А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетіндегі археологиялық зертхана қызметкерлері мен тарих факультетінің студенттері соңғы жылдары Әйет өзені жағасынан табылған Халвай ежелгі қорымын қазу жұмыстарымен айналысып жүр. Археологтар мұнда біздің заманымыздан екі мың жыл бұрынғы ежелгі адамдар қонысы болған деп біледі. Ең қызығы, қостанайлық археологтар мұнда ежелгі металлургтер тұрған деп отыр. Соңғы жылдары қазба жұмыстарында Қостанай мемлекеттік университетінің археологиялық экспедициясы ежелгі қоныстардан металл қорытқаннан кейін қалатын қож, пештің тастарын, ошақ-орларды тапқан.
– Осындай олжаларымызға қарап, біз Қостанай өңірінде ежелгі металлургтер металл қорытқан деген қорытындыға келдік. Біздің бұл пікірімізбен кембридждік әріптестеріміз де келісіп отыр. Біз табылған қожыр үлгілерінің химиялық құрамын анықтау үшін оларды Англия ғалымдарына жіберетін боламыз. Англиялық ғалымдарды біздің жерден табылған қожырдың химиялық құрамы қызықтырады. Олар қола алу үшін мысқа күшәла, қалайы, кремний қосқан. «Оларды қайдан алған, қанша қосқан?» деген сауалдардың барлығы да терең талдауды қажет етеді, – дейді А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті археологиялық зертханасының аға ғылыми қызметкері Ирина Шевнина.
Университеттің археологиялық экспедициясы биыл маусым айынан бері Рудный қаласына жақын жердегі Халвай қорымдарына кіретін орындарды қазды. Археологтар одан негізінен керамикалық қалдықтар тапты.
– Мұның сыртында тағы бір күл толтырылған ор-шұңқыр таптық. Бұл да өткен жылдарғы қазбалар негізінде айтылған пікірімізді нақтылай түседі деп ойлаймын, – деді археолог Ирина Шевнина бізбен хабарласқанда. Атақты Архаим тарихи-археологиялық қорығы Қостанай облысынан алыс емес, оңтүстік Оралда, яғни Жітіқара ауданымен шектесетін Челябі облысының Бреды ауданында жатыр. Ресейлік ғалымдар сол жерде қола дәуіріне жататын ежелгі металл қорыту ісі басталған деп санайды.
Ирина Шевнинаның айтуынша, археологтар Халвайдан кейін тағы да қорымдарды іздестіру жұмысына кіріседі.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ