• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
25 Маусым, 2016

Британия Еуроодақтан шығатын болды ма?

344 рет
көрсетілді

Бұрнағы күні Ұлыбритания Бі­ріккен Корольдігінде өткен референдум тұрғындардың басым бөлігі Еуроодақтан шыққанды қалайтынын көрсетті. Корольдіктегі 382 округтің басым бөлігі күн тәртібіне қойылған сұрақты қолдады. Атап айтқанда, британиялықтардың 51,9 пайызы одақтан шығуды қаласа, 48,1 пайызы қала беруге үн қосты. Былайша айтқанда, 17 410 742 адам ЕО-дан шығуға дауыс берсе, 16 141 241 адам бұ­рынғы қалпында қалуға үміт артқан. Нәтиже белгілі болған бойда оны талдаушылар қатары кө­бейе түсті. Солардың алдыңғы қатарында жақында Лондонның мэрі болып сайланған Садик Хан елдің ЕО құ­рамынан шығатынына қарамастан, Ұлыбритания астанасының бұ­рынғысынша Еуропа жұрты үшін есігі ашық, «жайнаған қала болып қала беретінін» айтты. Осы күні таңертең бір топ адам Британияның ЕО-дан шығуын айрықша жақтаушылардың бірі, Лондонның бұрынғы мэрі Борис Джонсонның үйі алдына жиналып, оның референдум қорытындысына қандай реакция білдіретінін қада­ғалап тұрды. Алайда, Джонсон жұ­рт алдына шығып, ештеңе айта қой­мады. Содан соң олар айғайлап, ысқырып, шулап кетіп қалды. Мұның есесіне, АҚШ пен Еуро­одаққа мүше елдер сең соққан балықтай болып естерінен танған кейіп танытты. Еуропалық Кеңес таңертең шұғыл жиын өткізді. Он­да кеңес төрағасы Дональд Туск жағдай бұлай өзгеріп кеткенімен, Еуроодақтың болашағы болатынына сенетінін жеткізді. «Бізді өлтірген нәрсе бізді күшті де ете түседі», деп мәлімдеді ол ортағасырлық шешендердің сөз стилімен. Ис­па­ния сыртқы істер министрі Хосе Мануэль Гарсия-Маргальо 1713 жылдан бері теңіздің арғы жағындағы территория болып келе жатқан Ұлыбританияның ЕО-дан шығу жөнінде шешім қабылдауы арал-мемлекеттің болашағына қандай өз­герістер әкеледі, деді, Ал АҚШ президенттігіне респуб­­ликашылар атынан канди­дат Дональд Трамп Ұлыбританияның ЕО-дан шығу жөнінде шешім жасап, керемет ұйғарымға кел­генін атап өтті. Оның ойынша, бұл британиялықтарға «өз ел­дерін өздеріне қайтарып алуға кө­­­мектеседі». Оның пиғылына қарағанда, біртұтас күшті Еу­ропа АҚШ-қа еш керек емес, ыдырап әлсірегені ұтымды. Еуропар­ламенттің төрағасы Мартин Шульц кабинеттің Британиядағы референдум қорытындысын талқылау үшін сейсенбі күні бас қосатындарын айтты. Мұндай басқосуларды АҚШ, Германия және Франция басшылары да өткізгелі жатыр. Ал Ресей президенті Владимир Путин қалай болғанда да Британия халқының таңдауын қолдауға тура келетінін көлденең тартты. Ұлыбританиядағы референдум қорытындысы алдымен Еуро­одақтың іргесі сөгілуінің бірінші белгісі болса, екінші жағынан Король­дік құрамына кіретін басқа ұлттық құрылымдардың ортақ мемлекет аясынан шығып кетуге қайта талпыныс жасауларына мұрындық жасағалы тұрған сияқты. Мысалы, «үлкен Еуропаның» құрамында болуды қалаған Шотландия бұдан былай кіші Британияның аясында қа­ла беруге ықыласты емес екендерін ашық айта бастады. Мұндай көңіл-күй толқыны Солтүстік Ирландия және Уэльс аумағын да шарпып жатыр. Олар да енді өз референдумдарын өткізбек әрекетке тәуекел ететін түрлері бар. Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон болса, үш айдың ішінде қызметінен кететінін мәлім­деп үлгерді... Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан»