• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
09 Шілде, 2016

Меморандумға қол қойды

340 рет
көрсетілді

«Нұр Отан» партиясы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен кәсіпкерлікті дамыту және бизнес мүддесін қорғау жөніндегі жүйелі қарым-қатынас орнату туралы келісімді бекітті. Өза­ра ынтымақтастық жөнін­дегі меморандумға «Нұр Отан» партиясы Төрағасы­ның бірінші орынбасары Мұх­тар Құл-Мұхаммед пен «Ата­ме­кен» Ұлттық кәсіпкер­лер пала­тасының Басқар­ма төра­ғасы Абылай Мырзах­метов қол қойды. Құжат отандық кәсіпкерліктегі бәсекелестікті арттыру бойынша бірлескен және келісілген әрекеттерді жүзеге асыру барысында өзара қолдау мен белсенді ынтымақтастықпен қамтамасыз етуді көздейді. Сондай-ақ, биз­нес-бастамаларды орындау үшін қолайлы құқықтық, экономи­калық және әлеуметтік жағдай қалыптастыру да мақсат етіледі. Жиынға жетекшілік еткен Мұхтар Құл-Мұхаммед Мемлекет басшысының 2050 жылға дейінгі Қазақстанның даму стратегия­сында көрсетіп берген басты тапсырмаларының бірі – еліміздің ІЖӨ-дегі шағын және орта бизнестің үлесін 50 пайызға дейін арттыру болып табылатындығын атап өтті. «Партиямыздың көшбасшысы айқындап берген әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосылу жөніндегі биік мақсаттарға қол жеткізу үшін кәсіпкерлердің жұмыс істеуіне мейлінше қолайлы жағдай жасауымыз керек. Бұл күрделі істе «Нұр Отан» партиясы маңызды рөл атқаруы тиіс. Біз отандық кәсіпкерлерге жедел және тиімді көмек көрсету үшін орталық пен өңірлердегі барлық ресурстарды іске қосамыз. Өйткені, кәсіпкерлік – өркендеген экономиканың негізі», – деді Мұхтар Абрарұлы. Айта кетейік, «Нұр Отан» партиясы өзінің «Қазақстан–2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты сайлауалды бағдарламасында Қазақстандағы кәсіпкерлікке жасалатын жағдайды әлемнің жетекші елдеріндегі деңгейге дейін жеткізуді өзіне міндет етіп алған. Сондықтан да кедендік басқаруды және рұқсат жүйесін жақсартуға, субсидиялау үдерісі мен несие кепілдігін автоматтандыруға жіті көңіл бөлініп келеді. Ал партия жетекшілерінің 2021 жылға қарай Қазақстанды «Doing Business» рейтингі бойынша 25 озық мемлекеттің қатарына қосу міндетін қойып отырғандығын ескерсек, ел экономикасының негізгі тірегі саналатын орта және шағын кәсіпкерлікті дамыту қажеттілігі туындайтыны сөзсіз. Ендеше, осы тұрғыда Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен «Нұр Отан» партиясының бүгінгідей мәмілеге келуі өте орынды болмақ. «Нұр Отанның» біз арқылы шағын және орта кәсіп саласына бет бұруы зор жауапкершілік әрі үлкен жетістік. Себебі, партия бүгінгі қоғамдағы өте ауқымды сая­си күш болса, Ұлттық палата алып экономикамыздың бойына қан жүгіртетін кәсіпкерлікті реттейтін негізгі кілт. Соңғы кездері Ұлттық палата шалғай елді мекендер мен алыс аудандардағы халықты шағын және орта кәсіпке баулып, үйретуде арнайы орталықтар мен кеңселер ашып, белсенді әрекет етуде. Енді осындай игі істің басына «Нұр Отан» партиясының келіп, қызмет аясын кеңейтуін өз басым жақсылыққа балаймын. Партия жанындағы қоғамдық кеңес пен палатаның өңірлік кеңес мүшелері арқылы кәсіпкерліктің дамуына тың серпін беріледі деп санаймын», – деді «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов. Онлайн режімде өткен алқалы жиында партияның облыс орталықтарындағы филиалдары тікелей байланысқа шығып, аймақтардағы кәсіпкерлік қызметтің жай-күйін баяндады. Атап айтқанда, Оңтүстік Қазақстан облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Болатбек Қыстауов, «Атамекен» ҰКП Атырау облыстық өңірлік кеңесінің төрағасы Асылбек Жакиев, Алматы облысынан жекеменшік «Дана» білім беру кәсіпорнының директоры Күләнда Батырбекова сөз сөйлеп, өз кәсіптерінің жетістіктері мен кездескен қиындықтарды шешудегі тәжірибелерімен бөлісті. Олар кәсіпкерлік қызметтің өсіп-өркендеуіне партияның тізе қоса еңбек етіп, үйлесімді жұмысқа үндеуін қолдайтындықтарын білдірді. Осыдан кейін сөз алған «Нұр береке 555» ЖШС бас директоры Тәукен Кеңесбекұлы елдің жетекші партиясы мен ұлттық палатаның осындай меморандум бекітуі отандық тауар өндірушілерді қолдауға зор мүмкіндік беретіндігін алға тартты. «Біз бір ғана Астана қаласының өзінде отандық тауар өндірушілердің басын қосуға ұмтылып отырмыз. Күні кеше ғана «Самғау» атты сауда үйін ашып, заманауи үлгіге сай 5 мың шаршы метрді құрайтын сауда алаңын іске қостық. Ол жерде 100-ден аса астаналық кәсіпкер өнімдерін саудалауда. Алдағы уақытта 300 өндіруші өз өнімдерін қоюға ниет танытуда. Келешекте бұл бағыттағы көрсеткішімізді 15 000 шаршы метрге жеткізуді көздейміз. Осылайша, қазір шашыраңқы бағытпен дамып жатқан отандық тауар өндірушілерімізді бір жерге топтастыру арқылы олардың нарыққа енуі мен танымалдығын арттырғымыз келеді. Ал енді осы жұмысымызға нұротандықтар қосылса, кәсіпкерлік қызметтің дамуы арқылы қоғамның әлеуметтік жағдайы жақсара түседі деген сенімдемін», – деді Т.Кеңесбекұлы. Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан»
Соңғы жаңалықтар