БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құрамы соңғы рет 2014 жылдың 16 қазанында жаңартылған болатын. Сол кезде бұл Ұйымның 2015-2016 жылдардағы тұрақты емес мүшелері болып жаңадан бес мемлекет, атап айтқанда, Испания, Ангола, Малайзия, Венесуэла, Жаңа Зеландия сайланды. Осы аталған елдер өздеріне дейін екі жыл бұрын сайланған Австралия, Аргентина, Люксембург, Оңтүстік Корея және Руанда мемлекеттерінің орнына келіпті. Енді, міне, Қазақстанға да кезек жетіпті. Семейдегі Түйемойнақ аралында «Невада-Семей» қозғалысының мүшелері Елбасы үндеуіне орай бас қосып, бейбіт атомды насихаттау, АТОМ жобасы, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құрамына кіруі туралы пікірлерін ортаға салды.
– Биыл БҰҰ-ға мүше 193 елдің 138-і Қазақстанның кандидатурасына сенім білдіріп, дауыс берді, осыған орай жарияланған Елбасымыздың үндеуін оқып шықтым, – деді «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының вице-президенті, «Вайнах» чешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы, Семей қаласындағы шахмат федерациясының төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері Сұлтан Картоев, –Еліміз БҰҰ-ның аса маңызды саяси органы құрамына сайланған Орталық Азиядағы тұңғыш ел болып отыр. Енді Ұйымның жарғысы бойынша әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жұмыстарын Қазақстан әрі қарай жалғастыра бермек. Еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі құқығы 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне еніп, 2018 жылдың 31 желтоқсанына дейін әрекет етеді. Әрине, бұл, ең алдымен, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық аренадағы еңбегінің әлемдік қоғамдастық тарапынан мойындалуының жарқын көрінісі. 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болуға ұмтылу туралы бастама елімізде осыдан біраз жыл бұрын, Қазақстанның БҰҰ құрамына енгеніне 20 жыл толуы қарсаңында көтерілген болатын. Мемлекетіміздің БҰҰ-ның түрлі құрылымдық бөлімдерімен жыл сайын тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуіне орай БҰҰ-да да еліміздің мәртебесі жоғарылап отыр. Бұл оңай келген шаруа емес, кәдімгідей күрес деу керек. Күрес деп отырғанымыз, бұл ұйымға кіруге өтініш білдірушілер өте көп.
– Бұрындары Кеңес Одағы кезінде бәрін Мәскеу шешетін. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстанға өзіндік сыртқы саясат ұстанымын қалыптастыру қажет болды, – дейді «Невада-Семей» қозғалысының сенімді дәрігер-өкілі Болат Серікбаев, – Сыртқы саясаттағы басты мақсат – елдің қауіпсіздігін сақтау, саяси және экономикалық қарым-қатынастарда халықаралық, түрлі өңірлік құрылымдарға ену керек. Қазақ әрқашан сырттан келген жауға елін, жерін бермеген. Сол үшін тәуелсіз мемлекет есебінде елдің дамуы үшін сыртқы қолайлы жағдайларды қарастыру және оны тиянақтау қажет болды. Мен осы жетістікті, әрине, жоғары бағалаймын. Біздің ел Азия мен Еуропаның түйіскен жерінде орналасқан. Геосаяси жағдайы, экономикалық және әскери-саяси мүдделері, сондай-ақ қол жеткен қуаты қазіргі халықаралық қатынастарда өзінің айналасындағы елдермен Қазақстанның терезесін тең түсіріп отыр. Елбасымыздың арқасында егемендігін өзге елдерге де танытып, сыйлатып отыр. Көршілерімен тату болып, экономикалық қарым-қатынастарын жақсарта түсуде.
– Бүгінгі әлем күрделі де жан-жақты. Бұрынғы кездегі идеологиялық қарама-қайшылық, атап айтқанда социалистік және капиталистік болып бөлінуден шығатын. Қазірде мемлекеттер беделі неде? – деп сұрадық қозғалыс мүшелерінен.
– Бүгінде барлық бедел экономикалық және саяси жүйеге ауысты, – деді қозғалыс мүшесі, қоғам қайраткері, Семей қаласындағы үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығының вице-президенті Николай Исаев, – 1991 жылы Семей полигоны жабылды, 1993 жылдың 13 желтоқсанында ядролық қарусыз мемлекеттер қатарына қосылған Қазақстан «Ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімге» қол қойды. Еліміз ядролық қарудан бас тартты. Сөйтіп, Қазақстанның тәуелсіздігін, шекара біртұтастығы мен қауіпсіздігін басты-басты ядролық державалар мойындай бастады. 1995 жылдың 26 мамырында ядролық қарудың соңғы бөлшектері республика аумағынан әкетілді. 1995 жылдың 30 мамырында Семей сынақ алаңында қалған ең соңғы ядролық заряд жойылды. Иә, бұдан басқа да адамзат игілігі үшін көптеген шаруалар атқарылды. Қазақстанның геосаяси жағдайы, отандық өнімдерді дүниежүзілік рынокқа шығару жолдарын іздестіру қажеттігі жан-жақты халықаралық байланыстар орнатуға қосымша негіз болды. Міне, осының бәрі Елбасының сарабдал саясатының арқасында жүзеге асып келеді. Яғни, біздің ел экономикалық әрі саяси жүйе талабынан көріне біліп, әлемде бейбіт өмірді насихаттауда көшбасшы бола білді.
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА
СЕМЕЙ