• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
09 Шілде, 2016

Тәуелсіз телерадио арналар

721 рет
көрсетілді

15 жылдан бері халыққа қалтқысыз қызмет көрсетуде Қазақстан Ұлттық телерадио хабар таратушылар  қауым­дастығы қоғамдық ұйымның жаңа президентін сайлады. Қазақстан Ұлттық теле­радио хабар таратушылар қауымдастығы  еліміздің тәуел­­сіз бұқаралық ақпарат құралдарының, оның ішінде рес­публика көлеміндегі  жекеменшік телерадио ұйым­дарының қыз­метіне қолдау көрсететін әрі ол ұйымға өздері мүше болып кіретін бірден-бір қоғамдық ұйым. Қауымдастық 2001 жылы еліміздің масс-медиа саласында алғаш танымал бола бастаған «31 арна» ТРК (Алматы), «Отырар» ТК (Шымкент), «Қоғам» ТК (Қызылорда) және басқа да теле­радио компаниялардың бас­та­масымен ұжымдасып, кеңесіп құрылған еді. Өткен 15 жылдың ішінде бұл қоғамдық ұйым Қазақ­станның теле­радио хабар тарату кеңістігінде тәуелсіз теле­арналардың заң жү­­зіндегі кепілді қызметін үйлестіруде, мемлекеттік басқару органдарымен қарым-қатынаста  қауымдастық мүшелерінің  мүддесін қорғауда, жаңадан отау тіккен тәуелсіз телерадио стансаларға ақпараттық-құқықтық қолдау көрсетуде, мар­кетингтік қызметте, телерадио жарнамаларының ауқымын зерттеу  саласында едәуір тиянақ­ты жұ­мыстар атқарды. Барлық шы­­­ғармашылық ұйымдардың кәсіби тұрғыдан біліктілігін арт­тыруға зор үлес қосты. Осы жылдар ішінде қауымдастықтың қатары толығып, Қазақстандағы жекеменшік телерадио компаниялар саны 22-ге жеткенін айта кеткен де абзал.  Қазіргі уақытта жоғарыдағы аталған тәуелсіз телеарналармен бір сапта тұрған түркістандық «Тұран-Түркістан» ТК (Мұрат Бекбаев), қостанайлық «Алау-ТV» (Катерина Тутова), семейлік «Байуақов-ТV» (Омарбек Бай­уақов), қарағандылық «Жаңа ТV» (Олег Никонович), арыстық «Арыс арналары» ТК (Махамбет Төлебеков) және басқалары бел­сенді қызмет атқарып келеді. Бұл компаниялардың буыны қа­тайып, кәсіби шеберлігінің шың­далғанына олардың бүгінгі таң­дағы күнделікті әуе толқындары арқылы таратып отырған жаңа­лықтары мен көрсетілімдері ай­ғақ. Еліміздің бас телеарнасы «Қазақстан» мен «Хабардан» бастап бірқатар беделді телекомпанияларда қызмет істеп жүр­ген көптеген белгілі журналис­тер мен бейнеоператорлардың, бейнеинженерлердің бір кезде осынау жергілікті тәуелсіз теле­ар­наларда алғашқы қадамын бастағаны да көп жайттан хабар берсе керек. Бұл жекеменшік телестансалардың дені қазіргі заманғы техникалық құрал саймандар мен аудио-бейне жабдықтарды пайдаланады.  Сандық телевизияның өмірге дендеп енуі жаңа талпыныстарға жетелеуде. Орал мен Балқаштағы, Өскемен мен Ақтөбедегі, Ақтау мен Петропавлдағы, Сайрам мен Тараздағы, Есік пен Талғардағы тәуелсіз телерадио стансалар тура­лы да осындай жағымды пікір айту орынды. Осыған орай жергілікті ком­панияларда, сондай-ақ, қауым­дастықтың бас кеңсесі орналас­қан Алматыда телерадио мамандарымен тренинг-резиденциялар, байқаулар, фестивальдар өткізу дәстүрі бар. Онда әлемнің, Қазақстанның белгілі журналист мамандары мен танымал құқық қорғаушылары, менеджерлері дәріс оқыды. Мезгіл-мезгіл аумақ­тар­да контенттік сараптамалар жа­­­­салынып тұрады. Осы жылдар ішінде қауымдастықтың бірқатар шет мемлекеттерде (Ресей, АҚШ, Грузия, Түркия, Чехия, Қырғызстан, Тәжікстан, тағы да басқа елдер) көшпелі шығармашылық жиындар өткізіп, өзара тәжірибе алмасқанын да айта кеткен жөн. Бір сөзбен айтқанда – Қазақ­станның тәуелсіздік жылдары отау құрып, еліміздің дамуы са­ты­ларының жүгін бірлесе көтерісіп, өзі де қатар өсіп-өркен­деген Ұлт­тық қауымдастық Ұлы көшке қал-қадерінше үлес қосып келеді әрі болашақта да мейлінше қоса беретіні даусыз. Сөз соңында Ұлттық қауым­дас­тықтың жаңа президенті туралы азын-аулақ мәлімет ұсын­ғанды жөн санадық. Шәкизада Әбдікәрімов – Қазақ­станға және телевизия саласындағы білікті менеджерлік қызметі арқылы жақсы танымал белгілі журналист, үлгілі басшы. Бірне­ше жыр жинақтарының авторы, жігерлі ақын. «Ерен еңбегі үшін» медалі мен «Құрмет» ор­денінің иегері, Қызылорда об­лыстық мәслихатының депутаты. Аумақтағы 400 мыңдай көрер­мені бар тәуелсіз «Қоғам-ТV» телеар­насының бас құрылтайшысы. Соңғы өткен басқарма жиынында Қазақстандағы тәуелсіз 22 теле­рнаның басшылары белсенді азаматтан қауымдастықтың ал­дағы уақытта мемлекеттік ұйым­дармен бірлесе, ынтымақтаса қыз­мет атқаруда тәуелсіз теле-радио хабарларын тарататын стан­­салардың жұмысын одан әрі жандандырады деген зор сенім артты. Сол себепті де Шәкизада Әбдікәрімовті Қазақстан Ұлттық телерадио хабар таратушылар қауымдастығының президентіне ұзақ мерзімге бірауыздан сайлады. Сөйтіп, жаңа басшының Ұлттық қоғамдық қауымдастық жұмысына кәсіби тұрғыда шығар­машылық жаңа леп  әкеле­тініне үміт артып отыр. Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ