі тұтады Сиырдың сүті – тілінде Соңғы жылдары біздің ауданның орталығы Жымпиты кентінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін өт­кізу дәстүрге айнала бас­тады. Бұл бағыттағы сауда-сат­тық биыл ертерек қолға алынды. Жәрмеңкеде Жым­питы, Шолақаңқаты, Сарой, Бұлдырты және Талдыбұлақ ауылдық округіндегі тұрғын­дар мен шаруалар өз өнімдерін сатылымға шығарды. Келу­шілер, әсіресе, сүт өнімдеріне ерек­ше сұраныс білдірді. Мен өзім Шолақаңқаты ауылдық округінің орталығы Тоғанас ауылында тұрамын. Өзгелер секілді жәрмеңкеге сүт және сүт өнімдерін алып келген болатынмын. Барлық ауылдың тұрғындары сияқты біз де ірі қара ұстаймыз. Сиырдың сүті тілінде дегендей, біз бұл түлікті жақсылап бағып-күтіп, осы арқылы тиісті нәсібімізді тауып жүрміз. Көзім жеткені сиырдың сүтінен де жақсы пайда табуға болады екен. Сондықтан да сүт өнімдерін сату менің тұрақты кәсібіме айналды. Сол себепті аудан орталығына жиі келемін. Жымпитының басында қаймақ пен майды тұрақты сатып алатын тұтынушыларым бар. Света ӘМІРОВА, ауыл тұрғыны Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы ...жақсылығын жеткізеді Түлектер ашқан саябақ Шалқар ауданының Мөңке би ауылындағы Мұхамбетқазы Тәжин атындағы орта мек­тептің 1986, 1996 және 2006 жылдардағы түлектері бас қосып, ел тәуелсіздігінің 25 жыл­дығы құрметіне «Туған жерге тағзым!» шарасы ая­сында саябақ ашты. Айта кету керек, бұдан бірнеше жыл бұрын облыстағы тірек ауылдардың бірі боп сана­латын бұл мекенде саябақ ашу облыстық әкімдіктің жос­парында қаралып, комиссия оты­рысында белгіленіп те қойған. Алайда, қаржы дағ­дарыстарына байланысты тоқ­тап қалған сыңайлы. Міне, осындай игі шараны қолға алған ауыл түлектері туған жерге, елге деген сүйіспеншілігін нақ­ты іспен көрсете білді. Саябақтың сырты мал кірмеуі үшін темірмен қор­шалды. Үш жүз түптей түрлі ағаш көшеттері отырғызылды. Су құбыры тартылды. Таяу уа­қытта орындықтар қойылып, абаттандырылатын болады. Алдағы уақытта саябақ ішінде Мөңке биге ескерткіш орнату үшін орын белгіленді. Ауыл адамдары үшін дема­лыс орынын ашу туралы бас­тама көтеріп, оны жүзеге асы­ру үшін істің басы-қасында жүрген осы мектеп түлегі «Ақтөбе Сәт» ЖШС директоры Марат Қансұлтановқа ел алғыс айтады. Сондай-ақ, игі істің басынан табыл­ған түрлі кәсіптің иелері Қол­ғанат Құдайбергенов, Темірхан Тілеубергенов, Тал­ғат Жұма­ғазин, Борантай Әбілов, Беркінбай Қожагелдин, Игілік Князбаев, Нұрбек Берім­бетов, Нұрлан Сатаев, Бал­дыбай Тоқтарбайұлы, Самғат Қуантайұлы, Бекболат Мырзабергенұлы сынды жігіт­тердің есімдерін ерекше ілти­пат­пен айтып жатты. Бердібай КЕМАЛ Ақтөбе облысы