• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
25 Маусым, 2016

Ботагөз ОМАРОВА: Интернет-телевизия – болашақтың игілігі

424 рет
көрсетілді

Интернет-телевизия біздің өркениетті өкшелеп-ақ келеді. Бүгінгі интернеттің ісіне, яғни не көріп, нені сатып алатынымызға енді онлайн-ТВ (сандық телевизия) тікелей әсер ететін болады. Мультэкрандық технологияның орнына алуан түрлі иілгіш смартфондар мен смартбуктер келеді, ал одан сәл кейін голографикалық көріністердің дәуірі салтанат құрмақ. Сарапшылар дамыған елдер онлайн ТВ-ға біздің ғасырымыздың екінші онжылдығында түгел көшеді деген болжам айтады. Бұл дегеніңіз жаңа технология қазіргі жерсеріктік, эфирлік және кабельді телевизияға қарсы тегеурінді бәсекелес болады деген сөз. Елімізде интернет-телевизияны тұңғыш құрып, бүгінгі күнде жемісті жұмыс істеп жатқан қарағандылық журналист Ботагөз Омарованы әңгімеге тартқандағы мақсатымыз да БАҚ саласындағы осы жаңалықтардың жай-жапсарына қаныға түсуден туындаған еді. – Онлайн-телевизияның мақсат-мүддесі туралы, тыныс-тір­­лігі жайында тарқата айтып берсеңіз... – Қоғамдық интернет-теле­визияның шығармашылық тобы­ның әрбір таңы міндетті түрде бес минуттық лездемеден басталады. Жұмысымызға сыни тұрғыдан қарауға дағдыланғанбыз. Эфирге көр-жерді тықпаламаймыз. Жалпы, біздің күнделікті жұмыс үдерісіміз былайша тү­зіледі: қандай да бір сюжет да­йын болған соң оны өзіміздің сайт пен ютубқа жүктейміз. Онан кейін танымал деген әлеуметтік желілердің бәріне саламыз. Біздің жаңалықтарды әлеу­меттік желілерді пайдаланушылар ғана емес, жетекші ақпараттық агенттіктер де пайдаланса екен дейміз. Шын мәнісінде, біз интернеттің қазақстандықтардың өміріне түпкілікті енгенін біле тұра дәл осындай батыл әрі тә­уекелге толы қадамға бардық. – Сіздерге қандай қаржы көздері қолдау көрсетіп отыр? Жал­пы, ин­тернет-телеарнаның ре­дакция құрамы туралы айта кетсеңіз... – Біз мемлекеттен де, қандай да бір олигархтардан да көк тиын алмаймыз. Қазір жарнама, фильм­дер түсіре бастадық. Бірақ, әзірге оларды өзіміздің сайтымызға салған жоқпыз. Біз қоғамдық интернет-телевизияны ақпараттық қоқысқа толтырғымыз келмейді. Сондықтан, жаңалықтарымыз соншалықты көп емес, есесіне олар­дың сапасы біз ұялмай ұсы­натын деңгейде деп ойлаймын. Бәсекенің заманында шама-шар­қымызша тер төгіп жүрміз. Әрине, оңай емес. Бірақ біз өзіміздің ісі­мізден ләззат аламыз. Біздің штат алты адамнан тұрады. Екі оператор, екі тілші, мультфильм суретшісі және мен. – Бүгінгі күнде Қарағанды онлайн-телевизиясы облыс кө­лемінде танымалдыққа ие бола бастады. Көбінесе қо­­ғамдағы өткір мәселелерді көр­сетіп, ащы шындықты айтады. Осы тұр­ғыдан келгенде қандай да бір қысымшылықты сезесіздер ме? – Қысым деген баршылық, оны жасыруға болмайды. Әл­бетте, оны бізді жақтыра қой­майтын адамдар жасап отыр деген жорамалдан басқа ештеңе айта алмаймын. Жақында біз Қарағандыда бюджеттің 2 млрд. теңгесіне са­­лынған Достық үйі туралы сыни материал жасадық. Шынын айтқанда, біздің қалада соңғы екі жылда бірде-бір балабақша салынбады, сонымен қатар облыстық аурухана 60 жылдық тарихында жөндеу дегенді атымен көрмеген еді. Осы жайттарды тілге тиек ете отырып инфографика жасап, журналистік зерттеу жүргіздік. Міне, содан бастап қорқытып-үркіткен телефон қоңыраулары түсе бас­тады, бәзбіреулер билік туралы жаман сөз айтпа деген сыңайдағы ескертулер жасады. Тіпті, әлдекімдер менің машинам мен үйімнің қайдан келгенін зерттеп, сұрастыра бастады. Мен ондайларға «Несиелер аман болсын!», деп күле жауап беремін. Дегенмен, қазіргі таңда би­лік орындарымен әріптестік негізде қарым-қатынас түзе бастадық. Егер біздің тарапымыздан сын айтылса, оның шын болатынына кепілдік бере аламын. Ерекше тоқтала кеткім ке­ле­­­­­­тіні, қазіргі таңда елі­міз­де мем­лекеттік тілдегі жаңа­лық­тарды көретіндердің саны кеміп барады. Осы жайт менің қабырғама қатты батады. Мә­селен, Қарағанды өңірінде қазақ тілді журналистиканың қолдау көрмей отырғаны қын­жылтады. Біздің тілшілер қазақ тілін білмейтіндерді аяусыз сынап жүр. Бұл – дұрыс. Ана тіліміз аман тұрғанда, ұлт ретінде біз де асқақ бола бермекпіз. – Онлайн-телевизияның бола­шағына ой жүгіртіп, болжам айта аласыз ба? БАҚ-тың бұл түрі біздегі телеарналарға қан­­ша­лықты бәсекелес бола алады? – Біз дәстүрлі БАҚ-тарға бә­секелес емеспіз, біз интернет­те жұмыс істейміз. Біздің жаңа­лықтарды көптеген адамдар өзара бөлісіп жүр, материалдарымызды басқа БАҚ-тар да пайдалана бастады. Мұның өзі біз үшін көрсеткіш. Сонан соң, біз соңғы кездері қазақстандықтардың жа­ғымды жаңалықтарды сағына бастағанын байқадық. Мысалы, біздің жуыр­да жасаған дәрігерлер туралы хабарымыздың көрсеті­лімі күн сайын артып келеді. Біздің болашақтағы мақсатымыз – сенімді серіктестер тауып, Қазақ­стан бойынша тілшілік торап құру. Кәсіби құрал-жабдықтар алып, штатты көбейтуді армандаймыз. Біздің жоба әлеуметтік бағдар­ға ие. Еліміздің басты байлығы пайдалы қазбалар мен ақша емес, адамдар екенін бар даусымызбен айтқымыз келеді. – Әңгімеңізге рахмет.  Әңгімелескен Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан»  ҚАРАҒАНДЫ
Соңғы жаңалықтар