Орал өңірі аумағында алынған кез келген тауар үшін көк тиын төленбейтін тегін дүкендер жүйесі ашыла бастады.
Дүкен иелері адамдарға қайырымдылық пен қамқорлық жасауды өздерінің басты мұраты деп санайды. Сондықтан да олар көп балалы, тұрмысы төмен отбасыларға және зейнеткерлер мен мүгедектерге арналған тегін дүкендер ашуды жөн көріпті. Капиталистік қоғам сипатындағы бүгінгі кезде әркімнің және әр отбасының жай-күйі әртүрлі екені талас туғызбайды. Өйткені, өмірдің жазылмаған заңы солай. Барлық адамзат өкілдерінің материалдық жағдайы мен моралдық бет-бейнелері бірдей болуы еш мүмкін емес. Біреу бай, біреу орташа, біреу кедей болуы о бастан тіршіліктің қағидасы іспеттес.
Облыстағы тегін дүкендер жүйесі тұңғыш рет Зеленов ауданында құрылған. Зеленов ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрайымы Роза Айтуғанованың айтуынша, жаңа бастаманы жоғарыда аталған әлеуметтік топтар жатырқай қоймапты. Мұнда бас сұққан тұтынушы өздеріне қажетті киімдерді тегін ала алады. Ескіре қоймаған, киюге әбден жарамды бұл киімдер дәулетті адамдар арасынан қабылданған. Көпшілік жағдайда олар өздерінен артылған, тіпті, мүлдем киілмеген киімдерді өз еріктерімен әкеліп тапсырады екен.
Тағы бір айта кетерлік мәселе, тегін тауарлар дүкенінде тек киім ғана емес, сонымен бірге ыдыс-аяқтар мен тұрмыстық техникалар және кітаптар мен әшекейлік бұйымдар да бар екеніне көз жеткіздік. Айталық, өзіміз куә болғандай, Зеленов ауылындағы тегін тауарлар дүкенінде зейнеткер мейірімі мол жан Мәдине Қажығалиқызы тауар алуға тілек білдірушілерге қажетті қызмет көрсетуді әдетіне айналдырыпты. Сондай-ақ, аталған ауылдық округтің әкімі Ізғали Дәулетов тегін тауарлар дүкеніне екі бөлме бөлінгенін айтып берді. Мұндайда бәрекелді демегенде не демекпіз?!
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы,
Зеленов ауданы