• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
05 Шілде, 2016

Ыстыбаев – үш дүркін «Қазақстан барысы»

409 рет
көрсетілді

Астанада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін «Қазақстан барысы» республикалық турнирі өз мәресіне жетті. Оған қалалық, аудандық және облыстық турнирлерде іріктеуден өткен балуандар қатысты. Биылғы додада жергілікті жерде іріктелген 32 балуанмен бірге алғаш рет әскерилер арасында өткен турнирдің жеңімпазы күш сынасты. Сонымен бірге, 2015 жылғы «Қазақстан барысы» Бейбіт Ыстыбаев тағы бір рет бағын сынап көрді. Ол турнирге ешқандай іріктеусіз келді. Биылғы сында «Қазақстан барысы» турнирінің финалына алғаш рет жолдама алған 11 балуан болды. Турнирдің ашылу салтанаты өткеннен кейін балуандардың қарсыластарын анықтау үшін жеребе тартылды. Осылайша спортшылар белдесуді финалдың 1/16 бөлігінен бастады. Алғашқы айналымда жеребе бойынша «Қазақстан барысы» турнирінің 2011 жылғы тұңғыш жеңімпазы Ұлан Рысқұл мен 2013 жылғы жеңімпазы шығысқазақстандық Айбек Нұғұмаров кездесті. Аса тартысты белдесуде Ұлан Рысқұл жеңіске жетіп, келесі айналымға жолдама алды. Осы айналымда турнирдің 2014 жылғы күміс жүлдегері, Қарағанды облысының өкілі Асыл Барменов пен Сыр бойының балуаны, «Қазақстан барысының» 2014 жылғы қола белбеу иегері Руслан Әбдіразақовпен күресті. Бұл кездесуде Руслан жеңіске жетті. Финалдың 1/8 бөлігінде ол астаналық балуан Айтуар Абдуловпен кездесті.  Белдесуде Абдулов қарсыласынан айласын асырып кетті. Бұл сында Русланның ағасы Ұлан Рысқұл да жеңіліс тапты. Ол биыл бірінші рет Қызылорда облысының атынан емес, өзі туып-өскен Алматы облысының атынан өнер көрсетті. Осы турнирде Алматы қаласының өкілі Александр Касачев маңғыстаулық Ербол Игілікті бес секундта ұтып, рекорд жаңартты. Алматылық балуан биылғы жылы «Алматы барысы» атанып, «Қазақстан барысына» жолдама алған еді. Кейіннен мельдоний қолданды деген төрт балуанның қатарына қосылып, жарыс­тан шеттетілген. Бірақ оған турнирге қатысуға қайтадан рұқсат етілді. Ол «Қазақстан барысы» жобасының финалдық кезеңінде ширек финалға дейін жетті. Осы сында ол Оңтүстіктің балуаны Жұманазар Ерсұлтановқа есе жіберді. Жалпы, биылғы турнирде жақсы өнер көрсеткен балуандар көп болды. Соның ішінде Жамбыл облысының өкілі Дәулетхан Жақыповты айтуға болады. Ол әдемі тәсілдер жасап, көрермендер көзайымына айналды. Сонымен бірге, Жамбыл облысының тағы бір балуаны – Айбол Айтбектің де күресі көпшіліктің көңілінен шықты. Ол турнирде бірінші рет жартылай финалға дейін жетіп, қола белбеу алды. Ал оның жерлесі Бейбіт Ыстыбаев тағы да турнирдің жеңімпазы атанды. Ол финалда Оңтүстік Қазақстан облысының балуаны Жұманазар Ерсұлтановты жеңді. Сөйтіп, оған 25 000 000 теңге, алтын тайтұяқ пен Астанадан бір бөлмелі пәтер берілді. Екінші орын алған Ерсұлтановқа 5 500 000 теңге, үшінші орын алған Айтбекке 1 800 000 теңге көлемінде сыйлық табыс етілді. Дастан КЕНЖАЛИН, «Егемен Қазақстан»