• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
25 Маусым, 2016

Әлем-жәлем әлем

340 рет
көрсетілді

 Тоқал алғысы келетіндердің өз сайты бар Мұсылман ағайынның екінші (үшінші, төртінші) әйел алу жолын жеңілдететін сайт ашылып, жұмыс істеп жатыр. Мұсылманы басым бола бастаған Ұлыбритания жерінде. Қазірге дейін сервис қызметін 35 мыңнан астам адам пайдаланып үлгеріпті. Сайттың негізін қалаушы 33 жастағы Азад Чайвала өзге конфессия өкілдеріне арналған Polygamy.com деген жобаны да іске қосыпты. Мұнда 7 мың пайдаланушы тіркелген. Идея авторын Британияда көп әйел алуды насихаттауды 7 жыл түрмеде отырумен жазалайтын заңы да тоқтатпаған. «Өлді» деген батырың өзі келген үйіне Қытайдың Ма Цисян есімді азаматы өзін «жерлеп» қой­ғасын, үш жылдан кейін үйіне келген. Ақыл-есі кемдеу жігіт бұдан жеті жыл бұрын үшті-күйлі жоғалып кеткен. 2012 жылы сот-медицина сарапшыларының айғағымен ол көлік қағып өлтірілген деп саналып, іздеудегілер тізімінен шығарылған. Туған-туыстары сосын сыртынан жаназа шығарады. Сөйтсе, Ма осы жылдардың бәрінде жергілікті жабық мекемелердің бірінде жұмыс істепті. Егер кенет жұмыстан шығарып жібермесе, әлі сонда жүре беретін түрі болыпты. Қазір жергілікті билік оның орнына кімнің жерленгенін анықтау үстінде. Бақаның мөлдірі де болады екен Ресейдің Свердлов облысының зоологтары Красноуральск қаласы маңынан бақаның бұрын көріп жүргендерден өзгеше екі түрін тапты. Олардың бірінің аяқтарында тағы бір қосымша саусақ болса, екіншісінде мүлдем пигмент жоқтықтан ішкі құрылысына дейін түгел көрініп тұратындай мөлдір екен. Орал федералды университеті жаратылыс­тану ғылымдары институты зоология кафедрасының меңгерушісі Владимир Вершинин бұл аномалиялық құбылысқа осындағы бұрынғы химия комбинатының ешқандай қатысы жоқ екенін ашып айтты. Әйелінің көзіне шөп салған сотталады Әлемде мұндай да ел бар. Бұрын Оңтүстік Корея сондай еді. Өткен жылғы ақпанда одан шықты. Енді оның орнын Камерун басты. Қазір ел парламентінде осыған сәйкес талқылау жүруде. «Некеден тыс балалары бар еркектер жазалануы тиіс, өйткені, бұл оның әйеліне адал болмағанын айғақтайды», – деген түсіндірме береді заң шығарушылар. Ал мұндағы бұрыннан бар нормаға сәйкес, некеден тыс жағдайдағы қатынасқа барған әйелдер қазір екі айдан алты айға дейін түрмеге отырғызылып жатыр. Жапондар мысық бейнелі қауын жеуге кірісті Жапонияның Хоккайдо аралындағы Фурано аймағында кескіні керемет қана емес, сонымен қатар, сыртында Hello Kitty мысық баласының суреті салынған қауын өсіру қолға алынды. Қауын пісуге бір ай қалғанда оның қабы­ғында сол рәсімнің сызықтары пайда болады, мезгілі жеткенінде ол мысыққа айналады. Фермерлер соның ішінде әдемі болып көрінгендерін ғана сатуға шығарады. Ал қауындардың бәрінің пішімі дөңгелек, салмағы 1,8 кг болуға тиіс. Олардың бағасы 5500 йен, яғни 52 доллар тұрады. Бір селфи жеті жігітті жер жастандырды Үндістанда жеті студент араларындағы біреуінің Ганг өзеніндегі көпір үстінде әсерлі селфи жасамақ әрекеті кезінде суға кетіп қалды. Оқиға Уттар-Прадеш штатындағы Капур қаласында орын алған. Сегіз жігіттен құралған топ қатты жаңбыр жауып тұрған кезде өзен жағасына келген. Олардың бірі фотоға түсу үшін бөгеттің үстіне көтерілгенде, аяғы тайып кетіп, өзен арнасына құлайды. Оны құтқармақ болып ұмтылған алты жолдасы да ағыстың қаттылығынан суға кетеді. Тірі қалған жалғыз жігіт сосын құтқарушыларға телефон шалады... Үйленбей жатып ажырасып кетті Сауд Арабиясында үйлену тойынан соң санаулы сағат өткенде алған қалыңдығының әлі бетін ашып үлгермеген күйеу жігіттің онымен ажырасу туралы арыз жазған оқиғасы тіркелді. Той салтанаты біткен соң жаңа қосылған жұп өздері алдын ала дайындап қойған мейманхана нөміріне келген, бірақ әйелі күйеуіне ықылас білдіру орнына ұялы телефонымен болып кеткен. Ол бірінші неке түніне шақырған күйеуіне смс арқылы «тіл қатқан». Сөйтсе, құттықтаушы достарына жауап қайырып отырыпты. Сосын күйеуінің: «Саған мен керекпін бе, достарың керек пе?» деген сұрағына ол ойланбастан: «Достарым» деп жауап беріпті. Ақпарат агенттіктерінің материалдары негізінде дайындалды