Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Әскери-тарихи музейінде венгриялық фотосуретші Бела Бернолактың «Будапешттің 1945 жылдан бүгінгі күнге дейінгі дамуы» атты фотокөрмесінің ашылу рәсімі өтті.
Фотосуретші Бела Бернолак 1967 жылы Будапешт қаласында туған. Әкесінен мұра еткен фотоөнерге деген махаббаты мен суретке түсіру өнерінің дағдылары оны бүгінгі биікке жетелеген.
Бела Бернолактың еңбектері Будапешт қаласының полиция басқармасының резиденциясында, мемлекеттік мекемелер мен Будапешттегі балалар темір-жолы стансасы қабырғаларының сәнін кіргізіп тұр.
«Будапешттің 1945 жылдан бүгінгі күнге дейінгі дамуы» атты фотокөрме Будапешт полициясының, жедел жәрдем қызметкерлерінің, өрт сөндірушілердің және төтенше жағдай қызметі жұмысшыларының күнделікті еңбектерін бейнелейді.
Автордың туындылары Будапешт қаласының әсемдігі мен дамуын ғана емес, сонымен бірге, соғыстан кейінгі жылдардағы Венгриядағы бірлесу, бостандық алу күресін, қайта жаңғыртулардың қиын жолдарын көрсетеді. Фотосуретшінің кейбір жұмыстары Парламент ғимаратының төбесінен, Корольдік сарайдағы Ұлттық Галереяның төбесінен және өтуге тыйым салынған жерлерден түсірілген.
Айтулы шараға еліміздің қоғам, ғылым мен мәдениет қайраткерлері, Қорғаныс министрлігінің басшылары, Қазақстан Республикасындағы Венгрия елшілігі істеріндегі Уақытша сенімді өкілі Шандор Дороги мырза және автордың өзі қатысып, көнеден сыр шертер көрменің мәні мен маңызына тоқталып өтті.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ