• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
09 Шілде, 2016

Франция бас жүлде үшін таласады

352 рет
көрсетілді

Бұрнағы күні түнде Францияда өтіп жатқан футболдан Еуропа чемпионатының финалдық матчына қатысатын екінші құраманың аты белгілі болды. Мұндай құрметке Германияны 2:0 есебімен жеңіп кеткен Франция командасы ие болды. Сөйтіп, жартылай финалдық екі кездесу бірдей есеппен аяқталды. Француздар сапындағы Антуан Гризманн бұл ойында өз жамағатының екі добының да авторы атанып, біріншілікте соққан голдары санын 6-ға жеткізді. Екінші жартылай финалдық ойын ойналар алдында оның қорытынды нәтижесі жайында алуан түрлі пікірлер айтылды. Соның ішінде бұл жолы алаң иелерінің барын салатынын айтып, матчтың нәтижесіне алаңдаушылық білдірген Германия құрамасының бас жаттықтырушысы Йоахим Лёвтің ойы да болды. Дегенмен, сарапшылардың басым бөлігі немістердің мерейлері үстем шығатынына оншалықты көп күмән келтіре алмап еді. Қазір мамандар финалдық матч сал­мағын арқалаған кездесу ретінде бағалаған бұл ұшырасуға командалар бірдей дерлік ойындар нәтижелерімен келді. Айталық, Германия топта Украинаны (2:0), Солтүстік Ирландияны (1:0) ұтып, Польшамен тең түсіп (0:0), 1/8 финалда Словакияны жеңсе (3:0), 1/4 финалда Италиямен итжығыс түскеннен кейін (1:1) пенальти сериясында 6:5 есебімен алға шығып еді. Францияның үлесіне топтағы Румынияны (2:1), Албанияны (2:0) тізе бүктіріп, Швейцариямен тепе-тең (0:0) түсу, сосын 1/8 финалда Ирландияны (2:1), 1/4 финалда Исландияны (5:2) жеңу тиді. Екі команда күні бүгінге дейін бір-бірлерімен 13 рет ұшырасса, соның 7-інде француз, 4-інде неміс жасақтары ұтып, 2 кездесу бейбіт біткен. Бұл ойындардың 2014 жылғы 4 шілдеде әлем чемпионаты ширек финалындағы шайқасынан басқасы түгел жолдастық кездесулер болып шықты. Сол матчта немістер 1:0 есебімен ұтып шықса, ең соңынан өткен 2015 жылғы 13 қараша күнгі жолдастық кездесуде француздар 2:0 етіп жеңіп кеткен болатын. Енді нақты есепті кездесуге келсек, онда алмандар жағының проблемалары көптеу көрінді. Француздар бапкері Дидье Дешам соның алдында Исландия жамағатын талқандап шыққан құрамға өзгерту енгізе қойған жоқ. Ал үш бірдей негізгі ойыншысы алаңға шыға алмайтын болғандықтан, Йоахим Лёвке біраз бас қатыруға тура келді. Оның ойлана келіп тапқаны мұның алдындағы үш қорғаушымен ойнау жүйесінен бас тартып, қорғаныс шебін төрт ойыншымен жасақтау болды. Осының сыңайында шабуылдың өткір шебіндегі жарақат алып қалған Марио Гоместің орнына Томас Мюллерді жылжытты. Алаң ортасындағы байланыстырушы желінің тізгінін Бастиан Швайнштайгер мен Эмре Джан ұстады. Матч алаң иелерінің қарқынды шабуылымен басталды. Сол сәттерде алаң иелерінің басты «қаруы» – Антуан Гриз­манн гол соғудың мүмкіндігін жіберіп алды. Оның қарсы қақпа маңында Блез Матюидимен бірге жасаған шыр көбелек шеңберін Мануэль Нойбер ғана залалсыздандырып үлгерді. Осымен алғашқы 10 минуттың ішіндегі екпін басылып қалды. Сол кезде барып өздерінің әлем чемпиондары екендері естеріне түскен Германия құрама командасының ойыншылары алға қарай шолғыншылық жорықтарға ден қоя бастады. Осы тұста бәсекелестерімен бетпе-бет келген Джан әлсін-әлсін олардан үстем шығып тұрды. Сол жартылай қорғаушы ақырында Мюллерді қолайлы жерге шығарып берді. Бірақ Томас арқырата атқан добын бар болғаны қақпаның жанынан ғана жібере алды. Көп ұзамай осы «Еуроның» бас­ты алыстан соққышы Димитри Пайе мергендігімен таныла жаздады. Алайда, оның аяғынан зымырай ұшқан доп Нойерді бірден тауып алды. Бұған артынша Швайнштайгер қарсы жауап қайтарды. Оның ұрған добы алдынан Уго Льорис табыла кетті. Ал тайм соңында жанжалға апарып соқтырған, нәтижесінде ойын қорытындысына нақтылай ықпалы болған оқиға орын алды. Бұрыштамадан Патрис Эвраның тастаған добына таласта Швайнштайгер оған қолының ұшы тиіп кеткендей болды. Ойын жалғаса берген. Бірақ арада бірер секунд өткесін итальян арбитрі Никола Риццоли оны тоқтатып, «нүктені» көрсетті. Мұны немістер өте ауыр қабылдады. Месут Озил допты алып, трибунаға қарай атып жіберді. Пенальтиді соғуды өз міндетіне алған Гризманн болса, Нойерді бір жаққа құлатып, допты екінші бұрышқа топ еткізді. Екінші таймның басын да француздар немістерге бере қоймады. Сол шабуыл иінінде Оливье Жиру өзінің алдындағы Гризманнға доп жеткізіп берді. Ал Антуанның ұрған добының жолынан Жером Боатенг табыла қалды. Ойынды өз қолдарына алуға ұмтылған немістер қаншама қателіктерге бой алдыра жүріп, ақырында дегендеріне жетті. Бірақ қақпаға тура қауіп төндірер соққы жоққа тән. Германия құрамасы мұның алдында итальяндармен ойын кезінде бастан кешкен дағдарыстарына тағы да ұрына бастады. Олардың сорына қақпашы алаңында талай қауіптің бетін қайтарып келген Боатенг осы кезде ойламаған жерден жарақат алып қалып, алаңнан кетуге мәжбүр болды. Оны алмастырған Шкодран Мустафи әріптесінің орнын баспақ тұрмақ, қайта командаға сор болып келді. Ойынның 72-минутында соғылған екінші голда тап осы қорғаушының өлшеусіз үлесі бар. Қақпа алаңы ішінде дәл алдында тұрған доптан айырылып қалған оны Поль Погба әдемі алдап өтті де, ортаңғы тұсқа пас жөнелтті. Допқа бәрінен бұрын жеткен Гризманн оны аяғының ұшымен сілтей салып, қақпаның торынан бір-ақ шығарды. 2:0 деген есеп бұл ойында қорғаныс шебін шұрық-тесік етіп алған «неміс машинасына» берілген үкім іспеттес. Германия ойыншылары бұдан кейін де жағдайды түзетпек болып қанша ұмтылғандарымен, одан қисынды қорытынды шығара алмады. Себебі, олардың ойынында қарсыласын тосын әрекетімен алдап түсіретін тың тактикалық шешімдер болған жоқ. 10 шілде күні ойналатын финалда Франция – Португалия кездеседі. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан»