«Нұр Отан» партиясының Мәжілістегі фракциясының мүшелері, Парламент Мәжілісінің депутаттары Бақытжан Ертаев, Евгений Козлов және Нұртай Сабильянов жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысында болды.
Бақытжан Ертаев пен Евгений Козлов ең алдымен «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында әділет саласының және Ауған соғысы ардагерлерінің өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты халыққа Жолдауы мен «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары, «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы тақырыптарында кеңінен сөз қозғалып, жүзеге асу деңгейіне көңіл бөлінді. Әрі қарай, Мәжіліс депутаты Евгений Козлов сайлаушылардың үйлерін аралап, өскемендіктерді алаңдатып отырған мәселелер, сол қатарда, партияның сайлауалды бағдарламасының басты аспектілері жайлы сөз қозғады.
Ал Бақытжан Ертаев осы күні Аягөз ауданындағы жаңадан салынып жатқан шағын ет комбинатының жұмысымен танысып, өнім өңдеу мен өткізуде қандай мәселелер барына назар аударды.
«Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі Нұртай Сабильянов Аягөз ауданына қарасты Майлин, Ақшатау, Ақшәулі, Бидайық, Мыңбұлақ, Өркен және басқа да бірнеше ауылда болып, 400-ден астам ауыл тұрғынымен кездесу өткізді. Мұндай кездесу теміржолшылар қауымымен де жалғасты. Барлық басқосуда «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары бойынша атқарылуы тиіс жұмыстар әңгімеленіп, сайлаушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берілді.
Аягөз тұрғындарымен кездесу кездерінде көтерілген сұрақтардың кейбірін атай кетейік. Олар: әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу барысында кездесетін түрлі жағдайлар, жастарды жұмыспен қамту, игерілмей жатқан жер телімдерін қайта қарау, тері мен былғары өңдеу, зейнетақының төменгі деңгейін көтеру, мемлекет қаржысына салынып жатқан құрылыстарды қатаң бақылау, ауыз су және өзгелер. Осы сұрақтардың ішінде көпшіліктің көкейкесті мәселесі ретінде жолдарды күрделі жөндеуден өткізу жайы жиі аталды.
«Біздің елімізде кеңінен жүргізіліп жатқан реформалардың негізгі міндеті – әр қазақстандықтың өмір сүру сапасын жақсарту. Соған қарамастан, шешімін таппай жатқан мәселелер де кездеседі. Ондайларды ашық айтыңыздар, өзім жеке бақылауыма алатын боламын», – деді Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»