[caption id="attachment_48762" align="aligncenter" width="560"] ras.kz[/caption]
Қытайдың көп миллион адам тұратын бас қаласы – Бейжіңнің табаны жерасты суларын тартып алудан төмен қарай түсіп бара жатыр.
Аспанасты елі ғалымдарының тұжырымына сүйеніп хабарлаған ras.kz қазіргі таңда бұл алып шаһарда 21 миллион адамның тұратынын баяндайды.
Халықаралық зерттеушілер тобы Қытай астанасының жылына 11 сантиметр төмен түсіп бара жатқанына көз жеткізген.
Бейжіңнің отыруы астана тұрғындарының өміріне үлкен қауіп төндіргелі тұр. Осының салдарынан алдағы уақыттарда жоғары жылдамдықты темір жол жүйесі, көліктер тоннельдері мен биік зәулім үйлер құлауы әбден мүмкін.
Бірқатар жоғары дамыған елдерден жиналған зерттеушілер рельефтегі кішкентай ауытқушылықтың өзін тіркей алатын синтетикалық апертурасы бар радарлы интерферометрдің көмегімен Бейжіңнің біртіндеп жер астына қарай кетіп бара жатқанын, оның жылдық орташа мөлшері 11 сантиметрді құрайтынын анықтаған. Ғалымдардың пікірінше, бұл жерасты суларын тартып алу мен қала астындағы топырақ қабатының бұзылуынан болып жатыр.
Қаланың отыруы аспанмен таласқан биік ғимараттары көп, шеңберлі жолдары бар Чаоян ауданы жақта айрықша қатты білінеді.
Зерттеушілер Қытай астанасының географиялық жағынан жазық жерде орналасқанын алға тарта отырып, оның астында мыңдаған жылдар бойы көп мөлшерде жерасты сулары жиналып қалғанын айтады. Енді сол суларды қатты қарқынмен тартып алу салдарынан жер қабатында бір-бірімен «тығыздасу» процесі жүріп жатыр. Бұл өз кезегінде жер деңгейінің төмен түсуіне алып барады.
Талғат РАЙЫМБЕК.