• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
05 Шілде, 2016

Райымбек БАТАЛОВ: Бизнесті білу бір бөлек, түсіну бір бөлек, ал жүзеге асыру – ең қиыны

922 рет
көрсетілді

Біз бүгін еліміздегі ең талантты іскер азаматтың бірі «Raimbek» холдингі Директорлар кеңесінің төрағасы Райымбек Әнуарұлы Баталов туралы сөз қозғамақпыз. «Біздің стратегия­мыз бар, алайда ал­ды­мыздан қайта-қай­та көлденеңдеген қаржылық дағдарыстар мен күрделі эконо­микалық жағдайларға қарамастан, жетіліп келеміз. Менедж­ментте табыскерлік үде­рісті оңтайландыру мен автоматтандыруға үлкен мән береміз. Бір қарағанда бәрі түсінікті сияқты. Бірақ, білу бір бөлек. Оны жүзеге асыру бір бөлек. Бұл екеуі екі түрлі тәсіл. Ең күрделісі – қашанда жү­зе­ге асыру», – дейтін Райымбек Баталов бизнес әлеміне қашан келіп еді? Егемендіктің елең-алаңындағы Raimbek компаниясы­ның та­рихы 1992 жылы кішігірім сауда фирмасынан бастау алады. Сол кезде ол Сингапур, Жапония, Италия, Швейцария мен Гон­конгтан тұрмыстық техника жеткізумен айналысатын. Баталовтың өндіріске келген кезі 1998 жыл. Осы жылы Raimbek Bottlers компаниясы апельсин, алма және томат дәмі бар үш түрлі Juice шырындарын өндіру желісін іске қосқаны белгілі. Компания әу бастан-ақ трейдерлер көмегінен бас тартып, қойытылған шырын шығаратын әлемдік өндірушілермен тікелей ынтымақтастықты орнықтырды. Соның арқасында, өнімді өндіру барысы кезеңінде, оның сапасын бақылап, тұтынушыларға делдалдық комиссиясыз, таза бағамен ұсынуға мүмкіндік алды. Бүгінге дейін Raimbek Bottlers зауытында бес бірдей Juice, Junior, FruttaMix, Palmaи Fantan сауда белгісі бар шырындар шы­ғарылады. Реті келіп тұрғанда 2000 жылы RaimbekAlco компаниясы құрылып, оның қызметінің негізгі бағыты – Қазақстанға таңдаулы алкогольді ішімдіктерді эксклюзивті жеткізу болғандығын айта кету қажет. Бүгінгі таңда, RaimbekAlco-ның серіктес пакетінде әлемге әйгілі: Bacardi-Martini, BrownForman, Tommasi, CastelloBanfi, LesGrandsChaisdeFrance, Concha y Toro, тағы басқа да алкоголь ішімдігін өндірушілермен келісімшарттар бар. RaimbekAlco қазақстандық тұтынушылардың сені­мін жоғары бағалайды, сол себепті де, Қазақстан Респуб­ликасының алкогольді өнімдерді адал импорттаушы «Алко­Импорт» қауымдастығының белсенді мүшесі, осының өзі компанияның жоғарғы мәртебесін және бизнесті жүргізудегі жауапкершілік қатынасын дәлелдеп отыр. Райымбек Әнуарұлы шырын дәмді сусындар шығаруды жолға қойғаннан кейін іле-шала RaimbekAgro сүт өнімдерін шығаратын, атап айтса, ультрапастерленген, табиғи сиыр сүтін өндіретін жаңа зауытын іске қосты. Өндіру барысында ол температуралық өңделіске түсіп, стерильді жағдайда қораптарға құйылады. Өндірістің барлық саласында тазалық сақтауды ерекше бақылау және қабылданатын сүтке деген жоғары талаптардың арқасында, өндірілген сүт өнімі қалыпты жағдайда 9 ай бойы сақталынады. Raimbek Group холдингі сыртқы нарыққа қадам басқанына да биыл 13 жыл толғанын екінің бірі біле бермесе керек. 2003 жылы Қытайда Raimbek Food (XINJIANG) Co. Ltd компаниясы құрылды, ол қытай нарығы үшін шырын өндірумен айналысты. ҚХР-да бұл бірінші қазақстандық өзінің жеке 100% капиталымен кірген компания болды. Бірнеше жыл бұрын зауыт қытай кәсіпкерлеріне сатылған еді. Бүгінде Raimbek Group – бұл ірі, сәтті дамып келе жатқан холдинг, оның қызметінің басты бағыттары – азық-түлік өнім­дерін өндіру мен бөлшектеп сату. Бірінші күннен бастап-ақ компания бизнес үлгінің сол кездегі Қазақстан үшін инновациялық дамуына бағыт алған: өз қызметкерлері, өз қорлары, өзіндік өндіріс, өз бас­қаруы болды. Raimbek Group холдингіне кіретін компания­лар Қазақстан экономикасының дамуына маңызды үлесін қосқанын айту ләзім. Ең бастысы – Қазақстан, Орталық Азия, Ресей және Кавказ елдерінде өз өнімдерінің жоғары сапасымен тұтынушылардың сеніміне кірген. Есімі табыстылық, бизнестегі тұрақтылықпен тығыз байланысты Баталов 3 ұл, ұш қыздың әкесі екенін де баяндай кетелік. Ол 1970 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Қазақ сәулет құрылыс академиясын «құрылысшы-инженер» ма­мандығы бойынша бітірген. 90-шы жылдары «Риддер Инвест» металлургиялық кешенінің басқарушылар кеңесіне кіріп, «Новожамбыл фосфор зауыты» химиялық кешенін, То­был элеваторын, Меркедегі қант зауытын, Шымкент ЖЭО-3 басқарған. Сол сияқты Райымбек Баталов табысты кәсіпкер ретінде ғана емес, сонымен бірге қоғам қайраткері ретінде де танымал. Ол 2002 жылдан бері Қазақстан кәсіпкерлерінің форумы Кеңесінің төрағасы болып табылады. Ал енді отандық кәсіпкерге қатысты соңғы жаңалықтың бірі жуырда Ташкентте Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) 16 саммиті өтіп, онда аталған ұйымға төрағалық ету мәртебесі Қазақстанға берілуіне байланысты орын алды. Сонда ШҰЫ Іскерлік кеңесінің (ІК) төрағасы болып Қазақстан тарапынан ШЫҰ Іскерлік Кеңесі ұлттық бөлімінің басшысы Райымбек Баталов сайланды. 2016-2017 жылдары ШЫҰ ІК-іне төраға ел ретінде Қа­зақстан екі жобаны жүзеге асырады. Олар – «Қорғас» ха­лық­­аралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығы ау­ма­ғында жыл сайынғы Халықаралық «Шай Құрылтайы» мен Қа­зақстанда бизнесті табысты дамыту мақсатында арнайы құ­рылған «Бизнесмен» бірегей мобильдік қосымшасының тұсаукесерін өткізу. Іскер азамат велоспорт, үлкен теннис, тау шаңғысымен шұ­ғылданады. Жас кезінде су астында жүзумен кәсіби  түрде айналысқан. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ