«Қазцинкмаш» ЖШС импортты алмастыратын өнім өндіруде
Биыл риддерлік машина құрылысы мамандары өндіріс көлемін арттыруды және импортты алмастыру бағдарламасы бойынша жаңа өнім түрін игеруді қолға алды. Қаладағы «Қазцинкмаш» ЖШС кәсіпорыны техникалық тұрғыдан қайта жарақтандырудың ауқымды жобасын жоспарланған мерзімде жүзеге асырып, үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының алғашқы бесжылдығының ең белсенді қатысушыларының бірі болды. Аталған жайт кәсіпорынның бүгінде шетелдік әріптестермен бірге іске асырып жатқан іргелі жобаларына иек артуына мүмкіндік сыйлады.
– Биыл біз алдымызға үлкен мақсат қойдық, – дейді «Қазцинкмаш» ЖШС директоры Александр Анчугин. – Яғни, ішкі және сыртқы нарықта сұранысқа ие жаңа өнім түрін шығару есебінен өндіріс көлемін 10 пайызға арттыруға қол жеткізуді көздеп отырмыз.
Жуырда «қазцинкмаштық» машина жасаушылар ерекше тапсырысты орындады. Атап айтқанда, Шығыс өңірінің Бородулиха ауданына қарасты Жезкент кентіндегі Орловский байыту фабрикасының кеншілеріне арналған домалақ диірмен тасы іспетті тартқыштың ірі ауқымдағы бөлшегін жөнелтті.
– Мыс кенін байыту үдерісіне қолданылатын бұл өнімнің дайын күйіндегі салмағы 25 тоннаны құрады. Ал біздің қос пешіміздің әрқайсысының мүмкіндігі 10 тоннадан ғана болатын. Сондықтан, оны алдын-ала жаңа сызбалар жасау арқылы қайта жөндеуден өткізуге тура келді. Тор арқылы босатылатын домалақ диірменнің (4,5х6м) кеспелтек қабырғасын дайындауға екі ай уақыт жұмсалды, – деді кәсіпорын жетекшісі.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»