«Астана қаласының мүгедек балалар қоғамы» қоғамдық бірлестігінде балаларға арналған «Шаттық шұғыласы» атты қайырымдылық акциясы өтті. Бұл шараны «Астана» ұлттық сурет галереясы мен «Нұр Отан» партиясы «Бірлік» филиалының «Мәдениет» бірінші партиялық ұйымы ұйымдастырды.
Шараға даун синдромы және сал ауруы сияқты ауыр науқасқа шалдыққан балалар қатысты. Емделушілерге арнайы арт-терапия бағдарламасы ұсынылды. Бүлдіршіндер ұйымдастырушылармен бірге қағаз бетіне күн бейнесін жапсырды, қарапайым ақ-қара суретке әртүрлі бояулар арқылы көңілді гүлдер мен көбелектер салды, алма жемісінен тасбақа жасап, қызықты танымдық ойындар ойнады. Қайырымдылық акциясы барысында балаларға ертегі кейіпкерлері «Қызыл телпек» пен мультфильм кейіпкері «Лунтик» естен кетпес әсер сыйлады. Ерекше күтімді қажет ететін балалармен жұмыс барысында басты мәселе – емделуден соң олардың уақытын тиімді әрі қызықты өткізу. Осы орайда, бейнелеу өнерін балалардың сауығуы үшін оңтайлы пайдалану керек. Арт-терапия әдістерінің бұл бағыттағы жетістіктері қазіргі таңда дәлелденген.
Шара соңында балалар ұйымдастырушылардан естелікке сыйлықтар алып, шат-шадыман көңіл күйде болды. Би билеп, балалар әндері де орындалды.
Жалпы, орталықта 75 науқас бүлдіршін бар. Балалардың ем алып, тынығуына барлық жағдай жасалған. «Астана қаласының мүгедек балалар қоғамы» қоғамдық бірлестігіне қарасты 2 орталық жұмыс істейді. Бірлестік қамқорлығындағы балаларға өз баласындай мейірімділік көрсететін 15 қызметкер бар. Емделушілер орталықта таңғы сағат 8-ден кешкі 6-ға дейін болады. Таңғы, түскі және кешкі астары ерекше ықыласпен дайындалады. Балалар диагнозына және жас ерекшеліктеріне қарай 3 топқа бөлініп оқытылады.
Ұрпақ саулығы – ұлт саулығы. Осындай игі бастамалар жиірек өткізіліп, балғын бүлдіршіндерге қуаныш сыйлап жатса, нұр үстіне нұр болар еді.
Ардақ САМАТҚЫЗЫ,
Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік
университетінің студенті