Кеше Мәскеуде «Байқоңыр» кешені бойынша Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясының төртінші отырысы өтті, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
Оған Қазақстан тарапынан Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев, Ресей жағынан РФ Үкіметі Төрағасының орынбасары Дмитрий Рогозин қатысты.
Комиссия мүшелері Қазақстан және Ресей президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің тапсырмалары бойынша Қазақстан мен Ресейдің кешенді екі мемлекет мүдделеріне сай сақтау, дамыту және пайдалану жөніндегі одан арғы іс-қимылдар жолын қалыптастыруды қарастыратын «Байқоңыр» кешеніндегі одан арғы ынтымақтастық тұжырымдамасының жобасын әзірлеу барысын талқылады.
Отырысқа қатысушылар сондай-ақ, «Байқоңыр» кешенінің қызмет істеуінің көкейкесті мәселелерін және бірлескен жобаларды, атап айтқанда, «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешенін құру мәселелерін қарастырды.
Оның сыртында Байқоңыр қаласын дамытуға байланысты, оның ішінде, оның инфрақұрылымдарын, сумен жабдықтау жүйесін, газдандыру ісін, медициналық қызмет көрсету саласын дамытуға қатысты мәселелер талқыланды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Ресейдің «Байқоңыр» кешенін және ғарыш саласын бірлесіп пайдалану жөніндегі ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге ниетті екендіктерін атап көрсетті.