Биылғы жылдың тамыз айының соңында Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы, Қарабұлақ ауылындағы Абай орта мектебінде, осы білім ошағын 1976 жылы бітіріп кеткен түлектердің 40 жылдан кейінгі кездесуі өтпек.
Қазіргі күндері жастары елудің бел ортасынан асқан мектеп түлектері өз кездесулерін мәнді өткізіп, арттарында із қалдыру үшін өздері туып-өскен ауыл мен оқыған мектептеріне жасыл желекке көмкерілген бақ тартуды жөн көріпті. Осыған орай, дайындық жұмыстары ерте басталып кетті. Мамыр айында болашақ бақтың орны жоспарланып, ол бұл күндері Алматы қаласында тұрып жатқан түлектер жіберген қоршаулармен қоршалынды. Содан кейін туған ауылдарында еңбек етіп жатқан Фарида Қалиханова, Тоқташ Әбдіхалықов, Әлкен Оспанов, Шайза Сағымбаева, Ғалия Бейсенова, Жанайхан, Марфуға, Ғайни, Ермұхан, Қарлығаш секілді түлектер екі қолдарын сыбанып, алдын ала дайындалған көшеттерден бақ отырғызуға кірісті және оны күтімге алды. Бұл жұмыстар «Қырық жылдық кездесуге – 40 терек» деген ұранмен жүрді.
Қарабұлақтық түлектердің бұл бастамасы ауылдан ауылға жетіп, аудан басшылығының да құлағына тиген екен, басшылық мектеп түлектеріне алғыс хат тапсырып үлгеріпті. Осы жұмыстардың барлығын ұйымдастыруға бұл күндері сол Абай орта мектебінің директоры болып қызмет ететін Фарида Қалихинованың бастамашылдық еткендігін айта кетпе сек болмас.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»