• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
09 Шілде, 2016

«Қазақ Артегі»

348 рет
көрсетілді

қалыптасып келеді Жылдың үш мезгілінде білім алып, тәрбие үйреніп, жадырап жаз келгенде демалысқа шығатын оқушыларға жағдай жасау бас­ты парыз десек, осыны биік дәре­жеде атқарып келе жатқан, қазірдің өзінде «Қазақ Артегі» деген атқа ие бола бастаған, Арқа төсіндегі алтын түйме секілді ұл мен қыздың көзайымына ай­налған, айналасы көз тартатын Бурабайдағы жыл бойы жұмыс істейтін «Балдәурен» кешені дер едік. Бұл кешен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қолдауымен «Артек» халықаралық балалар орталығы негізінде 2002 жылы ашылып, жұмыс істеп келе жатыр. Ел дәулеті артып, әулеті өскен тұста балаларды сауық­тыру орталы­ғына сұраныс күн өткен сайын арта беретіні анық. Тәуелсіз елдің ұрпағы бір барып көрсем деп ар­мандайтын ұлттық артек қа­лыптастыру керектігін ке­зінде «Егемен Қазақстан» газеті көтеріп, ауасы тұнық, суы таза Ота­нымыздың барлық өңір­лерінен «Балдәу­реннің» бөлім­шелерін ашу жөнінде мә­селе қозғаған еді. Сол бөлім­шелерден жасақталған үздіктерді «Балдәурен» «Қазақ Артегіне» жіберу туралы ойда алға тартылған. Ондағы сүйенген бағ­дарымыз КСРО заманын­да­ғы «Қырым артегі» болатын. – «Балдәурен» жыл бойы 6 мың­нан аса оқушылардың демалуына жағ­дай жасайды. Біз қазір тек өз Отанымыздың аясында қалып қоймай, әлемдік деңгейдегі балалар демалатын орталықтармен тығыз байланыс жасап келеміз. Жақсыны жатырқамай жетілдіре отырып биік деңгейге жеткізу бас­ты бағыт болып саналады. Біз­дің кешенде 2010 жылы 98 мемлекетті қамтыған 51-ші халықаралық ма­­тематика олимпиадасы өтті. Ар­тегіміздің жалпы аумағы да мол. «Балдәуреннің» аясын кеңейтіп жатырмыз. Маң­ғыстау облысының Кен­дірлі өңірінен осыдан екі жыл бұрын бөлімшесін ашқан едік. Қазір жүйелі жұмыс жалғасуда. Мың­даған бала жазғы демалыстарын сонда өт­кізуде. Сондай игі қадам оңтүс­тік өңі­рінен де өз шешімін тап­ты. Нақтылай түссем, Ал­маты облысы Қапшағай су қой­­­масының жағалауындағы «Алтынемел» пансионаты базасында бөлімшеміз биылдан бастап жұмыс істей бастады. Осының бәрі Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен жү­зеге асып жатқанын айта кетуге тиістімін, – деген еді дидарласу үстінде «Балдәурен» рес­публикалық ғылыми-әдіс­темелік, сауығу және оқу-педагогикалық ұйымдастыру орталығының директоры Мұхиддин Төлепбай. Жақында Қапшағай қала­сының солтүстік жағалауына ор­наласқан «Алтынемел» пан­сионатындағы «Балдәурен» орталығында болған едік. Та­биғаты тамаша, Қапшағайдың жа­құты саналатын Іле өзе­нінің суымен көркем астасып жатқан орталық әрлі де әдемі. Құмды жағалау, мөл­дір таза су, күн нұрымен ажары ашыл­ған алуан түрлі бассейндер, айналасындағы жұпар иісі аң­қыған гүлзарлар ерекше есте қалады. Еңселі ғимараттар ішіне қойылған жи­һаздар, балалардың денсаулығына қызмет көрсететін емдеу кешені, күн бұлтты күндері суға түсетін үй іші бассейндері – бәрі де жарасым тапқан. – Біздің орталыққа балаларын жіберген ата-аналар уайым­дамасада болады. Де­ма­луына, денсаулығына қажет бар­­лық мүмкіндіктер қара­с­ты­рылған. Олармен жұ­мыс іс­тейтін «Жастар» педа­гоги­калық тобының қыз-жігіт­тері мен ұстаздар қауымы қыз­метке кон­курспен алынған, – деген ор­талық директоры Бірлік Бар­жақ­сымов лагерьдің жұ­мы­сымен жан-жақты таныстырып шықты. Оның айтуынша, балалармен бірге ата-аналардың да демалуына болады екен. Лагерь төңірегі, кешен іші – бәріне де бақылау тетіктері, сол секілді күн ыстықта қосатын әр бөлмеге суытқыштар қойылған. Лагерьдің жұмысы Білім және ғылым министрлігі, өзге де тиісті орын­дардың бақылауында екенін еске салды. Жаңадан іс бастаған «Балдәурен» орталығы тек қана жаз айында жұмыс істеп қоймай, өзге маусымдарда да қыз­метін жал­ғастыра бермек ниетте. Қазірдің өзінде бұл кешенде 100-ге тарта бала демалып жатса, алдағы уақытта көрсеткіш көбейетіні анық. Келер жылы бір ауысымда 500-600-ге дейін оқушы демалады деген бағыт-бағдар айқындалып қойған. Ал одан кейінгі кезеңде мүмкіндігі шектеулі балалардың әрі оқып, әрі демалуына жағдай жасалмақ. Сонымен қатар, түрлі фестивальдер, оқу конкурстарын, спорттық жарыстарды өткізу де негізгі нысанада екен. Әрине, алда тұрған мін­дет­тер де аз емес. Соның бас­ты­сы деп орта­­лыққа келген оқу­­шылардың арасындағы талантты, дарынды ұл мен қызды Бурабайға сапарлату жайын да қарастырамыз. Біздің осындай ізденістерімізге кең-байтақ Ота­­­ны­мыздың өзге өңір­лері де атсалысып, балалар­дың де­малуына ыңғайлы деген таби­ғаты келісті, ауа райы жайлы тау баурайларынан, өзен-көл жа­ғалауларынан, бастау, б­ұ­лақ маң­дарынан, ұлт­тық құн­ды­лықтар молынан шоғыр­ланған құт мекендерден артек бөлім­шесін ашуға мүмкіндік жа­сап жатса, нұр үстіне нұр бо­лар еді, – дейді кешен басшылары. Шынында, тәуелсіз елдің ұрпағы талпынатын, бір көрсем, барсам деп армандайтын, демалып жүргенде достар тауып, солармен бауырласып кетсем деген ұл мен қызға қажет осындай игілікті іс қанатын жайып, өрісін кеңейтсе, өркенді іс болары анық. Бұл бүгінгі жастың өресін өсірсе, келер ұрпақтың арманын асқақтатары анық. Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан» Алматы облысы
Соңғы жаңалықтар