Жұртшылықты жігерлендіретін Жолдау
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауын «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» деп атады. Айтса айтқандай, ел болашағының мықты болуы бүгінгі атқарып жатқан істерімізге тікелей байланысты. Дәл Жолдау жасалып жатқан уақытта жұмыста болғандықтан, кешкі сағат 22.00-де теледидар алдында отырып Елбасының Жолдауын мұқият тыңдап шықтым. Әсіресе, бірі студент, бірі оқушы ұл мен қызымның да Елбасы Жолдауына ден қойып, назар аударуы айрықша әсер етті. Демек, оларды да ел өмірінде болып жатқан ауқымды оқиғалар бей-жай қалдырмайды екен деген ой келді. Сонымен, Елбасының ел экономикасының дамуы, жаңа әлеуметтік саясат, денсаулық сақтау, тілдерді дамыту, жұмыспен қамтудың жаңа стратегиясы, тұрғын үй шаруашылығын дамыту, сапалы ауыз су мәселесі жайында айтқан ойлары әрқайсымыздың өмірімізге тікелей қатысты, атан түйеге жүк болардай ауқымды мәселе екендігі даусыз. Десек те, өзім қызмет істеп жүрген білім саласына байланысты айтқан мәселелеріне тоқтала кеткім келеді. «Өмір бойы білім алу – әрбір қазақстандықтың жеке кредосына айналуы тиіс», – деді Елбасы. Шынында да, күн сайын түрлі жаңалықтар болып жатқан қазіргі кезеңде ғылым адамы үшін өмірдегі заманауи өзгерістерден қалып қоймаудың маңызы зор. Бүгінгі күні бұл – ғылымның негізгі қозғаушы күшіне айналған инновация, нанотехнология саласы. Өзім еңбек ететін коллоидтық химия және жоғары молекулалық қосылыстар химиясы кафедрасы ұжымы да бұл тұрғыда жемісті еңбек етуде. Оған дәлел 2009 және 2010 жылы тәуелсіз сараптау жүргізу нәтижелері бойынша профессор Г.Мун мен З.Нұркеева бірден төрт номинация бойынша «Парасат» марапатын алды. 2010 жылы профессор Г.Мун The Thomson Reuters компаниясының (дүние жүзі мойындаған дәйек келтіру индексі және импакт-фактор негізінде ғалымдар мен ғылыми басылымдарды бағалау жүйесі) ғылыми зерттеулерде халықаралық деңгейдегі жетістіктері үшін марапатына ие болды. Сонымен бірге, оған ғаламдық ғылыми зерттеулерге қосқан үлесі үшін осы компанияның грамотасы берілген. Химия ғылымдарының докторлары, профессорлар К.Мұсабеков пен С.Тәжібаеваның жетекшілігімен микроорганизмдердің иммобильденген жасушаларының негізінде ауыр металдар иондарының жаңа биосорбенттері мен биокатализаторлары алынған. Зерттеулердің нәтижелері оқу үдерісіне енгізіліп, оның негізінде магистрантар мен PhD докторанттарға арнайы курстар дайындалған. Бүгінде тәуелсіз еліміздің әлемдегі экономикасы мықты, әлеуетті елдердің қатарына қосылуы үшін өзге факторлармен қатар білімді, білікті жас мамандардың болуы да ауадай қажет. Сондықтан да, білімді ұрпақ даярлау мәселесіне мемлекеттік тұрғыдан да үлкен мән берілуде. Президентіміз Н.Назарбаевтың халыққа биылғы жылғы Жолдауында да бұл мәселеге айрықша көңіл бөлінетіндігі осыдан. Осы тұрғыдан келгенде, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің химия факультетінде де жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып, ғылыми ізденістерге тартуда елеулі жұмыстар атқарылуда. Атап айтсақ, аталған факультеттің коллоидтық химия және жоғары молекулалық қосылыстар химиясы кафедрасында бірқатар шаралар қолға алынуда. Мұндағы мақсат – жаратылыстану және дәл ғылымдарға қызығушылық танытқан талантты, дарынды балаларды іздеп табу. Осындай бейімі бар қабілетті оқушылар ғылыми жоба жұмыстарына қатыстырылады. Мектеп оқушыларының кафедрада тәлім-тәрбиеден өтуі жемісін беруде. Атап айтқанда, кафедрада ғылыми жобалар жасаған мектеп оқушылары республикалық және халықаралық деңгейде өтетін сайыстарда жүлделі орындарға ие болуда. Мысалы, Алматы облысы, Қарасай ауданының Крупская орта мектебінің оқушылары А.Сәметов пен А.Ізтілеуова «Интеллектуалды сополимерлер негізіндегі эмульсия типтес дәрінің жаңа түрлері» атты ғылыми жұмысы биылғы жылы Грекияның Крит аралында өткен «Балалар. Интеллект. Мәдениет» халықаралық фестивалінде І дәрежелі дипломмен марапатталса, Алматы қаласындағы №123 мектеп-гимназияның оқушысы Ш.Жетпісбаев, №24 лицей оқушысы А.Батырханов және №175 мектептің оқушысы Д.Батырхановтан құралған команда осы халықаралық сайыста физика пәні бойынша ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Осылайша балалар Қазақстан Республикасындағы орта білім беру сапасының жоғарылығын тағы бір дәлелдеп берді. Елбасы қаптап кеткен ғылым кандидаттары мен докторлары жайында орынды сын айтты. Өкінішке қарай, ғылыми атақ қазіргі көптеген шенеуніктер мен қалталы іскер адамдардың өз беделін көтерудің бір құралына айналды. Бірақ, бұған қарап шынайы ғылыммен айналысып жүрген ғалымдарға күйе жақпауымыз керек. Елімізде ғылыммен шынайы айналысатын адамдар бар және бола береді. Мәселе, Президент айтқандай, ғылыми жұмыстарды нарықтық сұраныстарға бағыттаудың, осы екеуін байланыстырудың тетіктерін тауып, іске қосылуында. Осы тұрғыда білім берудің сапасын арттырып, қолжетімділігін кеңейту үшін білім беруге қолдау көрсетудің жаңа қаржылық-экономикалық құралдарын енгізу туралы Елбасының Үкіметке берген тапсырмасы көңілден шықты. Шыны керек, көп жағдайда енді ғана басталып келе жатқан әлдебір табысты ғылыми жұмыстың қаржы жетіспеушілігінен жарты жолда тоқтап қалатындығы рас. Сонымен бірге, ғылыммен алаңсыз айналысуы үшін жас мамандардың әлеуметтік жағынан, әсіресе, баспанамен қамтамасыз етілуі біраз мәселенің түйінін шешер еді. Өз басым Елбасының биылғы Жолдауын өзге ел азаматтарымен бірге білім саласының қызметкерлері үшін де жаңа күш, жаңа жігер беретін құжат деп қабылдадым. Перизат ҮРКІМБАЕВА, химия ғылымдарының кандидаты, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті.
•
05 Ақпан, 2011
Ғылым – өмірдің қозғаушы күші
577 рет
көрсетілді