• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
25 Маусым, 2016

Жалған диплом жарға жықпасын...

378 рет
көрсетілді

Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы – Шымкент қаласынан сол­түс­тікке қарай 45 шақырым жерде Қарабұлақ деген ауыл бар. Халқының саны 45 мың адамды құрайтын осы елді мекенде №81 Ұлықбек атындағы мектеп директоры Х.Халтаевтың жалған дипломы туралы ақпараттың тарағанына біраз уақыт өтті. Ұмытыла бастаған бұл жайды жақында редак­циямызға аталған ауыл тұрғыны М.Ел­таевадан келіп түскен хат қайта жаң­ғыртты.  Бұған дейінгі ауыл тұрғыны тарапынан жазылған хатта нақты дәйектер келтірілмегендіктен, біз оны қараудан бас тартқанбыз. Алайда, екінші хатында өз сөзіне айғақ болатындай құжаттарымен қоса жіберіпті. Оның жазуына қара­ғанда, №81 Ұлықбек атындағы мек­теп директоры Х.Халтаев Өзбек­стан мемлекеттік әлем тілдері уни­вер­ситетін бітірмеген. Олай болса, қолындағы дип­ломы да жарамсыз. М.Елтаева бұл мәселе бойынша Сайрам аудандық білім бөлімінің мең­герушісі О.Қолдасоваға жүгін­генмен, шенеунік тарапынан әлі күнге жауап берілмеген. Есесіне Сай­рам ауданы әкімінің орынбаса­ры Т.Керімбеков Өзбекстан Жо­ға­ры және орта кәсіптік білім министр­лігінің 29.02.2016 жылғы №16л/4673 хатына сілтеме жасай отырып, Халтаев Хамрақұл Абдулхамидович Өзбекстан мемлекеттік әлем тілдері университеті ректорының 04.07.1994 жылғы №67-3 бұйрығымен №260703 дипломы берілгендігін қуат­таған. Әкімнің орынбасары бұл ретте О.Қолдасовадан алынған түсінік­темеде шағымданушы М.Елтае­вадан ешқандай да арыз түспе­гендігін жеткізген. Ал өзбекстан­дық білім ордасының оқу ісі бой­ын­ша проректоры Х.Хакимов­тің 26.06.2015 жылғы №03/1077 жауа­бына қарағанда, 2015 жылдың 12 мау­сымында шығарылған №257 «Уни­верситеттің студенттік бөлімін­де құжаттарды түгендеу туралы» бұйрығына орай жұмыс жүргі­зілген. Сонда анықталғаны Хам­рақұл Халтаев Республикалық педаго­гикалық институттың сырттай оқыту бойынша ұлттық мектептердегі орыс тілі мен әдебиеті факультетінде 645 студенттің арасынан табылмады. Мына жайтқа назар аудартқанды жөн көріп отырмыз. Аталған оқу ор­да­сының мұрағатында ондай сту­денттің оқымағандығы айқын болғаны­мен, кадрлар бөлімінде сақтал­ған 4 шілде 1994 жылғы №67/з бұйрығының тағы бір түп­нұсқа­сында 646 студенттің арасына Хамрақұл Абдулхамидович Хал­таевтың аты-жөні белгісіз біреу­лер тарапынан енгізіліпті. Сон­дықтан да жұмыс тобы жалған мәлі­меттер негізінде Хамрақұл Абдул­хамидович Халтаевтың атына беріл­ген №260703 дипломды жарамсыз деп тапқан. Оның үстіне, ОҚО ад­вокаттар алқасының жеке адвокаты Т.Жолдасованың сұранымына орай жауапта Өзбекстан мемлекеттік әлем тілдері университеті мұрағат бөлімінің меңгерушісі У.Исаева 1994 жылғы ұлттық мектептерде орыс тілі мен әдебиеті факультетін сырттай бітіргендердің тізімінде Хамрақұл Абдулхамидович Халтаевтың аты-жөні жоқтығын хабарлаған. Оқырманға түсінікті болу үшін Өзбекстан президентінің жар­лығымен Республикалық педа­гоги­калық институты мен Ф.Энгельс атындағы Ташкент мемлекеттік шет тілдері педагогикалық институты біріктіріліп, Өзбекстан мем­ле­кеттік әлем тілдері университеті болып құрылғанын айта кету керек. Тағы бір мәселеге назар аудар­­та кеткен жөн. Өзбекстан Жоға­­ры және орта кәсіптік білім министр­лігі Құқық бөлімінің басшысы И.А.Абдуллаев ОҚО адвокаттар ал­қасының жеке адвокаты Т.Нұр­жа­новқа берген жауабында аталған білім ордасы ректорының бұйрығына сілтеме жасай отырып, Хамрақұл Абдулхамидович Халтаевқа ұлттық мектептерде орыс тілі мен әдебиетінің білікті мұғалімі мамандығы берілгендігін жазыпты. Ал «Бахтиёр Калкон» адвокаттық фирмасының сұранымына орай берген жауапта ондай бөлімнің жоқ екендігі айтылады. Жоғары және орта кәсіптік білім вице-министрі М.Иноятов өзінің 2016 жылғы 25 сәуір күнгі №284 жауа­бында аталған ведомствода ондай құқықтық бөлімнің жоқ екенін және И.А.Абдуллаев деген қызмет­кердің жұмыс істемейтіндігін, сондай-ақ, 29.02.2016 жылғы №26к/4673 хаты­ның жалған екендігін алға тартады. Осындай дәлелді айғақтарды алға тосқан М.Елтаеваның хатына орай біз мән-жайды білмекке Оңтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасы баспасөз қызметінің қызметкері А.Әміртаевқа хабар­ластық. Мұндай ақпаратты бірінші рет естіп тұрғандығын айтқан Азат Ермекбайұлы жергілікті білім бөлімінің басшысын аудан әкімі, ал білім бөлімінің басшысы мектеп директорын тағайындайтындығын көлденең тартып, сауатымызды бір ашып тастады. Сондықтан барлық жауапкершілік соларда, дей келіп: «Біз сізге не көмек бере аламыз?», деген сауалын да ұмытқан жоқ. Сіздерге көмек бер деп жатқан жоқпыз, мен тек осындай мәселе бар деп айтпақшымын дегеннен кейін ғана: «Мен сұрастырып көрейін. Ауданға хабарласайын. Ха­барсызбын», деп жауап қатты. Білім саласында жүріп, бұқа­ра­лық ақпарат құралдарында өз саласы бойынша жазылған жайттарға назар аудармаған маманды қалай түсінуге болады? Оның үстіне бұл мәселе кеше немесе бүгін қоз­ғалып отырған жоқ. Сондықтан да біз осы мәселе бойынша Сайрам ауда­нының әкімі С.Сапарбаевпен хабар­лас­қанымызда, ол өзінің қызметіне кіріскеніне көп бола қоймағанын алға тартты. «Бұл мәселе әбден тексе­рілген, анықталған, жауабы дайын. Білім бөлімінің басшысынан сұрадым, ондай фактілер анық­талып, тиісті органдардан жауабын алғанбыз деп отыр. Қажет болса, жауабын жолдайық, бірақ объективті қарау керек. Бір арызқой жазды екен деп, бәрін қаралауға болмайды ғой. Тиісті құзырлы мекемелер сұрау жасатып, анықтап қойған. Органдар дұрыс анықтамаса, жауап береді», деді Самат Айдарханұлы. Сондай-ақ, аудандық проку­рор­дың көмекшісі Сухраб Қаһаровқа телефон шалғанымызда, ол ресми түрде басшылармен сөйлесуім керектігін ескертті. «Екіншіден, бұл мәселе бойынша қылмыстық іс қозғалып отыр. Соған сәйкес беріл­ген сұрау хат Сыртқы істер министр­лігі арқылы Өзбекстанға жолданған. Бүгінгі таңда жауабы әлі келген жоқ. Сайрам аудандық ішкі істер басқармасы тарапынан тергеу істері жүргізілді. Ішкі істер басқармасынан білгеніңіз дұрыс», деді прокурор. Ішкі істер басқармасының іс-әре­кет­тері прокуратура назарында болаты­нын қаперге алып, әзірге осы жерден тоқтадық. Қорыта айтқанда, біз ОҚО Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылындағы №81 Ұлықбек атындағы мектеп директоры Х.Халтаевтың дипломының жалған екенін әшкерелеуді басты мақсат еткен жоқпыз. Мақаланы жазудағы негізгі мақсатымыз – білім беру мекемесін өз ісінің маманы, білікті педагог басқарса деген ниет. Сондықтан да жоғарыда құжаттық дәлелдерді келтірдік. Олай болса, біз қарсы жақтың да уәжін тыңдауға әзірміз және бұл мәселеге түпкілікті нүкте қойғанды жөн санаймыз. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»
Соңғы жаңалықтар