• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
08 Шілде, 2016

Сейдоллаға деген сағыныш сейілмейді

461 рет
көрсетілді

Астанада Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Сейдолла Бәйтерековтің шығар­машылығына арналған кеш өтті. Оның «Әлия», «Күнге табыну», «Дос туралы жыр», «Түркістан» әндері музыка сүйер қауымның рухани азығына айналды десек, артық айтқандық болмас. «Әлия» әні дүниеге 1975 жылы келген екен. Көзі тірісінде сазгер сол әннің дүниеге келуі жайлы былай деп толғанған еді: «Ән ойымда біраз жүрді. Күрделі әуен жадымды баурай жөнелді. Басында ыңылдап қана жүрдім. Бірде Бәкір Тәжібаевтың жыр жинағын қолыма алып, аша бергенім мұң екен, көзіме ақынның Әлия Молдағұловаға арналған өлең жолдары түсті. Жадымда жүрген әуенге салып едім, құйып қойғандай дәл келді. Бұл ән арнау емес, бұл ән – жоқтау. Балғын қыздың ерлігін ұлықтау, ел жадында қалдыру үшін осындай ән қажет-ақ». Ол ән сол кезде 17 жастағы әнші Роза Рымбаеваның орындауында кеңінен танылды. 1976 жылы «Алтын Орфей» байқауында шырқалып, бірінші орынды иеленді. Мәскеуліктер «Әлия» әнін «Ең үздік жыл әні» деп бағалап, марапаттаған болатын. «Әлия» әні арқылы жас әнші Роза Рымбаева көпшіліктің көзайымына айналып, өнер көгінде кеңінен қанат қағуына жол ашты. Сондай-ақ, «Әлия» әні көпшілікке сазгер Сейдолла Бәйтерековті де танытты. «Сейдолла өз заманының тұлғасы. Бүгінгі ұрпақ оны үлгі тұтып, әндерін жаттап жүруі тиіс. Ол үшін оны елге одан әрі танытатын осындай шығармашылық кештер дәстүрлі түрде өтіп тұруы қажет», – дейді оның жары Ләззат Мұзарафқызы. Есілдің ен жағасында өткен кешке Роза Рымбаева, «Жетіген» тобы, Сүндет Байғожин, Бағдат Сәмединова, Жеңіс Ысқақова, Бақыт Шадаева, Әли Оқапов, Әйгерім Қалаубаева, Серік Ибрагимов, «Видмен» тобы, «Лүпіл» дуэті секілді эстрада жұлдыздары қатысып, сазгердің әндерін орындады. Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан»
Соңғы жаңалықтар