Астанада Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің қатысуымен Еуропа Қайта құру және даму банкі Директорлар кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
Отырыс барысында Қазақстандағы ағымдағы экономикалық жағдай, Үкіметтің экономикалық өсімді ынталандыру бойынша қолданып жатқан шаралары, сондай-ақ Қазақстанның ЕҚДБ-мен ынтымақтастық мәселесі талқыланды.
Бірқатар министрліктердің басшылары энергетика, көлік және ауыл шаруашылығы саласындағы инвестициялық мүмкіндіктер туралы баяндамалар ұсынды. Сондай-ақ, жекешелендіру бағдарламаларын жүзеге асыру барысы және «Астана» халықаралық қаржы орталығы қызметінің перспективалары таныстырылды.
Өз кезегінде, ЕҚДБ Директорлар кеңесінің мүшелері Қазақстанда іске асырылып жатқан экономикалық реформаларға оң баға беріп, жемісті ынтымақтастықты жалғастыруға сенімділіктерін білдірді.
«Біз реформа жүргізуде сіздерді белсенді қолдаймыз», деді Францияның атынан келген ЕҚДБ Директорлар кеңесінің мүшесі Рафаэль Белло.
Іс-шара соңында К.Мәсімов Қазақстан мен Еуропа банкі ынтымақтастығының және елдің алдында тұрған сын-қатерлер жағдайында дамудың маңыздылығын атап өтті.
«Өткен жылы біз заңнамаға баса назар аудардық және қазір реформаларды жүзеге асыру бойынша практикалық қадамдар қолданудамыз. Бұл оңай емес, алайда, біздің дұрыс жолда екенімізге сенімдімін», деп түйіндеді сөзін Премьер-Министр.