• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
25 Маусым, 2016

Бильярдтан Ақселеу Сейдімбек атындағы турнир өтті (фото)

677 рет
көрсетілді

Бүгін журналистердің кәсіби мерекесіне орай бильярдтан жазушы, журналист, ғалым, профессор Ақселеу Сейдімбектi еске алуға арналған дәстүрлі республикалық турнир өтті. Оған 60-қа жуық БАҚ саласының өкілдері қатысты. Турнирдің ашылу салтанатында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Журналистика мәселелерін зерттеу» институтының директоры Намазалы Омашов жарыстың маңыздылығын кеңінен айтып берді. «Ақселеу Сейдімбек атындағы бильярд сайысы осымен алтыншы мәрте ұйымдастырылып отыр. Турнирдің өтуіне аталған білім ордасының кәсіподақ комитеті мұрындық болып, демеушілік көрсетті. Онан бөлек, Ақселеу ағамыздың інісі Асылхан Сейдімбек әулеті атынан ақшалай сыйлық тапсырады», – деді ол.

Мұнан кейін университеттің «Журналистика және саясаттану» факультетінің деканы Қайрат Сақ сөз алып, жарысқа қатысушы ақсақалдар тобы – 24, орта буын өкілдері мен жастардан құралған ойыншылар 32 сайыскерден тұратынын жеткізді. «Бұл турнир ең алғаш 2009 жылы Ақселеу ағамыздың бастамасымен БАҚ өкілдері арасында ұйымдастырылды. Мақсаты – журналистиканың қазанында қайнап жүрген және қолындағы қаламын қару еткен қаламгерлердің басын қосып, кәсіби мерекенің қарсаңында бір серігіп қалу. Осы ретте ағамыз өзінің атынан турнир жеңімпазына ақшалай жүлдесін беріп, дәстүрлі шараға мұрындық болды. Ал 2010 жылдан бері біз осы сайысты Ахаңның атынан өткізіп келеміз. Жыл сайын бильярдқа қызығушылық танытып, жарысқа қатысуға ниет білдірген ойыншылар қатары артып келеді. Бүгінгі шараға демеушілік көрсеткендердің қатарында «Қазақстан» ұлттық телеарнасы» мен «Егемен Қазақстан» газеті бар. Жалпы, біз келесі жылы Ақселеу ағамыздың 75 жылдығына орай турнир ауқымын ұлғайтып, дүбірлетіп өткіземіз бе деп отырмыз», – деді Қайрат Сақ өзінің сөзінде.

Сонымен, жеті сағатқа созылған сайыста ақсақалдар тобынан 1-орынды Намазалы Омашев жеңіп алса, 60 жасқа дейінгі ойыншылар ішінен үздік шыққан тележурналист Нұрділдә Ораз топ жарды. Оларға турнирдің бас сыйлығы - Кубоктар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Турнирде сондай-ақ, бұдан да басқа аталымдар бойынша үздіктер анықталып, тиісті сый-сияттарына ие болды. Талғат РАЙЫМБЕК.

 
Соңғы жаңалықтар