• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
08 Ақпан, 2011

«Шоқаны бар ел – шоқтығы биік ел!»

3876 рет
көрсетілді

Сөз зергері Ғабит Мүсірепов осылай жазған екен. Қамшының сабындай қысқа ғұ­мырында баға жетпес мұра қалдырған Шоқан Уәлихановтың туғанына 175 жыл толуына орай орыс тілінде «Ш.Уәлиханов. Энцикло­пе­дия» жинағы жарық көрді. Ш.Уәлиханов атын­дағы Көкшетау мемлекеттік универси­тетінің кафедра меңгерушісі, тарих ғылым­дарын­ың докторы, профессор Қадыр­жан Қабиденұлының жетекшілігімен құрас­ты­рылған бұл еңбек тек ғылыми ортаға емес, барша оқырман қауымға берері мол басылым болып табылады. Энциклопедия үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімді алғысөз және академик Әлкей Марғұланның «Ш.Ш.Уәлихановтың өмірі мен қызметі» деп аталатын көлемді очеркі құраған. Бұл, әрине белгілі шоқантанушы-ға­лым рухына деген құрмет. Ба­рын­ша толық ақ­­па­рат берілген био­­гра­фия­лық және анық­та­ма­лық мақала­лар­дан тұратын екін­­ші бөлім - кітап­тың басты ерекшелігі. Эн­цик­ло­педия Шоқан Шың­ғысұлының қаламынан шыққан автопортрет пен портреттерге, шежіре мен карталарға, осы күндері жасалған тақырыпқа сай түрлі-түсті фотосуреттерге бай. Үшінші бөлім профессор Қ.Әбуевтің «Шоқан Уәли­ханов­тың әлемі» очеркімен, ақын, қоғам қай­раткері Кә­кім­­бек Салықов­тың «Шоқан Уәлиханов және Қаныш Сәтбаев» атты зерттеуімен қорытын­дыланған. Оқыр­манд­арға жол тарт­қан осы бір құнды еңбек Шоқан Шың­ғысұлы Уәлиханов феноменіне ар­налған кітаптардың, өмір­баянын зерттейтін ғылыми еңбектердің жаңа бір толассыз толқынына себепкер болуға лайық алғы­шарттарға ие. Гүлшат НҰРЫМБЕТОВА, Мемлекет тарихы институтының бөлім бастығы, саяси ғылымдар докторы. Марал ТОМАНОВА, ғылыми қызметкер, әлеуметтану магистрі