Парламент Сенаты Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің мүшелері Энергетика министрлігі мен «Самұрық-Қазына» АҚ-тың басшылығымен кездесіп, еліміздегі мұнай өнімдерінің бағасын реттеу мен сапасын арттырудың заңнамалық мәселелерін талқылады.
Энергетика министрінің орынбасары Әсет Мағауов ішкі нарықтағы мұнай өнімдерінің тұрақтылығын сақтауға арналып қабылданған шаралар туралы хабарлады. Мұнай өнімдерінің тапшылығы қаупін болдырмау мақсатында министрлік АИ-80 және дизель отынына бағаларды мемлекеттік реттеуді тоқтатуды ұсынып отыр. Баяндамашының айтуынша, жанармай құю бекеттеріндегі төмен бағалар көрші мемлекеттермен шекаралас аймақтарға мұнай өнімдерінің бақылаусыз ағылуына әкеліп соғуы мүмкін.
Ә.Мағауов отандық мұнай өнімдерін өңдеу кәсіпорындарын жаңғырту жағдайы туралы хабардар етті. Атап айтқанда, Атырау мұнай өңдеу зауытында мұнайды терең өңдеу кешені құрылысы биыл аяқталады. Павлодар мұнай химиясы зауыты мен ПетроКазахстан Ойл Продактс (ПКОП) кәсіпорнын жаңғырту шаралары 2017 жылы аяқтау көзделіп отыр, ол К4 және К5 экологиялық дәрежесіндегі отын өндірісіне көшуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, министрдің орынбасары сұйытылған газды пайдаланатын көлік құралдарының саны артып отырғанына тоқталды. Газбен жүретін машиналардың саны 36 000-ға жетіп, 2014 жылмен салыстырғанда үш есе артты. Қазақстанда мың адамға шаққандағы автомобиль саны қазіргі 250-ден он жылда 370-ке дейін ұлғаюы күтіліп отыр. Оған қоса, 2025 жылға қарай газбен жүретін көліктер мен электромобильдер үлесі 20 пайызға жетеді.
Сөзінің соңында Ә. Мағауов үш негізгі мұнай өңдеу зауытын жаңғырту ішкі нарық сұраныстарын өзіміздің жоғары сапалы мұнай өнімдерімен толтыруға мүмкіндік беретінін, артығын көрші елдерге шығаруға болатынын атап өтті.
Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Талғатбек Абайділдин АИ-80 маркалы бензин мен дизель отыны бағасының көтерілуі, әсіресе, ауыл тұрғындары үшін әлеуметтік маңызы зор мәселе екеніне назар аударды. Ол, сондай-ақ, газды пайдаланатын көлік құралдарының үлесі ұлғайып отырғанын есепке ала отырып, оның бағасына бақылаудың қажеттігін атап өтті, деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі.