• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
09 Шілде, 2016

Жүлдегерлер

473 рет
көрсетілді

Жақында Түркияның Елазық қаласында түркі халықтары ақындарының «Хазар шиир ақшамлары» атты халықаралық поэзия фестивалі өтті. 1992 жылдан бастап өтіп келе жатқан бұл жыр додасы биыл Әлішер Науаидің құрметіне арналды. Осыған дейінгі өткен  фестивальдардың бірі Алаштың ардақты ақыны Мағжан Жұмабаев рухына арналып өткен екен. Елазықтың әкімдігі мен Еуразия Жазушылар одағының ұйымдастыруымен болған осы айтулы жыр фестиваліне Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің шақыртуымен елімізден «Ан-Арыс» баспасының бас редакторы, ақын Кәдірбек Құныпияұлы мен «Мөлдір бұлақ» журналы бас редакторының орынбасары, ақын Саят Қамшыгер қатысып қайтты. Қазақстан, Қырғызстан, Әзер­байжан, Татарстан, Гагаузия, Түр­кия, Косово, Ирак сияқты бірнеше мемлекеттен қатысқан ақындар 4 күн бойы Елазық қаласының аспанында өлең-жырдың құсын қалықтатты. Әр ақын өз туындыларын ана тілдерінде жатқа оқыды. Бұл жыр мерекесі түркі халықтарының туыстығын ұғындыра түсетін, жаны, тілі, рухы жақын ақын­дардың бауырмалдығын арттыратын керемет шара болды. Ресми ашылуда Елазық қала­сының басты көшелерімен поэзия фестиваліне қатысушы ақындар мен ұйымдастырушылар сырнайла­тып, дабылдатып, ерекше салтанатты жағ­дайда, қолдарына ту көтеріп жү­ріп өтті. Бұл салтанатты шеруді та­машалауға Елазық қаласының халқынан бөлек, Түркияның басқа қала­ларынан, шетелдерден өнерсүйер қауым арнайы келген екен. Әр күнде түрлі кездесулер, бас­қосулар, конференциялар, дөңгелек үстелдер, жыр кештері өтіп, мәде­ниеттер арасында алтын көпір орнады. Кәдірбек Құныпияұлы мен Саят Қамшыгер осы шаралардың барлығында Қазақстанды, елдің әдебиеті мен руханиятын паш етіп, жүректерінен ақтарылған жырларын тебірене оқыды. Хазар көлінің жағасында, отыз ғасырлық тарихы бар Харпут қамалында, Палу ауданында өткен басқосулар да қазақ жырының құдіретін таныта түскені рас. Қазақ поэзиясын түбі бір түркі елдеріне танытуда айрықша еңбек етіп келе жатқан Қазақстанның Түркиядағы елшілігі айтулы жыр мерекесіне қазақ ақындарын қатыс­тыру арқылы елдер мен елдерді, халықтар мен ха­лықтарды жақын­дастыратын тағы да бір игі іс жасады. Еліміздің атынан жыр додасына барып қайтқан Кәдірбек Құныпияұлы мен Саят Қамшыгер дипломант атанып, түрлі сыйлықтарға ие болып, мерейлері тасып оралды.  «Егемен-ақпарат»
Соңғы жаңалықтар