• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
25 Маусым, 2016

Арал өңірі назардан тыс қалмасын

319 рет
көрсетілді

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тікелей қамқорлығымен Арал өңірінің экологиясын сауықтыру, экономикасын дамыту, халқының әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында көптеген жобалар жүзеге асырылды. Сонымен қатар, өз шешімін таппай отырған мәселелер де бар. Бүгінгі күні Арал ауданында 77 мың халық болса, соның ішінде 32 мыңнан астамы Арал қаласында тұрады. Қала орталығында 24 сор көл бар болатын. Оның 4-еуі көмілді. Тағы 4 көлді көму үшін тиісті жоба­лық-сметалық құжат­та­ры дайындалып, мем­ле­кет­тік сараптамадан өтті. Осы 4 сор көлді көму­ге 186 млн. теңге қа­жет. Сорлар көмілсе, эко­ло­гиялық жағдай жақсарып, олар­дан бөлінетін иістер азайып, ауа райы дұрысталып, адам ден­сау­лығына жақсы әсері болады және құрғаған жерлерге құрылыстар, ойын алаңдары, гүлзарлар салынып, қала абаттанып көркейер еді. Арал өңірінде жылдың басым бөлігінде жел, дауыл бола­тындықтан, көп жерлерде құм көші ауылдарды басуда. Аудандағы құм басқан Ақеспе, Шижаға, Сазды, Қосаман ауылдық округтерінің айналасына сексеуіл көшеттерін отырғызу арқылы құм көшкі­ні­не тосқауыл жасауға болады. Нәтижесінде осы елді мекендер құм басу қаупінен құтылып, жол қатынасы жақсарар еді және халықтың өмір сүруіне жағдай жасалып, олардың әлеуметтік-тұрмыстық деңгейі артар еді. Құм көшкінін тоқтату үшін құмда өсетін сексеуіл, жыңғыл, дүзгін егуге қаражат қаралуы тиіс деп есептеймін. Назар аударатын тағы бір мәселе – Арал теңізінен және көлдер жүйесінен Қытай ауларымен балық аулау. Осының салдарынан қазіргі кезде күрделі экологиялық жағдай туындап отыр. Қытай аулары құрылған теңіз бен көлдерде судан алынбай қалған балық өлекселері көбейіп кетті. Себебі, бұл аулар капрон аулар сияқты емес, суда шірімей ұзақ сақталады. Сондықтан осы аулар құрылған жерлерді тазалаудың тиісті іс-шаралары қарастырылып, теңіз және көлдердегі табиғат пай­да­ланушыларға Қытай ауларын қолдануға заң жүзінде тыйым салынуы қажет деп санаймыз. Жоғарыда көрсетілген мәселе­лер­ді оң шешуге Үкімет тара­пынан тиіс­ті көмектер жасалады ғой деген үміттемін. Геннадий ШИПОВСКИХ, Мәжіліс депутаты