Елбасының туған күніне байланысты Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
И.Әлиевтің құттықтауында Нұрсұлтан Назарбаевтың дана басшылығымен Қазақстанның саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени жасампаздық жолында нық сеніммен қадам басып келе жатқаны айтылған.
«Еліңіздің халықаралық беделі күн сайын артып келеді. Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы екіжақты қарым-қатынасты дамытудағы және оның бүгінгі деңгейіне жетуіндегі Сіздің үлесіңіз зор. Біздің өзара сенім мен қолдауға негізделген серіктестігіміз тарихи терең тамырластық байланыстырып жатқан халықтарымыздың игілігіне алдағы уақытта да қызмет ете беретініне сенімдімін», – делінген жеделхатта.
Мемлекет басшысына Әзербайжан Президенті мықты денсаулық, бақыт және мемлекеттік қызметіне табыс тіледі.
Қазақстан Президентінің туған күніне байланысты Грузия Президенті Гиоргий Маргвелашвили құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
Грузия Президенті жылы лебізді құттықтауы мен игі тілегін жолдаған.
«Сіз Қазақстан Республикасын өркендетуге бағытталған қажырлы қызметіңіз арқылы баршаның құрметіне бөленген кемел мемлекеттік қайраткердің жарқын мысалы болып отырсыз. Грузия мен Қазақстан Республикасы арасындағы дәстүрлі достық және өзара тиімді ынтымақтастық алдағы уақытта да нығая беретініне сенемін», – делінген жеделхатта.
Г.Маргвелашвили жеке өзінің және Грузия халқының атынан Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан халқының игілігі жолында жаңа табыстар тіледі.
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелігі сайлауындағы Қазақстанның жеңісіне байланысты Өзбекстан Республикасының Президенті Ислам Кәрімов құттықтау жолдады, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
И.Кәрімов жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жөніндегі өкілеттік жүктелген осындай өкілді органда мүшелік ету Қазақстанның халықаралық аренадағы биік беделінің әлемдік қоғамдастық тарапынан мойындалуы болып саналатынын атап өткен.
«Қауіпсіздік кеңесіндегі қызметі кезінде Қазақстан БҰҰ институттары мен органдарын жетілдіру үшін, оның жалпыға ортақ тұрақтылық пен орнықты дамуды қамтамасыз етудегі рөлін нығайту үшін барлық жағдайды жасайтынына нық сенімдімін», – делінген жеделхатта.
И.Кәрімов Нұрсұлтан Назарбаевқа мықты денсаулық, жұмысына табыс, ал бауырлас Қазақстан халқына игілік пен бақ-береке тіледі.