Кедейлерін жебеп, кемтарларына шынайы қамқорлық көрсету қазақ халқы үшін адами парыздың басты белгісі саналады. Әлемдік өркениеттілік ұғымында бұл толыққанды мемлекеттіліктің белгісі болып табылады. Тәуелсіз Қазақстан жылдан-жылға экономикасы артып, әлеуеті нығайған сайын осы бір дәстүрлі қағидаға басымдық беріп, қоғамымыздың аз қамтамасыз етілген топтарына әлеуметтік қамқорлық жасауды жүйелі түрде мемлекеттік деңгейде жүзеге асырып келеді. Бұл ретте еліміздің бас қаласында да жасалып жатқан ізгі қадамдар мен игі істер баршылық. Әлеуметтік салада атқарылып жатқан шаралармен жан-жақты танысу мақсатында Астана қаласы жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ермек ОСПАНОВТЫ әңгімеге тартқан едік.
– Ермек Сабырбекұлы, Астана қаласында тұрғындарды әлеуметтік қорғау және кедейшілікті жою мақсатында қандай жұмыстар атқарылуда? Аз қамтамасыз етілген топтарды қолдау жөнінде қандай бағдарламалар жұмыс істейді?
– Астана қаласының жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасы қызметінің басты мақсаты – азаматтардың әл-ауқатын, өмір сүру деңгейін арттыру, елордалықтарды әлеуметтік қамтамасыз етудің тиімді де пәрменді жүйесін жасау. Бұл тұрғыда егемен елімізде тұрғындардың аз қамтамасыз етілген топтарын қолдауда «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек», «18 жасқа дейінгі балаларға арналған мемлекеттік жәрдемақы» және «Тұрғын үй көмегі» сияқты атаулы көмектері жұмыс істейді. «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен төмен Астана қаласында тіркелген және тұрақты тұратын аз қамтылған отбасыларына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалады. Адамға (отбасына) атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері жан басына шаққандағы орташа табыс отбасының әрбір мүшесіне есептелген кедейлік шегінің белгіленген айырмасы түрінде есептеледі.
«Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы» Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру шеңберінде 18 жасқа дейінгі балаларға арналған мемлекеттік жәрдемақы отбасының асырауындағы 18 жасқа дейінгі әр балаға азық-түлік себетінің құнынан төмен табысы бар отбасыларға 1 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде тағайындалады. Тұрғын үй жәрдемақысы, егер тұрғын үйді ұстауға, тұтынылған коммуналдық қызметтерге және байланыс қызметтеріне ақы төлеуге жұмсалған шығындар отбасының алдындағы тоқсандағы орташа айлық жиынтық кірісінің 8 пайызынан асып кетсе ғана төленеді.
«100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 84-ші қадамы талаптары шеңберінде атаулы әлеуметтік көмек тиімділігін көтеру мақсатында халықты әлеуметтік қорғау жүйесін жандандыру үшін 2015 жылдың қыркүйек айынан бастап «Өрлеу» қанатқақты жобасы шеңберінде шартты ақшалай көмекті (бұдан әрі – ШАК) ұсыну бойынша жұмыстар жүргізілуде. Шартты ақшалай көмек жан басына шаққандағы орташа айлық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің (2016 жылдың II тоқсанында – 13735 теңге) 60 пайызынан төмен отбасыларға төленеді. Бұл ретте жәрдем алушылар арнаулы әлеуметтік келісімшартқа сәйкес жобаға қатысуға міндетті. Осындай келісімді жасағаннан кейін жобаға қатысушы уақытша қосымша жәрдемақының орнына жұмысқа орналасуға, оның ішінде жастар тәжірибесіне, әлеуметтік жұмыс орындарына, қажет болған жағдайда басқа да мамандықтарға қайта оқыту курстарына баруы керек. Яғни барлық мүмкіндіктерді толық пайдалана отырып, оз отбасын өмір сүрудің сапалы деңгейіне шығаруға міндетті.
2015 жылдың қыркүйек айынан бастап желтоқсанға дейін ШАК-пен 15 отбасы, оның ішінде 74 адам қамтылды. Ағымдағы жылдың 1 шілдесіне 99 адамға шартты ақшалай көмек берілді. Тағы бір атап көрсететін мәселе, 2015 жылдың сәуірінен бастап 540 керуерт-орынға арналған қарттарға, мүгедектерге және мүгедек балаларға арналған Оңалту орталығы қызмет көрсете бастады. Орталық Шучье-Бурабай курортты аймағында Қатаркөл көлінің жағасында экологиялық таза орман алқабында орналасқан.
Елордада 2015 жылдың қазан айынан бастап алғаш рет жасы бойынша зейнеткер азаматтарға жолдама құнының 35 пайызын төлеу және ең төменгі зейнетақы алушылар ішінен жасы бойынша зейнетке шыққандарға жолдама құнының 25 пайызын төлеу арқылы шипажайлық-курорттық емделу қызметтері ұсынылады. Нәтижесінде өткен жылы санаторий-курорттық емделумен 2851 адам, оның ішінде 808 зейнеткер, 116 тыл еңбеккерлері, 19 Ұлы Отан соғысының ардагерлері және оған теңестірілген тұлғалар және 270 мүмкіндігі шектеулі тұлғалар қамтылды. Ағымдағы жылдың басынан санаторий-курорттық емделумен 1124 адам, оның ішінде 602 зейнеткер, 50 Ұлы Отан соғысының ардагерлері және оған теңестірілген тұлғалар және 472 мүмкіндігі шектеулі тұлғалар шипажайлық-курорттық емделу жолдамаларын алды. Бұдан басқа, Астана қаласы мәслихатының 2014 жылғы 27 маусымдағы шешімімен бекітілген Астана қаласының мұқтаж азаматтарының жекелеген санаттарына қалалық бағыттағы жолаушылар көлігінде жол жүруге төлем төлеуден босату түріндегі әлеуметтік көмек көрсету тәртібі енгізілді.
Сөйтіп, қалалық бағыттағы жолаушылар көлігінде тегін жол жүру түріндегі әлеуметтік көмек азаматтардың мына санаттарына:
– 68 мыңнан астам зейнеткерлерге және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушыларға, 4 мыңнан астам көпбалалы аналарға; 7 мыңнан астам көпбалалы отбасыларға; 20 мыңнан астам мүгедектерге көрсетіледі.
Қазіргі таңда елордада 162 Ұлы Отан соғысының ардагерлері тұрады, оның ішінде 124 Ұлы Отан соғысына қатысушылар және 38 Ұлы Отан соғысының мүгедектері бар. Астана қаласы мәслихатының 2014 жылғы 27 маусымдағы шешімімен Астана қаласында әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидасына сәйкес, 2016 жылы Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне және соларға теңестірілген тұлғаларға жалпы көлемі 500 млн. теңгеден астам әлеуметтік көмек карастырылды, оның ішінде 9 мамырда Жеңіс күніне орай 167 Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне 1 миллион теңгеден бір жолғы ақшалай көмек көрсетілді.
– Қаламыздағы аз қамтамасыз етілген тұрғындарға атаулы әлеуметтік көмек көрсету жайы қалай?
– «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Астана қаласында тіркелген және тұрақты тұрып жатқан, жан басына шаққандағы орташа табыстары кедейлік шегінен төмен, табысы аз азаматтарға әлеуметтік көмек көрсетіледі. Азаматтарға (отбасына) атаулы әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен төмен болған жағдайда отбасының әрбір мүшесіне төленеді. Ағымдағы жылдың басынан атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 883 адамды құрады. Табыстары азық-түлік себеті құнынан төмен отбасыларында тәрбиеленуші 18 жасқа дейінгі балаларға 1 айлық есептік көрсеткіш көлемінде мемлекеттік жәрдемақы тағайындалады. Ағымдағы жылдың басынан мемлекеттік балалар жәрдемақысы 2513 балаға төленді.
– Елордада жұмыссыздар саны қалай анықталады және қазір қанша жұмыссыз адам тіркелген?
– Жұмыссыздыққа қарсы күрес бойынша белсенді шараларды қолдану жұмыссыздық деңгейін төмендетуге мүмкіндік берді. 2016 жылдың І тоқсанында жұмыссыздық деңгейі 4,7 пайызды құрады (2015 жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш – 5,1 пайыз, 2010 жылы – 6,3 пайыз болған. Астана қаласында жұмыссыздық деңгейі еліміздің басқа өңірлерімен салыстырғанда ең төменгі дәрежеде.
Елорданың еңбек нарығының жағдайын тұрақтандыру шеңберінде «2016 жылға арналған Астана қаласының халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің кешенді жоспары» бекітілген. Кешенді жоспардың негізінде жұмыссыздарды, оның ішінде халықтың нысаналы топтарын жұмыспен қамту бойынша жан-жақты шаралар қарастырылған. Бас қаламызда жыл басынан 6990 адам жұмыс іздеп сұраныс жасаған, олардың 4105-і жұмыссыз азаматтар. Жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау шаралармен 5329 адам қамтылған. Сұраныс жасаған азаматтарға жұмысқа орналасу, қоғамдық жұмыстарға қатысу, кәсіби даярлау курстарынан өту, әлеуметтік жұмыс орындары мен оқу орындарының түлектеріне жастар практикасына қатысу ұсынылды.
– «Жол картасы» аясында қалада жұмысқа орналасқандар қанша? Кәсіптік даярлық және қайта даярлау жайы қалай?
– Елордалықтарды жұмыспен қамтамасыз етуді жақсарту мақсатында «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы іске асырылуда. Ағымдағы жылы бағдарлама екі бағыт бойынша жүзеге асырылады: «Инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету» және «Жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде оқыту және қоныс аудару арқылы жұмысқа орналасуға жәрдемдесу». Бағдарламаның «Инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету» атты бірінші бағыты бойынша 55 жобаны іске асыру (11 білім беру, 1 дене тәрбиесі және спорт, 20 денсаулық сақтау, 14 мәдениет және 4 әлеуметтік қамтамасыз ету, 5 автомобиль жолдары объектілері) жоспарланған. Аталған жобаларды іске асыруда 1133 жаңа жұмыс орындары ашылады. Жұмыспен қамту орталығының жолдамасы бойынша 577 адам жұмысқа орналасады. «Жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде оқыту және қоныс аудару арқылы жұмысқа орналасуға жәрдемдесу» атты үшінші бағыты шеңберінде 811 қатысушылар (кәсіби даярлау – 211 адам, әлеуметтік жұмыс орындары – 100 адам және жастар практикасы – 500 адам) қамтылады.
– Ермек Сабырбекұлы, енді әлеуметтік жұмыс орындары және қоғамдық жұмыс орындары жөнінде түсінік беріп өтсеңіз?
– Әлеуметтік жұмыс орындарын жұмыс берушілер құрады, оларды ашу кезінде тұрақты жұмыс орындарына арналған бос орындар пайдаланылмайды және олар ауыр жұмыстарда, зиянды және қауіпті еңбек жағдайлары бар өндірістерде ашылмайды. Әлеуметтік жұмыс орындары жұмыссыздар үшін арнайы ашылады, мұндай жұмыс орындарына қабылдауда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, зейнеткерлік жас алдындағы адамдарға, мүгедектерге, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және мәжбүрлеп емдеуден өткен адамдарға, пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға, оралмандарға, кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеп отырған жалғызілікті, көпбалалы ата-аналарға, жеті жасқа дейінгі баланы, мүгедек баланы, бірінші және екінші топтағы мүгедектерді бағып-күтуді жүзеге асыратын адамдарға, терроризм актісінің нәтижесінде зардап шеккен адамдар және оның жолын кесуге қатысқан адамдарға басымдық беріледі.
Ағымдағы жылдың басынан қаламызда 101 адамға әлеуметтік жұмыс орындарына жолдама берілді. Қоғамдық жұмыстар бюджет қаражаты шегінде және жұмыс берушілердің тапсырыстары бойынша олардың қаражаты есебінен қаржыландырылады. Қоғамдық жұмыстарға қатысуға жұмыссыздардың, жазғы демалыс кезеңінде студенттердің және жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушыларының, өндірістің тоқтап тұруына байланысты жұмыспен қамтамасыз етілмеген адамдардың құқы бар. Жыл басынан бері осындай 1079 жұмыссыз адам қоғамдық жұмысқа тартылды.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»