• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
25 Маусым, 2016

Әлеуметтік маңызы зор мәселе

419 рет
көрсетілді

Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаты Қуаныш Айтаханов Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовке депутаттық сауал жолдады. Онда ел тұрғындарының біраз бөлігі үшін аса көкейкесті болып табылатын тұрғын үй мәселесі көтеріліп, былай делінеді: «Елімізде тұрғын үй мәселесін шешудің ең тиімді жолы – жекеменшік тұрғын үй құрылысы. Алай­да, Жер кодексіндегі республика аза­­мат­тары­ның жеке үй құрылысын жүр­­гізу үшін жер телімін алуға құқы бар деген заң талабы, үй салуға жер телі­мі инф­рақұрылымы бар жерлерден беріледі деген нормаға байланысты, орындалмай келеді. Ал жеке үй құрылысы инфра­құ­ры­­лымына қаржы өте аз бөлінеді, кейбір өңірлерде мүлде бөлінбейді. Сал­дарынан жеке тұрғын үй салу үшін жер телімін алу кезегі соңғы  10 жыл­да 14 есеге өсіп, 1,4 млн. адамды құра­ды. Бұл тұрғындар арасында нара­зы­лық тудыруда. Жер реформасына бай­­ланысты келіп жатқан ұсыныс-сұрақ­тардың 75%-ы осы мәселеге ар­налған. Жастар үйленіп жеке үй болып шыққысы келеді, бірақ баспана жоқ. Жеке үй салып алайын десе, жер телімі жоқ. Мемлекеттің барлық аза­маттарды баспанамен қамтамасыз етуі мүмкін емес екені белгілі. Үкімет жеке азаматтардың әлеуетін пайдаланып, жеке тұрғын үй салуда барынша қолдау көрсету керек. Азаматтарға үй салуға жер телімі берілсе, олар өз қар­жыларымен үй салып алады. Ме­м­лекеттің үнемделген қаржысын жағдайы төмен, көпбалалы отбасыларына қолжетімді тұрғын үйлер салуға жұмсауға болады. Баспана мәселесі тездеп шешіледі, екі жаққа да тиімді. Сондықтан Үкімет жеке тұрғын үй салу­ды жеделдету үшін жер телім­де­­рін беру мәселесін шешіп, жеке үй салу­­­шыларға мемлекеттік қолдау көр­­сетуді, арзан, ұзақ мерзімді несие, инф­ра­құрылым салу, құрылыс мате­риал­­­дарымен қам­тамасыз ету, т.б. мәсе­ле­лерді қарас­тыратын арнайы «Же­кемен­шік үй құрылысын жүргізу тура­­лы» заң жобасын әзірлеп, Пар­ла­ментке енгізуі керек деп есептеймін. Баспана мәселесі демографияға, ел тәуелсіздігіне тікелей әсер ете­тін өте үлкен маңызды әлеу­мет­тік мәселе еке­нін естен шығар­мауы­мыз керек».