...қолдау көрсетеді
Рухани азыққа қамқорлық
Бүгінгі таңда тұрмысы төмен отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға елімізде сан түрлі шара жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Осындай жарқын істер Ақжайық ауданының Алғабас ауылында да аз емес. Қолдан келген көмекке аянбаудан, сауабы мол іске атсалысудан мысал жеткілікті.
– Аудандық мәслихат депутаты, «Қадеш» шаруа қожалығының мүшесі Дарын Боранбаев табысы аз ағайынға рухани азықпен қамқорлық жасауды ұйғарды, –дейді Алғабас ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы Ұлболсын Мұқаналиева. – Яғни, 7 отбасыны мемлекеттік саясатты насихаттайтын басты басылым – «Егемен Қазақстанға» жазылымды хаттауға 25 мың теңге ақшасын шығарды. Ауылдастарын газет-журналға жаздырту жөнінде жанашырлық барлық жердегідей Алғабаста да аз емес.
Болат ҚОСЖАНҰЛЫ
Батыс Қазақстан облысы,
Ақжайық ауданы
...сенім артады
Жол жөнделсе дейміз
1991 жылы Семей полигоны жабылған соң, Абыралы ауданы қайта құрылды. Ал 1992 жылы Елбасы бекіткен «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» заң қабылданды.
Бүгінгі таңда Абыралы жұрты Үкіметтің түрлі бағдарламаларына байланысты қабылдаған жобалардың көмегін көріп отыр. Десек те қазіргі таңдағы ең басты да өзекті мәселе жол дер едік. Қайнар – Семей тасжолы 280 шақырымды құрайды. Ол республикалық деңгейдегі ең маңызды күре жолдардың бірі. Семей – Қайнар тасжолы арқылы 3 облыстың – Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар халқы қарым-қатынас жасайды. Астана мен Семейге осы жермен жүру кезінде тиімді болған. Оның бойында Абай ауданына қарасты Саржал, Қызылту ауылдары, бұрынғы Шұбартау ауданының ауылдары мен Абыралы ауданына қарасты алты ауыл орналасып, бір-бірімен осы жол арқылы қатынас жасайды. Өңірде теміржол, әуе қатынасы мен су қатынасы әуелден болған емес. Барлық тіршілік, қарым-қатынас тікелей осы тасжол арқылы жасалады. Бүгінде Семей-Қайнар тасжолы мүлдем жүруге жарамсыз, сын көтермейді. Осы аталған іс-шара қолға алынса, ауыл тұрғындары атынан алдын-ала ризашылығымызды білдірер едік.
Нұрқасым ӘЖІТАЕВ
Шығыс Қазақстан облысы,
Қайнар ауылы
...үлгі тұтады
Істің тетігі енді табылды
Қарасу ауданының жеке кәсіпкері атанып үлгерген Жолдыбай Осупов 15 жылдық еңбек өтілі бар аяқ киім тігу шебері. Ол бизнесмен деген мәртебеге енді ғана бой үйретуде. Өйткені, аяқ киім жөндеуге арналған жеке шеберханасын жақында ғана ашқан. Бұған дейін Жолдыбайға ауылдастары телефон шалу арқылы тапсырыс беретін, содан кейін ол қоңырау келіп түскен үйлерді аралай жүріп, бүлінген аяқ киімдерді үйіне жинап алып келеді. Оның бұл таланты аудандық әкімдікке де, кәсіпкерлер палатасына да жетті. Сөйтіп, Қарасуда аяқ киім жөндейтін бір де бір шеберхана болмағандықтан, Жолдыбайға осы олқылықтың орнын толтыруға ұсыныс жасалды. Ол «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша грантқа өтініш білдіріп, 660 мың теңге қаражатқа ие болды. Оны ол тігін машинасы және басқа да қажетті құрал-жабдықтар сатып алуға жұмсады.
«Қазір дүкен ғимаратынан бір бөлмені жалға алып отырмын. Енді клиенттерге өзім бармаймын, олар маған келеді. Бұдан ел аяғы азайған жоқ, жұрт жаңа шеберхана барын біліп алған, күніне 5-6 адамнан келеді. Бұл табысы жыл он екі ай бойы түсіп тұратын мамандық», – дейді Жолдыбай Осупов.
Абай БОЛСЫНОВ
Қостанай облысы
...ризашылығын жеткізеді
Шипагер шапағаты
Жақында Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданы, Дербісек ауылындағы бір емші туралы естіп, барып қайттым. Алғашқы күндері емші Нұрдәулет Жұмаділдаевқа күмәнмен қарап, «Мен сіздің қолыңыздың биотогы бар екеніне сенбеймін», деп ашық айттым. Емшінің бұл жөнінде арнайы дипломы бар екен. Әйтсе де менің көзімді жеткізбек болып ол үстел үстіндегі градусникті қолына алып еді, бес минөттен кейін әлгі градусниктің жылуы 39-ға жетті. Сосын қолын бауырымның тұсына қойды. Қолы тиген жері кәдімгідей ысып, қыза жөнелді. Өмір бойы партия қызметінде болып, атеистік тәрбие алғандықтан мұндай құбылысқа еш сенбейтінмін. Емші Нұрдәулеттің бұл қасиеті күмәнімнің бәрін жоқ қылды.
Нұрдәулеттің тағы бір қасиеті өте сабырлы, асықпайды. Ол бір рухтың желеп-жебеп, тылсым күшке ие болатынын, еркінен тыс әрекетке бармайтынын, бәрін тек аян білдіру арқылы орындайтынын айтады. Қазір сонау Қостанай, Ақмола, Алматы, Жамбыл облыстарынан көрші Өзбекстан, Қарақалпақстан елдерінен келіп емделушілер бар. Өзім емделген бір айдың ішінде 17 кісінің әртүрлі кеселінен жазылып, үйлеріне күліп-ойнап қайтып бара жатқанын көріп, Нұрдәулет емшіге деген сенімім беки түсті. Сарыағаш ауданы, Қарабұлақ ауылының тұрғыны Салавар Әбдіхалыққызының сал боп қалғанына біраз жылдың жүзі болған екен, 20 күн ем алған ол үйіне бір таяққа сүйеніп, өз аяғымен қайтты. Осы хатты Нұрдәулет емшінің шапағатын көрген жан ретінде басқаларға да шипасы тие берсін деген ниетпен жазып отырмын. «Ауруды берген Алла емін де береді», деген. Лайым осы сөз өмірден өз көрінісін тапсын.
Қамбарбек ІҢКӘРБЕКҰЛЫ,
соғыс және еңбек ардагері
Жамбыл облысы
...сүйсініс білдіреді
Балалар «Ақбөбекте»
қауышты
Қарғалы өзенін Ақтөбе қаласының тұрғындары мақтаныш тұтады. Қаламен іргелес ағып жатқан өзен маңы жанға жайлы, табиғаты көркем ерекше жер. Осы бір тұмса табиғат аясында «Ақбөбек» балалар демалыс лагері орналасқан. Жаздың басталуын күткен балалар сонда баруға асығады. Олар үшін ең қызықты да думанды шақ енді басталғандай. Бір-бірімен жақын танысып, достасып та үлгерген. Лагерь ауласы мұнтаздай тап-таза, жасыл желек жайқалып тұр. Бұл жерде қаланың адамды мезі етер у-шуынан алыстап, жұтқан бір жұтым ауаның да балдай тәтті дәмін сезінгендей боласың. Лагерьдің ашылу салтанатына балалардың ата-аналары да көп жиналды. Жиналғандар алдында балалар мен олардың тәлімгерлері өз өнерлерін көрсетіп, түрлі ойындар өткізді. Әдемі әуен ырғағында тәлімгерлер де би билеп берді. Кішкентай балуандар өз өнерлерін көрсетсе, парктің нұсқаушылары шеберлік сыныбын өткізіп көпшілікті тәнті етті. Ән мен жырға, биге толы өткен лагерьдің алғашқы маусымының ашылу салтанаты демалуға келген балалардың есінде ұзақ уақыт бойы сақталып қалатындай әсерлі өтті.
Ирина ҚОСПАҒАНБЕТОВА
Ақтөбе облысы