• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
09 Шілде, 2016

Астана

384 рет
көрсетілді

Көш түзеп замананың салтына ерген, Таңырқап дүниенің халқы көрген, Тағылған Қазақстан кеудесіне, Астана – жарқыраған Алтын орден.   Бір шыңнан қадам бастық бір шыңға алып, Бәрін де отыр бүгін жұртым бағып. Ақорда – ақ жүрегі қазағымның, Тынымсыз соғып тұрған дүрсіл қағып.   Ашылды болашаққа Қақпа тыңнан, Мұңы бар бабалардың жаста тұнған. Хан Шатыр – ақ қалпағы алшы киген, Көп үйлер – көп сарбазы сапта тұрған.   Біз үшін Тәуелсіздік – сарқылмас ән, Мен бүгін қадамымды жарқын басам. Көтерген бостандықтың шаңырағын, Бәйтерек – баға жетпес алтын бақан.   Төсінде ән мен күйге Арқаның бай, Маған да жарасады салсам «Угәй...». Жол біткен түйіседі осында кеп, Тұс-тұстан тарамданған қан тамырдай...   Бетке алып тартып келем арман-белді, Иіскеп бабам тері тамған жерді. Асқар тау, ағынды өзен, мидай дала – Бәрі де ескі күннен қалған белгі.   Алды азап болды өмірдің, арты бақыт, Аспанға жатыр бөркін халқым атып. Қарайды Қазақстан бар әлемге, Нұр шашқан Күн кеудесін жарқыратып.   Өтті ғой қаһарлы қыс, долы көктем, Заманның әр кезеңі болып өктем. Бұл да бір дәурені ғой шалқитұғын, Қазақтың еркіндікке қолы жеткен.   Қонақтар кеп жатады дүркін-дүркін, Бар шығар тартатын бір тылсым, мүмкін! Төсінде Сарыарқаның ойнақ салған, Өтеді-ау біздің бастан, шіркін, бұл күн.   Тамаша бір көрікті Есіл берді, Күндіз деп айтқан дұрыс кешін де енді. Күтеді одан халық жақсылықты, Күтеді одан халық шешімдерді.   Қолында шытырлайды көк теңгелер, Ойнайды арпалысып отпен нелер. Төсіне Сарыарқаның дамылдайтын, Көші де тоқтамасын шеттен келер.   Алысқа ұша берсін арман құсы, Пенденің таусылмайды жалғанда ісі. Қазақтың жүрегінде сақталады, Оны әкеп Сарыарқаға салған Кісі.   Бойда бар құрыш қайрат, жасын жігер, Жалғанды жалпағынан басып жүрер, Кіргізіп сәні менен салтанатын, Басқарған ұмытпайды әкімді де ел.   Отырмын ерік беріп тізгінге мен, Бір түрлі көңілім шат, қызғын денем. Шертеді шежіресін өткен күннің, Бір күні, оқыса ұрпақ, біздің де өлең.   Сапарда сан қайтара көш түзедің, Деп елді Ұжымаққа жеткіземін. Тарихың тым әріден басталады, Соған сай келешегің шексіз, Елім! Ауыт МҰҚИБЕК
Соңғы жаңалықтар